Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Қазақстан UNDESA электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 27-ші орында

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың ұйымдастыруымен «Қазақстанның мемлекеттік қызметті дамыту саласындағы тәжірибесі: инновациялық ұстанымдар, сынақтар мен шешімдер» деген тақырыпта халықаралық конференция жұмысын бастады.

Қазақстан UNDESA электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 27-ші орында

Еліміздің мемлекеттік қызмет көрсету тәжірибесі, инновациялық жобаларды мемлекеттік басқару секторына енгізу мүмкіндіктері талқыланған конференцияның ашылуында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев, Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов, Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина және Сингапурдағы мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі БҰҰ Даму бағдарламасы жаһандық орталығының  директоры Макс Эверест Филлипс құттықтау сөз сөйледі.

Жиын тақырыбындағы мәселелермен кеңірек таныстырған «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан UNDESA электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 27-ші орында тұр. Бұл – үкіметтің халыққа қызметтерді ұсыну тәртібін жетілдіруге бағытталған белсенді жұмысының нақты көрінісі. «Бүгінде мемлекеттік қызметтер бірнеше тәсіл – электронды үкімет порталы, халыққа қызмет көрсету орталықтары және «mgov» мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі, – деді А.Оспанов. – Қазіргі кезде 723 мемлекеттік қызметтің 548-і «Азаматтарға арналған үкіметтің» 349 фронт-офистері бойынша ұсынылады. Қызмет көрсетудің осындай түрі жыл өткен сайын артып келеді».

Корпорация басшысының атап өтуінше, бүгінде қызметтер толық циклмен көрсетілетіндіктен, азаматтардың сұрататын құжаттарының саны азайған. Сондай-ақ, қызметтердің электронды түрге көшірілуіне байланысты корпорацияға келушілердің қатары азая түскен. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының сапасын көтерген басты ерекшелік – әртүрлі органдардың құжаттарын «бір терезе» қағидаты бойынша дайындар беру. Яғни азамат өзіне қажетті құжаттарды орталықтың кез келген қызметкерінен ала алады.

Корпорация басшысы сөз арасында осы жылдың қарашасында елордада бірыңғай цифрлы халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынынан да хабардар етті. «Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын күшейту мақсатында цифрлы қызмет көрсету орталықтарын ашу көзделіп отыр, – деді осы жөнінде А.Оспанов. – Биылғы жылдың қараша айында Астанадағы Сауран көшесінің бойында Цифрлы халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады».

А.Оспановтың сөзіне қарағанда, электронды цифрлы қолтаңба кейбір қызметтер үшін алынып тасталған. Мысалы, мекен-жай анықтамасын алу үшін талған қолтаңба енді қажет емес. Ал цифрлы ХҚКО-да азаматтарға электронды қызметтерді қалай пайдалануды мамандар үйретеді. Енді олар кейбір электронды анықтамаларды үйде отырып-ақ ала алады.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»