Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Сөгетіде Сағыныш Есбергеновке ескерткіш орнатылды

1204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жерге» қатысты кемел ойы әр қазақтың санасына сәуле түсіріп, ата-баба жұртына бет бұрғызды. Біздің де атамекенімізде сондай бір игілікті іс атқарылды. Ол осыдан алпыс жылға таяу уақыт бұрын құла дүзден ірге көтерген, дәулеті мен сәулеті тең түскен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының «Сөгеті» елді мекенінде болды. Нақтылай түссек «Сөгеті» совхозының негізін қалап, отыз жыл басшылық жасаған, ауылдың төрт құбыласын түгендеген Сағыныш Есбергеновке еңселі ескерткіш орнатылды. 

Сөгетіде  Сағыныш Есбергеновке ескерткіш орнатылды

Айтулы іс-шараны аудан әкімі Б.Ысқақ ашып, береке бірлігі жарасқан ауыл халқы Президенттің рухани жаңғыру идеясының негізінде атқарған ісіне дән ризашылығын білдірді. 

Мемлекет және қоғам қайраткері К.Аухадиев туған жерді түлетудегі С.Есбергеновтің өнегелі еңбегіне тоқталып, тың жерді түлеткен әкесінің рухын атақонысына қайта оралтып, ауыл жұртын серпілткен текті жанның ұрпақтарына алғысын жеткізді. Ал Алматы облыстық Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы А.Әбдуәлиев облыс көлеміндегі туған жерге деген сүйіспеншіліктен өріс алып жатқан істерді санамалай келіп, соның бірі осы ескерткіш екенін алға тартты. Алдағы уақытта қазақ халқының айтулы ақыны Т.Молдағалиевке де құрмет көрсетілетінін тілге тиек етіп, мұндай жұмыстар жалғаса беретінін еске салды.

Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Елбасының рухани жаңғыру идеясына сай атқарылған мына шара кімге де болса үлгі болатынын атап, ешкімнен еш нәрсе сұрамай өз қаржысымен осыншама жұмысты атқарған Есбергенов әулетіне, заңгер баласы Ұлан Есбергеновке ілтипат танытып, қасіретті Желтоқсан кө­терілісінде әділдіктің туын көтеріп, оның өзіне араша түсіп, бұғаудан құт­қарғанын алға тартып, енді ойлап отырса тектіден текті туатыны­на көзінің жеткенін атап айтты. Сол секілді ардақты азамат туралы К.Өмірғали, Ә.Дәуітқұлов, С.Бай­батыров, Е.Сұлтанғазиев, тағы бас­қалар естеліктер айтып, іргелі ауылдың ажарын кіргізген игілікті жұмысқа алғыстарын жеткізді.

Салтанатты жиынның соңында С.Ес­бер­геновтің жары, әулет анасы Әйкен апай мен ұлы Ұлан бүкіл ауыл халқына, тілектес жұртқа алғыстарын білдіріп, ел жақсысының замандастарына сый-сияпат жасады. Жиналған көпке оннан аса тігілген қазақ үйде ас берілді. Қаумалаған халық осынша игілікті істі іске асырған әулетке шын ниеттерін білдіріп, ендігі жерде ескерткіш үлкен-кішінің қасиетті орнына айналатынын, алдағы уақытта ауыз су мәселесі де шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді деген тілектерін де жеткізіп жатты. Ол да таяу уақытта шешімін табатынын басшылар мен халық қалаулысы атап айтты.

 

 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»