Медицина • 18 Қазан, 2017

Қыз-келіншектер қауіпсіздігін кім қорғайды?

1827 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымының әр жылдағы мәлімдемесіне назар салсақ, қыз балалардың құқықтары жиі бұзылатынын көруге болады. Бұл жерде әлеуметтік мәселе емес, қыздардың адам ретіндегі құқы айтылады.

 

Қыз-келіншектер қауіпсіздігін кім қорғайды?

Дүние жүзі бойынша қыздар­дың білім алуға, жасына лайық қоғам­дық қызметтерді пайда­лануына кедергілер жасалуы былай тұрсын, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері де жыл өткен сайын көбеюде. 1995 жылы қабылданған Бейжің дек­лара­циясында «Әйел құқы – адам құқы» екені жазылғанмен, нәзік жандыларға қысым көрсету барған сайын өршіп барады.

Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген «БҰҰ-әйелдер» ұйы­мы­ның жетекшісі Фумзиле Млам­бо-Нгкука 2014 жылы әлем жұрт­шылығына арнаған жолдауында әйелдердің, кәме­лет жасқа тол­маған қыздар­дың құқықтарын аяққа таптау әрекеттері көбейгенін айтып, дабыл қақты. Әлемдегі әрбір үшінші қыз күн сайын физи­ка­лық күш көрсетуге тап бол­са, миллиондаған қыз бала жы­­ныс­тық операция жасатуға мәж­бүрленген. Сондай-ақ күн сайын 39 мың қыз ерлер тарапынан зорлыққа ұшырайды екен. Егер бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін кемімесе, әлемде 140 миллион қыз кәмелет жасына жетпей әйел санатына енуі мүмкін.

Ал 2002 жылғы Италиядағы Сьерра Леоне соты жыныстық қаты­насқа зорлықпен мәжбүр­леуді адамзатқа қарсы бағыт­тал­ған қылмыс ретінде таныған еді. 2008-2010 жылдардағы БҰҰ Қауіп­­сіз­дік Кеңесінің №1820 қара­рын­да әйелдерге зорлық-зом­бы­лық жасаудың алдын алу бағыт­тары көрсетілген. 1995 жылы Бей­жіңде өткен халық­аралық конфе­рен­ция­да әлем қыздарына қауіп­сіз өмір сүру­ге жағдай жасау тура­лы хат­тама түрінде «уәде» беріл­ген бола­тын. Бұл құжатта әр­бір қыз бала сапалы білім алуға, қоғам­дық іс-шараларға қатысуға, ме­­ди­­циналық қызмет түрлерін пай­­да­лануға, яғни адамға қажет­ті игіліктің бәрін көруге құқы­ғы бар делінген. Өкінішке қарай жоғары деңгейде қабыл­дан­ған сол құжат­та айтылған мәсе­ле­лердің барлығы өз шешімін тапты, орындалды, әйелдер бұ­рынғыдан гөрі қауіпсіз қоғам­да тіршілік ете бастады дей алмаймыз. 

БҰҰ-ның Даму жөніндегі құ­жат­тарында да қыз балалар­дың құқ­ық­тарын қорғау, жалпы әйел затына қатысты қастандық түр­лерінің алдын алу мәселесі аталған. Бірақ статистика аяу­лы жандарды аяу­сыз қорлау дерек­терінің азай­ма­ға­нын көрсетеді. Мысалы, 127 елде отбасында зорлық-зомбы­лық­­қа ұшыраған әйел заң жүзінде қор­­ғал­майды екен. Еуропа ел­дерін­­де зорлау фак­тісінің 14 пайы­зы тек сөгіс жариялаумен аяқ­та­лады. Басқа мемлекеттерде сө­гіс жариялау фактісі 5 пайыздан да аспайды. Ал 57 мемлекеттегі әйел­дердің 10 пайызы жыныстық зор­лықты бастан өткергенін растаған. Олардың ішінде тек 11 пайызы ғана құқық қорғау мекемелеріне шағымданған. Осы әйелдердің 8 п­айызы тонауға ұшыраған. Оның ішінде тек 38 пайызы құ­қық қорғау мекемелеріне арыз берген. Дүние жүзіндегі 20,9 мил­лион ауыр жұмысқа мәжбүр­лі түрде жегілгендердің 55 пайы­зы  әйелдер. Ал жыныстық эксплуа­тацияға ұшыраған әйелдердің саны 4 миллионнан асып кеткен.

Енді мына мәліметке қара­ңыз, 2013 жылы әлемдегі 120 мил­лион қыз бала ерлер тара­пын­ан зорлық-зомбылыққа душар болған, 19 жасқа толмаған 84 миллион қызға физикалық, эмо­цио­налдық қастандық жасал­ған. Бұл жөні­нен Танзания, Гви­нея, Конго демо­кратиялық рес­пуб­ликасы, Уганда, Зимбабве тәріз­ді елдер алдыңғы қатарда тұр. Дамыған елдердің ішінде Швей­царияда 17 жасқа дейінгі қыз­дар­дың 22 пайызы физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Ал әлемдегі тұрмысқа шыққан 15-19 жастағы әйелдер­дің тең жартысы күйеуі өзін ұрғанын дұрыс деп есептесе, Иордания, Ауғанстан, Гвинея, Мали, Тимор-Лешти сияқты ел­дер­дегі ерте тұрмыс құрған қыз­дардың 80 пайызы күйеуінің сабағанын жария еткен. Отыз елге жүргізген зерттеу бойынша, 15-19 жас аралығындағы қыз-келіншектердің 70 пайызы еркектер тарапынан зорлық-зомбылық көргенін жасырады екен.

Дүниедегі қорлық-зорлықтың небір түрін еркектерге қараған­да нәзік жандылар көп көретіні бел­гілі. Мұны Біріккен Ұлт­тар Ұйы­мының 2011-2014 жыл­дар­дағы құжаттары растайды. Соңғы жүз жыл ішінде әйел мәртебесін көтеретін көптеген заңнамалар қабылданды. Бүгінде әйелдер еркектермен тең деңгейде қоғам­дық мәселелерді шешуге белсене араласады, өз құқын қорғауға мүм­­кіндігі жетеді дегенімізбен, ген­дерлік теңдік алаңында өзекті өртер дүниелер аз емес. Мәселен, бүгінде әлемнің 186 елі әйелдерге қатысты кемсітушіліктің бар­л­ық түрін жою жөніндегі конвенция­ны ратификациялады. Бірақ қыз-келіншектің барлығы өзін қо­ғамның белсенді мүшесі ретін­де сезінеді дей алмаймыз.  

Қазіргі кезде 139 мемлекеттің конституциясында әйел мен ер адам теңдігі заңдық түрде бекі­тілген. Дегенмен зерттеу нәти­же­лері көр­­сет­кендей, эконо­мика­сы дамы­май қал­ған елдер­мен қатар озық мемле­кет­терде әйел құқығының аяққа тапталуы жиі орын алады. БҰҰ-ның «Әлем әйелдерінің өркен­деуі» деп ата­ла­­тын құжа­тында бейбіт кезде және соғыс жағдайында қыз­дар мен ана­лар­дың ар-ожда­нын сақтап қалуы­на ар­налған мәсе­лелер түйіні көр­се­тіл­­ген. Баян­­дамада жазылған мә­­се­ле бойын­ша құқықтық жүйе­­ні құ­­р­у­дың он кепілдемесі ұсы­нылған.

2014 жылдан «БҰҰ-әйел­дер» ұйымы «Зорлық-зомбы­лық­қа қарсы дауыс» деп атала­тын бағдар­ламаны жүзеге асыра бастады. Бұл құжаттың мақсаты – қыз бала­лар мен жас ке­лін­шектерге жаса­ла­тын қас­тан­дықтардың алдын алу. Бағ­дар­лама Дүниежүзі­лік қыз­дар ұйы­мы­мен бірлесе отырып он екі мем­лекетте 5-25 жас аралы­ғын­дағы 800 мың жасты қам­ты­мақ. Осы орайда БҰҰ әлем­­нің көптеген елдерінде нәзік жан­дыларға қатысты қылмыс­тарды болдырмау амалдарын жасауда. Бағдарлама аясында «Қыздардың игілігі үшін» деген жоба жасалып, әр елдегі жас қыздарға қатысты зор­лық-зом­былық әрекеттерін тір­кеп, құзыр­лы мекемелерге өт­кізу ісімен де айналысады.  

БҰҰ мамандарының пікіріне назар салсақ, Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда әйелдер­дің басым бөлігі азды-көпті тұр­мыстық зорлық-зомбылықты көр­ген. Отбасында теперіш кө­ріп, қорлық көрсетуден жапа шеккендер көбінесе өздерінің құқықтарын қорғауды қажет деп таппайды. Әйелдерге о бастан көнбістік тән болса керек, әкесі анасын жиі-жиі ұрып-соғатын баланың психологиясы дұрыс қа­лып­таспай, жеке өмірінде кедер­гілерге көп ұшырайтыны белгілі. Қызды – қызғалдақ, әйелді ана деп аялаған қазақ танымы зорлық-зомбылықты насихаттаған Батыс идеологиясы үстемдік құрған бүгінгі қоғам­ның көлеңкесінде қалып бара жатқандай.

Қазақстанда зорлық-зомбы­лық­қа ұшырап, жапа шеккен әйел­дерге көмек көрсететін 30-ға жуық дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бірақ мұндай мекемелер барша әйелдің құқығын қорғауға мүмкіндігі бар ма? Бүлдіршін қыздарды жауыздықпен зорлап өлтіргендер туралы ақпаратты естігенде «бізге Қытайдың қатал заңы керек-ау» дейсің. Өйткені елі­мізде мұндай қылмыс түрін жа­са­ғандарға бар болғаны 8-10 жыл ғана кесіледі екен. Ал 10 жыл өт­кенде темір тордан шық­қан жауыз қыл­мыскер қан­ды­қол әре­кет­тердің одан да зорын жасамай ма?

Құқық қорғау орындарының қыз­меткерлері ата-аналарға өз­дері­нің балаларын, әсіресе кәме­лет жасына толмаған қыздар­ды бақылаусыз қалдырмауды ескертеді. Ата-аналар мектеп­ке кеткен баланың қай жолмен барып қайтатынын, кімдер­мен араласып, сабақтан тыс уақы­тында немен шұғылданатынын біліп отырғаны дұрыс. «Сақ­тан­саң – сақтаймын» дегендей, әркім өз ұрпағы үшін жауапты. 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
журналист