Қазақстан • 19 Қазан, 2017

«Астана» израильдік «Маккабиді» 4:0 есебімен тас-талқан етті

243 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуропа Лигасы топтық кезеңінің үшінші раундында елордалық «Астана» клубы израильдік «Маккабиді» ойсырата жеңді. Африкалық Твумаси мен Кабананга екі голдан соқты. 

«Астана» израильдік «Маккабиді» 4:0 есебімен тас-талқан етті

Жуниор Кабананганың гол соққан сәті. Сурет: Vesti.kz

Алғашқы таймда «Астана» өте ширақы, әрі белсенді ойнап, қарсыласына тоқтаусыз қысым көрсетумен болды. Осы ойын өнері елорда ойыншыларына 33 минутта пенальти әкеліп, оны орындаған Патрик Твумаси ойынның алғашқы голын соқты. Үзіліске дейін сол Твумасидің өзі Шомконың пасынан соң есепті 2:0 жеткізді.

«Астана» екінші таймда да сол мәнерді қайталап, белсенді ойнауды тоқтатпады. Нәтижесінде, 47 минутта Жуниор Кабананга ойынның үшінші голын соқты. Конго құрамасының шабуылшысы 52 минутта дубль жасап, есепті 4:0 қылды.

Ойынның қалған уақытында «Астанада» алаңдағы допты өз бақылауында ұстап, есепті сақтап қала алды.

Бұл - «Астана» үшін Еуропа Лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы жеңіс. Осылайша қазақстандық клуб 4 ұпаймен «А» тобында уақытша болса да бірінші орынға шықты. Ал «Маккабиде» бұрынғыша бір ұпай.