Қазақстан • 18 Қазан, 2017

18 қазан - Рухани келісім күні

8842 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қасиетті кітабымыз Құ­ранда бірлік туралы бір­неше жерде баяндалған. Соң­ғы пайғамбарымыз Мұ­хаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бө­лінбеңдер», деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көп­ші­лікпен бірге болыңдар! Бө­лінуден сақтаныңдар», деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

18 қазан - Рухани келісім күні

Аса қамқор, ерекше мейі­рімді Алланың атымен бас­таймын!

Халқымыздың би-ше­шен­дері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғиб­ратты толғауларында, өлең-жырларында өзара келі­сімді насихаттаған. Майқы бидің: 

«Алтау ала болса, ауыз­дағы кетеді, 
Төртеу түгел болса, тө­бе­дегі келеді», деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге.

Елбасының игі баста­ма­­сы­мен елі­мізде қалып­тас­­қан дінаралық татулық, ұлт­аралық келісім – ширек ға­сырға татитын тәуелсіз елі­міздің жеткен басты жетістік­терінің бірі. 

Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасын­дағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі бе­рекелі күнге бірліктің арқа­сында жеттік. Елдің әлеу­меттік-экомикалық көр­сет­кіші халықтардың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел бас­қар­ған парасатты басшылар қашан да бірлік пен тату­лыққа аса мән берген.

Күнтізбемізге 18 қазанның Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ то­пырағына бей­бітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бас­тама. 

Аллаға шүкір, біз әл­ми­сақ­тан бері мұсылманбыз. VIIІ ғасырда Орталық Азия­ға, оның ішінде қазақ топы­рағына жеткен Ислам сол дәуірден бері халқымыздың жүрер жолы, мемлекетіміздің рухани тірегі болып келеді. 

Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Алла тағаланың өзі­нің соңғы елшісін жіберудегі мақсаты қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107-аятында былайша баяндалады: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік».

Расында, біз кешегі аумалы заманда қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр етіп, азат­тықтың ақ таңын атырған ха­лықпыз. Сондықтан да тәу­елсіздік, бірлік, бейбітшілік, татулық – ұлтымыз үшін ұлы ұғым, қастерлі сөз. 

Ата-бабаларымыздың ас­қақ арманы мен өр рухы­ның, иманға берік мұсыл­ман­дығының арқасында келген тәуелсіздік – Алланың бізге берген сыйы һәм нығметі. Жаратушы Раббымызға сансыз шүкірлер айтамыз, егемендігімізбен бірге дініміз де өркендеп, елімізде еңселі мешіттер мен медреселер бой көтерді, әлеуметтік жағ­дайымыз түзеліп, экономикамыз даму үстінде. Ендеше, халықтың әл-ауқатын бұдан әрі көтеру үшін бізге ең әуелі бірлік ауадай қажет. Өйт­кені бейбітшілік – біздің ба­қытымыз бен баға жетпес байлығымыз.

Қазіргідей алмағайып заманда өр­ке­ниеттер ара­сын­дағы бейбіт келісімді сақтау – өзекті мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, дін­дер арасындағы үнқатысуды дамыту – бүкіл әлемдік жауап­кершілік. Тәуелсіз Қазақ­станның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев діннің қоғам­дағы маңызды рөлін ескеріп, әр үш жыл сайын Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съезін өткізуге ұйытқы болды. «Заман күнде өзгереді, ал дініміз – мәң­гілік», деген қанатты сөзді айт­­қан Елбасы әлемдік дәс­түр­лі дін көшбасшыларын бір үс­тел басына жинап, ор­тақ мақсаттар туралы сали­қалы сөз айтуға мүмкіндік туғызды.

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділ­дік болуын көздейді. Адам­ды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істер­ден өзге осындай ұлы мұрат­тарды да нысана етуіміз керек. Өйткені адам баласы қа­йырлы да ізгі амалдарымен ғана Жаратушыға жақын­дайды. Қасиетті Құранда: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, та­қуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәр­демші болмаңдар...» делінген. («Маида» сүресі, 2-аят).

Алла тағала хал­қы­мыз­дың бірлігі мен берекесін арттырып, тәуелсіздігімізді баян­ды еткей! Тілегіміз қа­был, мұ­ра­тымыз асыл бол­ғай! Әмин!

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни 
басқармасының төрағасы, 
бас мүфти