Әдебиет • 20 Қазан, 2017

Бәтидің бағы

740 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ықтасында жатқан ел еді. Десе де, біздің ауылда жел тұрмаса да шөптің басы қимылдайды. Бұ жолы шынымен дауыл көтерілді. Шөп-шөңге емес, қарағай басын шайқады. Шайқамай қайтсін, Алматыдан асығыс жеткен хабар облыс басшыларын қос қолтығынан көтерген. Ол суыт жаңалық алатаңмен аудан асқан.

Бәтидің бағы

Ауданның аздаған атқамінері алас ұрды да қалды. Қалай алас ұрмасын, Колбиннің өзі КСРО Жоғарғы Кеңесіне жүгірген иттің демі үзілердей алыста жатқан Қызылқамыс ауданынан өтемін десе. Қуанған мен қорыққан бірдей, әйтеуір аты жақсылық қой, деп естіген ел бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты.

Өң-түстен айырылған жергілік­ті басшылық қайта-қайта бас қо­сып, мәжіліс өткізген. Облыстан кел­ген хабарды бақса, республика басшысы мал өсіретін аудан экономикасымен танысады. Клубта дүйім халықпен кездесіп, емін-еркін сырласады. Демек, болашақ депутаттың кандитурасын қолдап сөйлейтіндерді дайындау ләзім. Өңшең қазақты сайратып қоймай, бір орыс ұлтының өкілін табыңдар. Жүрегі жарылардай боп қуанып әңгіме айтсын. Соңында ауылдың бір ақсақалы алақанын кең жайып ба­та беруі тиіс. Сосын қонақ бір озат шопанның дастарқанынан дәм татып аттанып кетеді...

Жарты күннің жүгі-жылдық тау­қы­метке татып тұр. Райком хат­шы­сы Есен Наушаевич бюро мүше­лерін түн ортасында қайта жи­наған. Төрт көздері түгенделген соң да сөз бастамай біраз отырып қал­ды.

Ертең екі-үш тікұшақ Гурьев бет­тен қаңғалақ қағып кеп қонар. Өң­шең жақсы мен жайсаң сау етіп түсе қалғанда аяқ астына не төсе­лер? Май топы­раққа тобықтан ба­тып тұрса... Клуб­тың есігіне де­йін тақтай жол сал­дыра ма, әлде ұзын қызыл кілемше жайды­ра ма? Мә­­дениет сарайының құрылысы жуық­та бітер емес. Қырық жылдан бері кино көрсетіп келе жатқан клубтың қайбір оңып тұрған жері бар? Орындық біткен шалқалап құлап жатыр. Ішіп алса бітті, осы ауыл жастарының қолында ылғи тас жүреді. Түнімен шыңғырып, бір-бірін қуалап жатқаны. Бүтін терезе қала ма? Үкіметтің дүниесі-ау, дейтін біреу болса ше? Бәрін жаңартып, жұмыртқадай ғып қояр еді. Оған қаралған ақша жоқ.

Оның да бір жөнін табар-ау,­ осы күні дүйім халық дегені бір пәле. Қойны-қонышы толған сауал. Кәрі қыздай қадалып тұ­рып ала­тындарын айтсаңшы! Сүй­кей­салды жауабыңды жұқана көр­мес. «Бересің бе, жоқ па?» «Аласың ба, әлде?..» Ал, бәлем!

Қуалап кеткен ойын үзіп Есен Нау­шаевич бюро мүшелеріне көз сал­ған. Он шақты еркек мұның жү­зіне жәудіреп қарайды кеп.

– Күндізгі тапсырма не болды, рет-­ретімен баяндаңдар, – деген ақыры бұл.

– Ауданымыздағы ұлы орыс ұлтының жалғыз өкілі Нюра жең­ге­мізбен кездестім, – деп мәде­ниет­ бөлімінің бастығы ентіге сөз­­ бас­тады. – Өмірбаянымен таныс­тым. Өте бай екен. Геннадий Василье­вичке жерлес боп шықты.

– Иә, айта бер.

– Соғыс біткен соң алдымен­ Ка­­линград облысына күйеу­ге шы­­ғыпты. Одан ажырасып­ Саха­лин­ге... Ол байы өліп Украи­наға кеткен.

– Онда не істепті?

– Бір жігітпен тағы бас қосып­ты. Ол ішіп кетіп, іссапарға барған біздің ағамыздың етегінен ұстапты.

– Ит-ау, бай өмірбаян дегенің осы ма?

– Енді қайтейін. Біл деген соң.

– Әңгімесі қалай жатық па?

– Сөйлесетін кісі жоқ. Орысша­ға шорқақ. Өз тілінде балағатқа ғана жүйрік. Бәрімізге орысша боқ­тау­ды үйреткен сол жеңгеміз ғой.

– Тоқтат! Құрып кетсін! Клубқа жолатпаңдар. Пәлесі жұғар.

– Бір қаладанбыз. Барамын, қо­­лын аламын деп тәуір көйлегін киіп, үстіне әтір сеуіп әзір отыр. Ен­­ді қайттік?

– Таңнан қалдырмай облыс орта­­лы­ғын­дағы санаторийге жолдама бе­ріңдер де машинаға салып жіберіңдер.

– Ол путёвканы әлгі қырсық Ал­саевқа бер дегеніңіз қайда? Бі­рақ ол Есентуки болмаса бармаймын, Колбиннің өзіне айтар құпия сы­рым бар деп келіп кеткен.

– Өзін ішеді деп есіттім ғой?

– Анда-санда.

Ішкі істер бөлімінің бастығы тәр­тіп берілмесе де түсіндім деген­дей бас изеп жатты.

– Әй, сен де сақ бол. Баяғы мас­қараң есіңде ме? – деп ашуға піс­кен Есен Наушаевич қарнын құшақ­тап отырған кеңшар директорын көзбен жеп жібере жазады.

Өйтетін де жөні бар. Бірде жаңа­дан тағайындалған облыс басшысы ауданға келіп, шаруашылықтарды аралаған. Кешқұрым осының үйі­нен қонақасы берілген. Ас пен шәй ортасында қадірлі мейман: – Осы сен­дерде жөнді карта бар ма? – десін. Бұл ортаға екі-үш су жаңа ойын картасын тастап:

– Қайсысын ойнайтын едіңіз? Пре­феранс десеңіз қағаз, қалам әкелейін, – деп емпең қағады.

– Мен кеңшар территориясы сызылған картаны сұрадым, – деп жаңа басшы булығып қалды.

– Ондай картаны бір шебер суретші шақырып, келесі жылы сыздырайын деп отырмыз, – дейді бұл шімірікпестен. Әй, бет жоқ қой, бет!

– Ал батаға қай шалды шығара­мыз?

– Партиялық ұйымдастыру бө­­лі­мі­нің меңгерушісі орнынан опыр-­топыр көтерілген.

– Қаби шал бата беруге дайын. Бі­рақ сақалы жоқ, тіпті мұрттан да ада. Жақында көктұқыл ғып қырып тастапты. Жас жігіт сияқты. Тоқал алатын ойы бар деп есіттім.

– Тағы кім бар?

– Жақсыбай қарияның тісі жоқ. Былдырлап қалыпты. Сөзін кемпірінен басқа кісі түсінбейді. Дәуітке барып ем, құдалары шақы­рып Ақтөбеге кетіпті. Бір аптасыз келмейді десті.

– Қаңғымаса бұлардың іші ауы­ра­ ма осы? Айта бер.

– Сырлыбайға бата бер десем, оні­кі де келіспеді. Бір ғана бата жат­тапты. Оның өзі сүндеттелген ба­лаға қатысты бата.

– Сайын шал қайда?

– Оның бір көзі жоқ. Соқыр шалға қайтіп бата бергіземіз?

– Қара көзілдірік кигізейік, – дейді әлгі кеңшар директоры қар­нын құшақтаған қалпы.

– Көрші ауданнан алдырыңдар. Жал­дасаңдар да табыңдар! Бүгін түннен қалмасын.

– Келістік. Бірақ ол Колбин жол­дас­қа батаны орыс тілінде бере ме,­ әлде қазақша?..

– Араластырып айтсын. Ара­сын­да «Қос тіл – қос қанатың» – де­ген­ді де қосып, құшағын кеңге жайып қойсын.

– Құп!

– Ал қай шопанның үйінен қо­нақасы береміз? – деген сұрақ оңай шешімін тапты. Бәрі бір ауыздан Ленин орденді Жәсеннің үйін да­йындау керек десті. Таң қылаң бере жаңа жиһаз, кілем, көрпе-жастық жеткізіледі. Ас-су қамдалады.

– Әйелі қандай еді? Түр-әлпеті, мінезін айтамын. Шәй құюы, та­мақ қам­дауы, – деген райком хат­шы­­сының сауа­лына отырғандар күміл­жіңкіреп қалған.

Жәсен өзі ұзын бойлы, қыр мұрын, қияқ мұрт, келісті азамат.­ Ал әйелі Бәти болса... Таңқы та­нау, алакөз, мінезі де алым-берім­деу.

– Құрсын, нағыз көкдолының өзі. Ашуы бетіне кілкіп шығып тұра­ды. Бір көзі далаға қарайды, қыли. Шіли шынаяқты шатыстырады да отырады.

– Жәй отырмайды, жан-жағына түкі­ріп бітеді. Үлкен кісі ұшынып кетуі мүмкін.

Бюро мүшелерінің мына сөзі райком хатшысын шынында да ойландырып тастады.

– Шәйді Әлимаға құйдырып, ас­ты да соған жасатсақ қайтеді?

Әлима аудан орталығындағы орта мек­тептің мұғалімі. Орыс тілі­нен са­бақ береді. Жасы қырыққа келіп қал­ған кәрі қыз. Отырыстың гүлі. Әдемі­ше келген құмырсқа бел, төңкерілген қозы құйрық. Ән­ші­лігі және бар.

– Дәл таптыңыз, – деп отырған­дар бірден жадырап сала берді. – Сіз болмасаңыз...

– Бәти жеңгемізді де алдап-сулап облыс асырып жіберейік пе?

– Осы сенің алдауың да, сула­уың да бітпейді. Үстіңнен қыр­ғын арыз түссе де қоймайсың... Тиіс­пеңдер, – деп Есен Наушаевич мәде­ниет бөлімінің бастығын тапап тастардай болды. – Қазан-ошақ ба­сында жүрсін.

– Жәсеннің жұбайы кім десе, қай­сысын көрсетеміз? Әлиманы ма, Бәтиді ме? Қинайтыны осы ғой.

– Әй, сендер де. Екі-үш сағатта бі­тіп кететін қонақасы емес пе? Көсі­ліп салып отырар деймісің. Ат­танып кетер. Ол жағын өзіме қал­дырыңдар.

Мәжіліске қатысқандар таң ата та­расты.

Ертеңіне түс ауа Гурьев тұстан ас­пан­ды гүрілге толтырып, екі-үш тік­ұшақ Қызылқамыс ауданына кеп қонған.

Түске таман салынып біткен тақ­тай жолмен тағалы аттай тық-тық басқан өңшең басшы клубқа бет алған. Пионерлер қызыл галс­­­­тугі желбіреп қақ жарылып кү­лімдеп тұрды. Аудан­ның «Ақ Жай­нақ» ансамблінің әнші қыз­да­ры әр қонаққа иіліп гүл ұсынған. Ген­надий Васильевич ерекше риза көңілде оң қолын көтеріп, есік көзінде ақтарылып тұрған кә­рі-жасқа қошемет білдірген. Сәл тоқтап, айналасына назар тіктеп, қасын қара құстың қанатындай қағып-қағып жіберді де ішке енді.

Сыр мен әктің исі қолқаны қап­қанмен клуб жаңарып қалған. Те­резе қырық жамаулы шыныдан құтылыпты. Шалқалап жатқан орындықтар сүре шегенің күшімен еңсе көтеріпті.

Жиын жарасым тауып жүре берді. Мінбеге мінген Колбин өзі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болсын, тіпті сайланбаса да ауданның барлық жолына асфальт төсе­тетінін, таза ауыз суды жетелеп әкелдіретінін, әр үй отынға ен­дігі жерде газ пайдаланатынын тізбелеп өткен.

– Апыр-ай, жолсыз ит қорлық көріп отырғанымызды сезген-ау.

– Құдықтың кермек суын ішіп, ішіміз іріп кеткенін қайдан білді десеңші.

– Білмей енді. Көңірсітіп қи мен тезек жағып отырғанымызды да сезген ғой. Әй, сабазың, тусаң ту! Әкең жасамаған жақсылықты жасайын деп тұр ғой.

– Депутат жасайық!

– Ал, қолдайық!

– Құтқарушының өзі келген екен.

Жоғары өрлеу үстінде жиын аяқтала берген. Көрші ауданнан жеткізілген қария ақсақалы өңірін жауып, батаны бастап кетті.

Қазақша-орысша берілген ба­та­ның өзі жарты баяндамадан кем соққан жоқ. Бет сипауға әзір тұр­ған жұрт жайылған алақанына қарай-қарай жалыға бастағанда: – Біз­дің аудан­нан жүз пайыз дауыс алып, депутат атанасыз. Сізді сыйлайтынымыз сондай, кәрі-жасымыз бірдей Көлбақа деп атаймыз. Бұл Колбин ақа дегеніміз, – деп демі жетпей тұншығып барып аяқтады.

Геннадий Васильевич мына іл­ти­патқа тәнті боп, көз жиегі қызар­ды. Айғыр үйір топтың ортасында сыртқа беттеген...

Жәсен төріне озған сәтте де Кол­­бин осы риза кейіптен айыға алма­ған. Қарапайым қазақ ішінде сүйкі­мі мол екен-ау. Ауыздарын ашса асқа­зандары көрініп тұрған жоқ па? Ке­шегі желтоқсан шата­ғынан кейін алаң көңілде жүретін. Бүгін бір көркем са­быр тапқандай. Елге сенім арту керек екен деп бекі­ген іштей. Бұлардың жоға­ры жақта жүргендеріне емес. Олар­дың ойнамалысы, ойыншысы көп...

– Жәсен ең озат шопанымыз. Жүз саулықтан жүз отыз екі қозы алды. Келесі жылғы жоспары одан да көп, – деп дастарқан үстінде райком хатшысы сөз бастаған, – жұ­байы жанында отырған Әлима ханым.

– Міне, нағыз еңбек ерлері, – деп­ Колбин де ілтипаттан кенде­ қыл­мады. – Тура қаладағыдай тұр­мыс. Бәрі бар, бақуатты. Қазақ жас­тары сіздерден тәлім алып, мал бақсын. Қалада көше кезгеннен не табады. Абырой да, атақ та ауылда.

– Өте дұрыс айтасыз.

– Атакәсіптен артығы бар ма?

– Қаладағы өкпе жейді, ауыл­дағы құйрық асайды. Міне, табыл­ған ақыл, – деп қошеметшіл топ иық қомдасып оңбай жатты.

– Әлима ханым қандай көрікті. Өте жарастықты семья.

– Геннадий Васильевич Әлима қалада туып өссе де, ауылдың дәу­ле­тін көтеремін деп келгеннің бірі. Өзіңіз айтқандай жастарға нағыз үлгі.

– Қой бағу, төлдетуге сіңірген еңбегі қожайыннан кем болмас. Биыл Әлима ханымды Еңбек Қызыл Ту орденіне ұсыныңдар. Өзім қолдаймын. Бұл жер не деп аталады? Ертең Алма­тыға барған соң...

Орденді естігенде құлақтары қай­шы­ланып, төбе құйқалары жыбырлап кеткен топ тым-тырыс қалған. Мойын­­дарын ішке тартып, бір-біріне қарасты.

– Әзірге аты жоқ. Егер сіз қар­сы болмасаңыз, осы жерді «Кол­бин учас­ток» деп атайық, – деп шәй­ құйып отырған Әлима тап-таза орыс тілінде тәттілеп қойып қал­сын. Құмырсқа белін көтеріп, қозы құйрығын бір қозғап салды.

– Өте дұрыс!

– Аузыңнан айналайын!

– Ертең-ақ картаға саламыз.

– «Колбин участок» жасасын!

– Ат таба алмай қиналып жүр едік. Қатып кетті!

Колбин лекіте күліп, бас шайқа­ға­­нымен қасы тағы да қарақұстың қана­тындай қағылып, көз жиегі қызарған.

– Ал Әлима осының құрметіне бір ән сал. «Ақ Жайнақты» әуелет!

– Жәсен екеуің мінгесіп айтың­дар, – дейді есік көзінде қарнын құ­шақ­тап отырған кеңшар директоры.

– Бірлесіп де!

Есен Наушаевич әлгінің санынан оңдырмай шымшыған. – Құйысқанға қыстырылып... Ал, баста!

...Мен келгенде Ақ Жайнақ

Шәйі орамал бел байлап,

Жүрсің бе әлде той тойлап, той тойлап...

Жәсен мен Әлиманың даусы­ өрісте жаңа табысқан саулық пен қозының үніндей боп өріліп шық­қан. Кешкі самал әнді алысқа сіңі­ріп жатты.

– Жеңеше-ау, айдың-күннің ама­нында ағамызды қолды ғып алдың ба? – дейді бір қайнысы көлең­кеде отырған Бәтиге кеп.­ – Колбиннің өзі бақытты болың­дар, деп бет сипап жіберіпті. Бай­­­ғазысына орден беретін көрі­неді. Республиканың білдей бас­шы­сының әр сөзі хатталып қағазға тү­седі. Болмайды енді. Ағамыз Ақ Жай­нағын тапты.

Сықылық атқан неме онсызда әрең отырғанда... Өре түрегеліп төргі бөлмеге ұмтылған.

Есік көзінде тұрған сыптығыр­дай екі жігіт жолын бөгеді.

– Кімсіз?

– Осы үйдің қатынымын.

– Протокол бойынша жұбайы үй иесінің жанында отыр.

– Есіміңіз?

– Бәти.

– Ендеше сіз қазан-ошақтың қа­сын­да жүруіңіз керек, – десін бірі қо­лындағы қағазын әрлі-берлі ақтарып. – Мұнда сізді Жә­сен ағамыздың қайынапасы деп көр­сеткен. Ал аса құрметті қонақ отыр­ған жерге ағайын­дарға кіруге тыйым салынған. Дауыс көтермеңіз. Әйтпесе...

– Мә, саған безгелдек!

Қолынан жетектегендей ғып аула­ға шығарып жіберген.

Қысы-жазы азапты бұл арқа­лайды да орденді Әлима алады. Шәйді да сол құйып, бар құрметке бөле­неді. Тіпті мұны өз есігінен сығалатар емес. Жүзқара байы­мен иық түйістіріп отыр­ған шығар, қозы құйрығын тақап. Үлкен кісінің батасын малданып, Жә­сенге басып тиіп алар. Бұл сонда осы екеуінің отын жағып, күлін кө­сеп жүре ме? Қайынапа атанып! Көр­се­тейін ендеше! Атаукерелеріңді ішкізейін!

Аула ішінде қараң-құраң кісі көрін­беді. Борбайлап кеп ошақта лаулап жанып жатқан отқа жүгініп оты­ра қалған. Резеңке бауы босап кет­кен дамбалын сыпырып жібергені сол еді... Шар еткізіп... Долылық қыс­қан­да шыдата ма, алысқа шапшыды. Себе­леген зәр таусылып бітсе екен-ау. Те­зек шоғы аз-кем күл көтерді де, сөне бер­ді...

– Қонақтар жүргелі жатыр. Тез ас түсіріңдер, – деген хабарда ке­шікпей жеткен. Анадай жерде тұрған екі-үш тікұшақтың қанаты желдиірмендей айнала бастапты.

– Ет әкеліңдер! Бірер сағаттан соң Геннадий Васильевич Алматы­ға ұшады.

– Ойбай, ошақта от жоқ. Ет әлі піспепті. Тастай. Қамыр салынба­ған. Енді қайттік?

– От қайда?

– Біреу су құйып кеткен сияқты. Шылқып жатыр.

– Суы несі?

– Мана Бәти жүгініп кеп... Көзім шалған. Әй, отырысы жаман еді.

– Не дейді?

– Құрыдық! Тап-таза масқара!

Геннадий Васильевич ет жемей аттанған.

Ақыры Колбинге жер аты бұ­йыр­мады. Құрдастары әзілдеп айтса да, бара-бара құлаққа сіңісті боп, сол участок «Бәти сиген» ата­нып кеткен. Қайда барасың, қай­дан келесің десе... Әне! Кейде қы­зыға қарайсың. Жарықтық сол ше­шеміздің бағын айтсаңшы! Әйт­песе кім қай жерге шаптырмай жатыр...

 Рахымжан ОТАРБАЕВ