Тарих • 19 Қазан, 2017

Алашорданың мөрі туралы білесіз бе?

1170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың басында, яғни 1915-20 жылдары Ресейдегі пат­шалық билік құлатылып, империя тағдыры Уақытша үкімет пен кеңес­тік большевиктердің қолына алма-кезек өтіп, құйқылжып тұр­ған заманда қазақ зиялылары автономды тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруға ұмтылды. Осы мақсатқа жету үшін саяси партия құрды. Оның атын «Алаш» деп атады.  

Алашорданың мөрі туралы білесіз бе?

Қазақ зиялылары осылай саяси пар­тияның негізін қалап алған соң, ұлт­тық үкімет орнату үшін Жалпы қазақ құрыл­тайын өткізу қажет деген шешімге келді. Яғни, 1917 жылдың шілде және желтоқсан айларында екі рет Орынбор қаласында Жалпы қазақ құрылтайын өткізді.

Әсіресе 1917 жылы 5-12 желтоқсанда Орынборда өткен ІІ Жалпықазақтық құрылтайында: «Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын! Ұлт кеңесі құрылып, оның аты «Алашорда» болсын!» деген шешім қабылданды. Ұлт кеңесінің (үкіметтің) орталығы (астанасы) ретінде Семей қаласы таңдап алынады. 

Сөйтіп ел болудың қамына кіріскен алаштықтар облыстық бөлімшелер құрып, кеңселік басқару іс-қағаздары арқылы ресми түрде жұмысын бастап кетеді. Қазір бұл құжаттардың барлығы Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақтаулы тұр. 

Аталмыш мекеменің ғылыми-анықта­малық және құжаттарды пайдалану бөлі­мінің басшысы Лаура Қадырованың айтуына қарағанда, Алашорданың кеңселік іс-қағаздарының қолданылуы 1918 жылдың маусым айынан бастап, 1919 жылдың қазан айы аралығын қамтиды екен.

Осы аралықта жан-жаққа жолданған кеңсе құжаттары Ұлт кеңесінің арнайы бланкісіне жазылып, оны ресмилендіру үшін мөр басылған. Мөрдің жиегін айналдыра орыс тілінде «Всекиргизский Народный Совет Алаш-Орда» деген мәтін жазылса, дөңгелек ішінде қазақ тілінде, араб әліпбиімен «Қазақ қырғыздың уақытша үкіметі Алаш-Орда» деп жазылған екен. 

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар