Әдебиет • 20 Қазан, 2017

Шахмардан Есеновтің туғанына 90 жыл

1169 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақта «Әкеге тартып ұл туар», «Көргені жақсы көш бас­­тар» деген парасатты сөздер бар. Шыққан тегінің Қаратаудай рух күші Алатаудай асқақ арман­ға бастаған Шахмардан Жо­ра­бекұлы Есеновтің өмір­ жолында үлгі тұтқаны Қа­ныш Сәтбаев болыпты. Қос алып­тың тағдыры ұқсас өрбігені де содан шығар. Екеуі де геолог, Қазақстан Ғылым академия­сының президенті, Одаққа та­нылған ірі тұлға, әлемдік ауқым­дағы істерге араласқан қоғам қайраткері.

Шахмардан Есеновтің туғанына 90 жыл

Шахмардан 1949 жылы Ал­­­­­­ма­­ты­да кен-металлургия инс­­­ти­­­тутын (осы күнгі Қ. И. Сәт­баев атындағы Қазақ ұлт­­­­тық техникалық-зерттеу уни­­верситеті) жер қойнауы бай­лығын зерттеуші-инженер-гео­лог мамандығы бойынша­ үздік бітірген соң жіберіп отыр­ған аспирантураға қалмай, Жез­қазған өндірісіне жолдама алады. Жас мамандарға академик Қаныш Сәтбаев ақ жол тілейді.

Ұлытау бөктерінде Жез­қаз­­­­ған геология барлау экспе­диция­сында еңбек еткен он бір жылда Шах­мардан мыстан басқа темір, қорғасын, кө­гіл­дір асбест, мырыш, кобальт, күміс, никель си­рек түс­ті металл кендерін та­бады, Жанай, Айдос жерас­ты тұщы суының мол қорын анық­тап, аңқасы кеуіп жатқан өңір­дің шөлін басады. Сөйтіп Қа­ныш ағасы бетін ашып кеткен қа­зына қорын еселей арттырады. Ізденімпаз жас инженер-геолог Үлкен Жезқазған қойнауын ақ­тар­ған сайын өзінің де білім қорын молайтты, тәжірибесі то­лыс­ты, ізденісін ғылыми тұ­жы­рымдарға айналдырды, бас инженер-геолог дәрежесіне жет­ті. Отан байлығын еселей түс­кен жас ғалым инженер-гео­лог Шахмарданның табыс­ты еңбегі еленбей қалмады. Алма­тыға шақырылады. Қаратау бөк­терінен келген талапты перзен­тіне ықылым заманнан қойнына бүккен сырын жомарттықпен ақтарған Ұлытау оны мәртебелі Алатау биігіне көтерді. Бұл 1960 жылдың жазы, Шахмардан Есенов орда бұзар 33 жаста еді.   

Алматыға келгенде шәкірт Шах­мардан ұстазы Қаныш ағасына жолығады. Академия президенті Қаныш Имантайұлы оған: «Шахжан, шен қуып кетпе, ғалымдығыңды қатар алып жүр. Ғылымға ие болатын, тың сөздер айтатын өздерің» деп, тағы да батасын береді. Шахаң осылай республика Геология және жер қойнауын қорғау министрінің бірінші орынбасары, сегіз айдан кейін, 1961 жылы министрдің өзі болып, кең өріске шығады. Қа­ныш ағасының кеңесін ұмыт­пай, Жезқазғандағы өзінің із­де­ніс тәжірибесін қорытып, кан­дидаттық диссертация жазды, «Жезқазған кен орнының құ­рылымдық ерекшеліктері және оны барлау» деген тақырыпта  38 жасында геология-минера­логия ғылымдары докторы­ атағын Мәскеуде табысты қор­ға­ды. Қырыққа жетпей доктор атану ол кезде ғалым үшін­ жас кез саналатын. Ша­хаң Қазақстан түгіл, Кеңес Одағын­да жас министр, ғылым докторы атанды. Оның министр ке­зінде геология саласында жеткен же­тіс­тіктерді тәптіштеп жату ар­тық болар, ол кезеңді геолог замандастары «Қазақстан гео­логиясының алтын ғасыры» деп мақтанышпен айтады. Сол Қа­ныш, Шахмардан, басқа да алдыңғы ағалар ашып кеткен мол қазына қазір де Қазақ елін көтеріп, асырап тұрғанын айт­сақ та жетер.

Ғалымдық пен шалымдық қа­сиеттерін қос қанатындай кө­тер­ген, ойлау ауқымы кең Шах­мардан Жорабекұлы геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик, екі рет – 1961-1965 жыл­дары және 1974-1978 жыл­дары Қазақ КСР геология министрі, екі жыл – 1965-1967 жылдары Қазақстан Үкі­меті Төрағасының өнеркәсіп са­ласы бойынша орынбасары, жеті жыл – 1967-1974 жыл­дары Қазақстан Ғылым ака­демиясының президенті, одақ­тық және республикалық парламенттер депутаты, КСРО Жо­­ғарғы Кеңесінің Білім, ғы­лым және мәдениет жөніндегі ко­митеті төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды, бі­рінен бірі биік асуларға шық­­ты, түрлі халықаралық жиын­дарға Кеңес Одағының делегациясын бастап барды, әлем ғалымдарының Пагуош бей­бітшілік қозғалысына қатыс­ты. Екі рет Кеңес Одағының ең жоғары мәртебелі марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылады, бірақ...

Осы жылдарда Шахмар­дан­ның терең ғалымдығы, ірі­ ұйым­дастырушылығы, ауқым­­ды қоғам қайраткерлігі мей­лінше жарқырай танылған, Қа­зақ елінің материалдық та, рухани да байлығын мейлінше еселеген бірінен бірі өткен ірі жаңалықтар Ш.Есеновтің ті­келей басшылығымен, араласуымен ашылды. Олар – Маң­ғыстау мұнайы, газы, ураны, Орталық Қазақстандағы Ус­пен темір кеніші және Арис­тотельден кейінгі Екінші ұс­таз атанған ұлы ғұлама әл-Фара­бидің туған Отаны Қазақ елімен қайта табысуы және басқалар.

Маңғыстау өңірін тездетіп бар­лап, байлық қорын ғылыми не­гіздегені, Жетібай мен Өзен мұнай-газ орындарын ашқаны және өндірістік пайдалануға бер­гені үшін бес ғалымға, со­лар­дың қатарында Ш. Есе­новке 1966 жылы Кеңес Ода­ғының ең үлкен мерейлі марапатының бірі – Лениндік сыйлық берілді. Ол Сәтбаевтан кейін сегіз жыл­дан соң осындай айтулы сый­лықты алған екінші қазақ ға­лымы еді. Іргелі ғалым, ірі өн­діріс ұйымдастырушысы ре­тінде осылай Кеңес Одағына та­нылған кезінде Шахмардан 39 жаста еді. Маңғыстау мұнайын сол жердің өзінде өңдеу, игі­лікке айналдыру идеясын батыл көтерді. Маңғыстаудың бай­лығы оның бағын ашты. Бі­рақ басқаның көз құртына айналып, ересен ырыс қазақтың қолынан біржолата шығып ке­те де жаздады. КСРО-ның сол кездегі бірінші басшысы Н. Хрущев Маңғыстау мұнай-газ байлығы ашылған кезде осы саланы игеруден тәжі­рибесі мол деп қазыналы өңірді Түр­ікменстанға қосуды ойластырады. Сонда Қазақстан геология ми­нистрі Шахмардан Есенов осы мәселені арнайы қараған КСРО Үкіметінің жабық отырысында Маңғыстауды игеру­ге Қазақстанның өз шамасы жететіндігін қаймықпай дәлел­дейді, Алла сәтін салғанда, КСРО Үкіметі Төрағасының бі­рінші орынбасары Алексей Косыгин (Төраға Хрущевтің өзі), КСРО орта машина жасау (қорғаныс өнеркәсібі саласы) министрі беделі зор Ефим Славский Шахмардан пікірін қуаттайды. Қазақстан қайраткерлерінің осы жолғы бір ауызды табандылығының арқасында киелі Маңғыстау қолымызда қала беріпті.

Бұдан басқа, Орталық Қа­зақ­­станда Успен белдеуінде кең ауқымды әрі терең бар­лау жұмыстарын ұйымдас­ты­ру, ол жерде кен жоқ деген қар­сылықты еңсерген табан­ды­лығы да Шахаңа абырой үс­тіне абырой әкелді. Кенді Ал­тайдан кейінгі аса бай Успен бел­деуінен темір кеніштерін іздеген күрескер ғалымдар тобына, соларға басшылық жасаған Ш.Есеновке 1972 жы­лы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазір Темір­таудағы Қарағанды металлургия комбинаты осы кеніш не­гізінде жұмыс істеуде.

Өндірісте шыңдалған ға­лым­ Ш.Есенов жоспарлы­ экономика жағдайында ғылым жа­ңа­лықтарын өндіріске енгі­зудің баяу жүретінін жақсы біл­ді. Ғылым академиясының пре­зиденті болып сайланғаннан кейін күш салған мәселесінің бірі осыны тездетудің амалын табу болған екен. 1967 жылдан Республика Мемлекеттік жос­пар­лау комитетінің төра­ғасы болған ірі мемлекет қай­рат­кері Камал Кетебаев өз ес­телігінде Мемлекеттік комитет пен Ғылым академиясының қоян-қолтық жұмыс істеуі түп­теп келгенде республикада­ алынатын пайданың молаюы­на, өндіргіш күштердің қар­қынды дамуына ықпал етке­нін айта келіп, Шахаңның іскер­лік, ұйымдастырушылық, көре­гендік, білімдарлық, қайрат­керлік қызметі арқасында Мемлекеттік жоспарлау коми­те­тінің нағыз бас штабқа айнал­ғанын атап өтеді.

Шахаңның әр саладан ға­лым­дар тобын бастап туған жері Сыр өңіріне келетіні де осы тұс. 1972 жылдың мамыры. Бұл кезде облыста ауыл шаруашылығын дамытуға басым көңіл бөлініп, өнеркәсіп саласында республика жалпы өнеркәсіп өнімінің бір пайызына да жетер-жетпес өнім өндірген. Абыройы – күріш. Облыстың келешегі жоқ деген де пікір айтылып қалады екен. Бұл жайт оны ойландырмай қоймаса керек. Бірақ алпысыншы жылдары Аралдың тартылып бара жатқанын айтамын деп, жершілдікпен айыпталғаны аяғын тарта бергізген секілді. Осы ретте 1971 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының съезінде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ірі қайраткер, сол­түстіктің тумасы, Сыр елі оның игі­лікті істерін аңыз етіп әлі күн­ге айтып жүрген, қалт­қы­сыз қызметімен жақсы аты қал­ған Хасан Бектұрғановтың Қызылорда облысы геолог ға­лым­дар назарынан тыс қалып отыр, зерттесе Сыр бойының да қойнауынан алуан мол қазына табылады деп сын айтуы, ойдағы істің сәтін келтірді. Қаратаудан Аралға дейін бұрғы түсті. Геологтардың сан түрін қаптатты Шахаң Сыр еліне. Көмулі жатқан ақ сандық ашылады, ішінен байлық шашылады. Қорғасын, мырыш, уран, алтын, мұнай, газ кендері, мол жерасты су қорлары табыл­ды, олардың бәрі де қазір тәуел­сіз еліміздің игілігіне айналып отыр. Шахмардан туған же­рін­дегі қалың елге өзінің перзенттік парызын осылай орындап кетті.

Ғұлама Әбунасыр әл Фара­би – қазақ халқының тамырын тереңнен тартқан рухани байлығы, көне жәдігеріміз, сон­дықтан төл ақшамыз – теңгемізге әуелгіде ұлтымызды әлемге таныстырар тұлға ретінде бейнесі салынуы заңдылық, еш талас та, таң­даныс та туғызбады. Ал сол қазақтың тұмарына ай­нал­ған ғұламаның ортамызға орал­ғанына елу жылдай ғана уақыт болғанын кейінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін.

«Күллі арабстанда ғалымдық даң­қы жайылған, әлемнің екін­ші ойшылы атанған әл Фараби Оңтүстік Қазақстанда қазіргі Оты­рарда (Фараб қаласында) туып-өскен біздің жерлесіміз, оның Отаны ежелгі қазақ жері, оның иесі біз – қазақ халқы, Қазақ елі» деп, профессор Ақ­жан Машанов 1967 жылы Ғылым академиясының жаңа пре­зиденті Ш. Есеновтің алдына барады. Нақ осы    әл- Фараби мұра­сын зерттеу қажеттігі туралы 1950 жылдары ептеп айтыла бастағанда 1953 жылы Одақ­тық партиялық бас газет «Правда» қазақ ғалымдары көне мұраны зерттеу желеуімен ислам дінін насихаттамақ деген сарында сын жариялайды.  Ака­демия президенті Қ.Сәтбаев пен ғалым  А.Машановтың ба­сы дауға қалады, сол кезде И.Ста­лин қайтыс болып, заман райының өзгеруі ғана оларды бәледен құтқарып жіберген екен. Сонымен бұл тақырып жылы жабылып жатады. Арада он бес жылдай уақыт өткенде сол Ақжан Машанов қайтадан жас президент Шахмарданның ал­дына әл Фарабиді айтып ке­леді.

Шахаң өзіне тән батылдық­пен ұлтымыздың абыройына айналар тың жаңалыққа бұлтақсыз бір­ден қолдау көрсетеді, фарабитану ғылымына жол ашады. Оның еңбектерін кең ауқым­да іздеу, табу, зерттеу, ба­сып шығаруға дайындау үшін ғылыми топ құрылады, Еу­ро­па, араб елдеріне аттанды­рылады. Ұлы ғұламаның біраз мұрасы табылып, елге әкелінді, зерттелді, аударылды, ғылымның сан-саласынан еңбектері елімізде қазақ тілінде және орыс тілінде басылып шықты, ол басылымдарға Ш.Есенов жауапты редактор­ болады. Жүйелі жұмыс, ізде­ніс, үлкен дайындықпен 1973 жы­лы Әбунасыр әл Фарабидің туғанына 1 100 жыл толуы Қазақ­станда кең түрде аталып өтілді, әлемнің әр түкпірінен ғалымдар шақы­рылған үлкен ғылыми жиын ұйымдас­тыры­лып, Фарабидің Отаны Қа­зақ­стан екендігі паш етілді және әлем тарапынан мойындалды. Мәс­­кеу мен Бағдатта Қазақстан ғалым­дарының қатысуымен фарабитануға арналған ха­лық­аралық конференция­лар өткізілді. Ірі ауқымды ұйым­дастырушы Ш. Есеновтің бұл­­ еңбегін А. Машанов өз ес­телік­терінде ризашылықпен ай­тып кеткен. Ұлы ғұлама Әбу­насырдың өмірі мен еңбегі ту­ған жерінде қаншама әдебиет, өнер туындысының арқауына айна­лып жүре берді. Бұл күнде әбден сіңісті болып кеткен Екінші ұстаздың Отанына оралуына Шахаң осылай еңбек сіңірген еді. 

Академик, философ А.Қа­сым­жановтың айтуына қара­ған­да, сол кезде тіпті езу тарт­қыз­ған да жайттар болыпты. Кеңес Одағындағы бар­лық ұлттық мәдениет орыс мәде­­ниетіне жақындасудың арқасында өркендеді дейтін тұжы­рымға үйреніп қалған «аға» елдің базбір оқымыстысы әл Фарабидің шығармашылық қызметіне орыс мәдениетінің оң ықпалын, әсерін айта кету керектігін фарабитанушы қазақ ғалымдарының есіне салған көрінеді.

1973 жылы Алматыда өт­кізіл­ген Әбунасыр әл Фарабидің туғанына 1 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияда ұлы ғұламаның өмірі және мұрасының әлем­дік өркениеттегі мән-маңызы туралы терең талдауға құрыл­ған бас баяндаманы Ғылым акаде­миясының президенті Ш.Есенов өзі жасайды. Одан кейін сөй­леген шетелдік ғұла­малар осын­­дай кең ауқым­ды кон­ферен­цияның ұйымдастырылуы фа­ра­битанудың жаңа кезеңінің бас­тамасы, президент Ш.Есе­новтің баяндамасы фара­битануды жаңа өрістерге шыға­ратын бағдарлама деп жоғары бағалай келе, келбеті келіскен тұл­ға Шахмардан баян­дама­шының өзі де Әбунасыр атасына ұқсаған ірі ойшыл ғалым деп сүйсінген ризашылықтарын қайта-қайта білдіреді. Өкінішке қарай, шетелдік ғұламалардың ғалым президентті соншалықты әспеттеуі біздің елде қалып­тасқан дәстүрге қайшы еді, өйт­кені қай ретте де бүкіл мадақ тек Ком­мунистік партияға және оның Одақтық және респуб­ликалық бірінші басшыларына ғана айтылуы, «бүкіл жетістік аса қым­батты да қадірлі сол кі­сілердің дана әкелік қам­қор­лығының арқасы» деп мәлім­делуі тиіс-ті. Шетелдіктер біз­­дегі бұл дәстүрді қайтсін, өздерінің көргенін, естігенін, содан көңілге түйгенін айтты, кетті. Бірақ іс насырға шапты. Қапы­сын тапты күншілдер. Ш.Есенов бұл бетімен дәріптеліп кете берсе қайда барады деген күдік, көреалмаушылық Кеңес Одағына танылып қал­ған, келешегі бар мемлекеттік қайраткер Ш. Есеновті шет­тетіп, ірі тұлғадан қатардағы ман­сапқорға айналдыруға, даңқы дә­уірлеп тұрған дәрежесін бір­те-бірте кемітуді, реті келсе қатар­дан шығарып тастауды көз­деген арам әрекеттерге жол ашты. Күйкі пендешілік асқақ пара­саттан басым түсіп кетті.

...Сөйтіп елу бір жасында бая­ғы Жезқазған даласын кезген жас маманша күй кешеді. Солай жүргенде өзі оқыған Қазақ политехника институтында кафедра меңгерушісінің бос орнына конкурс жарияланғанын газеттен көріп, конкурсқа түседі. Ака­де­мик Ш. Есенов өтеді. Оның рұқсатсыз Алматыға кел­уі, институтқа орналасуы жоға­ры билік орындарындағы кейбі­реулерді әбігерге түсіреді.

Олар ақыры Ш. Есеновті кафедра меңгерушілігінен түсіріп ба­рып тынады, институтта оқытушы профессор ретінде қал­­дыруға әрең көнеді «Үлкен Үй».

Бұл 1978 жыл. Елде басшы­лық өзгеріп, сыртын берген заман бетін бұрғанша әлі Ш.Есеновтің басқан қадамы аң­­дау­да болатын сегіз жыл бар еді. Бірақ екі жылдан кейін Ш.Есенов тағы да конкурста же­ңіп шығып, бәрібір кафедра мең­герушілігіне қайта сайланады және өмірінің соңына дейін сол қызметте жүрді.

Ш.Есенов 13 монография,­ 200-ден астам ғылыми мақала жазып, жариялаған. Респуб­ликаның геология ғылымы мен геология өндірісін дамы­туға сүбелі үлес қосты, қан­шама шәкірт тәрбиеледі, қамқор­лығын жасады. Сол еңбегі елі­нің есінде екен, 1990 жылы жақ­сылық болып алдынан шықты.  

1990 жылы халықтың ер­кіне салған тұңғыш балама сай­лауда ғылыми ортадан 8 үміткердің ішінен ғалымдар қала­ған бесеудің бірі Шахаң еді, олар ғалымдар қауымы атынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Таңдаулылар сапында академиктер Айтмұхамед Аб­дулин, Салық Зиманов сияқ­ты марқасқалар бар еді. Еліміздің тәуелсіздігін жария­лаған қалаулылар ортасында Шахмардан Жорабекұлы Есе­нов те тұрды. Бұл оның соңғы шыққан биігі болды. Сұңғыла ғалымдық сұрқия залымдықты осылай жеңді-ау.

Бірақ қанша жігерлі бол­ғаны­мен, елемеймін дегенмен, кейінгі он бес жылдай көр­ген көрінеу қиянат жүйкесіне тиген, жанына батқан екен. 1994 жылы 24 тамызда 68 жасында дүниеден ерте өтті, Алма­тыда Кеңсай зиратына зор құр­мет рәсіммен жерленді. Көр­нек­ті мемлекет және қо­ғам қайраткері Шахмардан Есенов­тің өмірден өткені туралы қазанамаға Елбасы, Парламент, Үкімет басшылары, ғалымдар, қайраткерлер қол қойды. Шахаңның қазасына Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Белоруссия, Түрік­менстан ғылым ордаларының басшылары, ірі ғалымдар көңіл айтты.

Ұрпағымен қатар, оның жақ­сы аты, халқының құрметіне бөлен­ген екінші өмірі жалғасып кетті. Шахаң атындағы мектеп, көше, ескерткіш, мешіт Шие­ліде, Қызылордада ғана емес, республиканың бас­қа да өңірлерінде,   Ш. Есе­нов еңбек сіңірген жерлерде­ бар. Солар­дың бірі – Ақтаудағы Каспий техникалық университеті.

Шахаңның өмір жолы мына бір аңызды еске түсіреді. Жеті қат жер астында қазына сарайда көк сандық үстінде киелі Шамшырақ жанып тұрады екен. Сол Шамшыраққа қолы жеткен адамның арманы орындалып, мерейі үстем болады. Оған жету оңай емес. Барар жолда жеті қақпа, әр қақпаның аузында қылышы дайын, түсі суық сыншы-қарауыл тұрады. Соның сынынан аман өтсең ғана келесі қақпаға жетесің. Бірінші қақпаның аты – Атақ, екінші қақпа – Дәулет, үшіншісі – Көрсеқызарлық, төртіншісі – Күншілдік, бесіншісі – Немқұрайдылық, алтыншысы – Менмендік, жетіншісі – Мейірімсіздік. Осы сын-қақ­палардан аман өтсең алтын сарайдың құлыптаулы есігі ашы­лып сала береді. Шахаң осы сындардың бәрінен сүрінбей өткен қайран да ерен Ер, атына заты сай Батыр азамат. Жеті қат жер астындағы кенсандықты, қазына сарайды халқына ашып берді, оның үстінде тұрған Шамшыраққа қолы жетіп еді, төңірегін нұрландырып, өзі де Шамшыраққа айналып жүре берді.  

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер, 
Қазақстанның мәдениет қайраткері