Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Астанада ана мен бала мәселелері талқыланды

752 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «Ана мен бала денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Іргелі жиынға Мәжіліс депутаты және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева және алыс-жақын шет елдегі жетекші ғылыми орталықтардың өкілдері қатысты.

Астанада ана мен бала мәселелері талқыланды

Іс-шарада кіріспе сөз сөйлеген З.Балиева мұндай жиындар өткізу елдегі денсаулық саласындағы бірқатар күрделі мәселелерді анықтап, олардың шешімін табуға мүмкіндік беретініне тоқталды. Сондай-ақ, депутат ақ халатты абзал жандардың еңбегін жоғары бағалады.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 5,5 миллионға жуық бала бар. Олардың денсаулығына қатысты шешімін таппаған түйткілдер жетерлік. Мәселен, жыл сайын аутизммен ауыратын балалар саны 13 пайызға көбейіп отыр. Біз мұндай келеңсіздіктің алдын алу шараларын қарастыруымыз қажет. Ата-аналарды мазалаған сұрақтарға жауап табу да уақыт күттірмейтін мәселе», деді  Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З.Балиева.

Мәжіліс депутаты денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін атап көрсетті. Оның айтуынша, осындай ғылыми-тәжірибелік конференциялардың арқасында Қазақстанның беделі асқақтатып, дүниенің төрт бұрышынан келген марқасқа дәрігерлердің басын қосатын алаңға айналады. З.Балиева бүгінде еліміздің дәрігерлері шетелден келген әріптестеріне үлгі болатын деңгейге жеткенін де тілге тиек етті.

Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаеваның сөзіне сүйенсек, елімізде ана мен баланың жағдайына жіті көңіл бөлініп келеді.  Л.Ақтаева бұл саланың басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Вице-министр осындай жемісті жұмыстардың нәтижесінде елдегі демографиялық жағдай жақсарып келе жатқанын сөз етті.

«Кейінгі 25 жыл көлемінде бала туу көрсеткіші ұлғайып, қайтыс болу жиілігі азайды. Мәселен, аналардың дүниеден өтуі 6 есеге, сәбилердің шетінеуі 3 есеге төмендеді. Халықтың орташа өмір сүру жасы 72-ге дейін өсті», – деген Л.Ақтаева денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде әңгіме өрбітті.

Вице-министр Санитарлық авиация орталығының жұмысына да назар аударды. Оның сөзіне сай, 2011 жылдан бері орталық қызметкерлері 10 мыңға жуық мәрте әуеге көтеріліп, 13 мыңнан астам науқасқа көмек көрсетті. Соның жартысына жуығы балалар болса, 2359-ы жүкті әйелдер. Осы орайда, Л.Ақтаева акушерлік-гинекологиялық сала қызметкерлерінің еңбегіне ерекше тоқталды. Сөзін қорытындылай келе, вице-министр қатысушыларды Алматы төңірегінде әуе апатынан қаза тапқан дәрігерлерді бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында «Даннины Гаслини педиатриялық институтының» медицина директоры, италиялық Сильвио Дель Буоно, АҚШ-тағы «Қансыз медицина және хирургия орталығының» медицина директоры Ян Си Сэски, «University Medical Center» корпоративтік қорының Басқара төрағасы Алмас Құрманов баяндама жасады.

Пленарлық отырыстан кейін акушерлік, гинекология, педиатрия сынды ең маңызды 50-ден астам тақырыпта секциялық отырыстар өтті. Сондай-ақ, конференцияда диагностикамен емдеудің қазіргі заманғы технологиялары, стационарды алмастыру және ресурс үнемдеу әдістерін енгізу арқылы ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмек түрлерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Конференция жұмысына қатысқан отандық және шетелдік мамандар ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы заманауи жетістіктер туралы баяндамалар жасады. Алыстан ат терлетіп келген білікті мамандар бірқатар шеберлік сабақтарын өткізіп, жаңа инновациялық технологияларды үйретті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»