Аймақтар • 19 Қазан, 2017

Сапарбаев «Ақтөбе» футбол командасымен кездесті

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» футбол клубының мүшелерімен кездесті. Кездесу мақсаты ойыншылармен жаңа жаттықтырушы тағайындалғаннан кейінгі команда жұмысының нәтижелерін талқылау болды.

Сапарбаев «Ақтөбе» футбол командасымен кездесті

«Сіздер жақсы нәтижелерді уәде еткен едіңіз, бірақ ойын сайын команданың жағдайы төмендеп барады. «Ақтөбенің» маусымды бұлай нашар аяқтауы бұрын соңды болмаған. Жүлделі орынға үміткер командалармен үш кездесу ғана қалды. Қазіргі таңда футбол клубы Премьер-Лигада қала ала ма деген мәселе тұр. Жанкүйерлердің сіздерді қалай қолдайтыны өздеріңізге аян. Ойын нәтижесі алдымен соларға әсер етеді. Қаржыландырудан қиындық көріп отырған жоқсыздар, ендеше неге қорытынды бұлай? Біздің тарапымыздан барлық қолдау көрсетілді, бірақ толық беріліп жасалған жұмысты көрмей отырмыз,» деп өңір басшысы ренішін жасырмады.

Команданың бас жаттықтырушысы Владимир Муханов турнир кестесіндегі орнындарына әсер еткен бірнеше себептер туралы өз ойын айтты. Олардың ішінде команда құрамының асығыс құрылуы, ойыншылардың жарақат алуы, клуб мүшелерінің күйзеліс жағдайында ойнауға мәжбүр болуы, жеке дара ойыншылардың дербес қателіктері болды.

«Әрине, төрт айдың ішінде жағдайды дұрыстауға болар еді, алайда біз ойыншыларды анықтау барысында асығыстық таныттық. Базалық дайындық болмаған себепті олардың көпшілігі жарақат алып, қатардан шығып қалды. Осы маусымда нашар жұмыс істеген ойыншыларды атамай-ақ қояйын. Ең бастысы, енді бізге айқын мақсат және жан-тәнімізбен беріліп жұмыс жасау қажет», деді В.Муханов.

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев командаға алдағы ойындарда бар күш-жігерін жұмсауға шақырды. Клубтың командада бірігіп, үйлесімді жұмыс істей білуі, темірдей тәртіптің болуы керектігін еске салды.

«Бәрі сіздерге байланысты. Ең бастысы ұтылмау керек! Жеңіске ұмтылыңыз! Сізге сәттілік тілеймін,» деді облыс әкімі.

Ойыншылар өз кезегінде артылған үмітті ақтауға уәде берді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

 «Егемен Қазақстан»

Ақтөбе