Қазақстан • 20 Қазан, 2017

Оралда Алаш тарихына арналған халықаралық конференция өтті

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында Алаш қозғалысы және Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына арналған «Алаштан Тəуелсіздікке жəне Қазақстанның ұлттық бірігуіне» атты халықаралық конференция өтті. 

Оралда Алаш тарихына арналған халықаралық конференция өтті

Конференцияны ұйымдастырушы батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры ғылым докторы Мұрат Сыдықовтың айтуынша, түрлі ел ғалымдарынан 49 баяндама келіп түскен. Конференция қонақтары арасында Жапония, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан келген ғалымдар бар.

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ғылыми басқосуға қатысу үшін алыстан арнайы келген меймандарға, соның ішінде Жапонияның Хоккайдо университетінің профессоры Уяма Тамахикоға, Мәскеуден келген алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы Дина Аманжоловаға, Еуразия ұлттық университетінен алаштанушы Сұлтанхан Аққұлына алғыс айтты.

«Алаш» қозғалысының көшбасшылары құқық қорғаушы, саяси және қоғам қайраткерлері болумен қатар, ірі ағартушылар, публицистер, газет және журнал басып шығарушылар, ойшылдар, ақындар, педагогтар, ғылыми зерттеу жұмыстарының, кітаптар мен оқулықтардың авторлары болды. Алашордалықтар және оларға рухы жағынан жақын қазақ қайраткерлері өздерінің ұлттық деңгейінде ғана  шектеліп қалмай, керісінше – олардың бәрі терең білімді және жан-жақты дарынды, ашық, толерантты тұлғалар болды. Алашордалықтардың негізгі идеясы – халық бірлігі, бұл ұран осы уақытқа дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Өткен ғасырдағы қазақ интеллигенциясы мен қазіргі тәуілсіздік кезеңіндегі идея арасында сабақтастық байланысын көре аламыз. Мемлекеттің сыртқы және ішкі қоғамдық өміріндегі барлық салаларды қамтитын ұлттық стратегиялық ұмтылыстар тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен реформаларында, тың идеяларында іске асуда.

- Біздің облыстан жалпыұлттық Қасиетті орындар тізіміне алдымен ортағасырлық «Жайық» қалашығы мен «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені кірсе, қазір олардың саны алтауға дейін жетті. Яғни, қосымша Тақсай қорған кешені, (б.з.д VI-V ғ.) Жұмағазы хазірет (ХІХ ғ), Ғұмар Қараш зираты және Жымпитыдағы Алашорда музейі. Алашорда музейінің қасиетті орындар қатарына қосылуы бәрімізді қуантты. Себебі Күнбатыс алашордашылар деп аталғанымен, Алаштың ортақ идеясын жүзеге асыру жолында құрбан болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан берілген лайықты баға, - деді өз сөзінде Алтай Көлгінұлы.

Жапониядағы Хоккайдо университетінің славян-евразиялық зерттеу орталығының профессоры, доктор Уяма Тамахико Орал қаласына үшінші мәрте келіп отырғанын айтады. Жапон ғалымы 1917 жылғы төңкерістер қарсаңындағы Ресейдің қоғамдық-саяси ахуалы туралы, осы кезеңде Алаш автономиясын құру идеясының қалыптасуы туралы баяндама жасады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Дина Аманжолова Алаш қозғалысы мен Сібір облыстарының қарым-қатынасы туралы зерттеуін ортаға салды. Ал белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың немересі, мәскеулік Владимир Рысқұлов Алашорда Күнбатыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедұлының өмір жолы мен қазақ интеллигенциясының сталиндік репрессия жылдары қалай қуғын-сүргінге ұшырағанын айтып берді. Тұрар Рысқұлов пен Жаһанша Досмұхамедұлының бажа болғандығы, қуғындағы Жаһаншаға Мәскеуде Тұрардың қамқорлығы туралы естеліктер өте әсерлі болды.

Оралдағы жиында сөз алған Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қахромон Раджабов Түркістан мұхтарияты мен Алаш қозғалысы қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметін байланыстыра зерттеген екен. 

Конференцияның бірінші күні соңында ғалымдар арнайы қарар қабылдады. Ғылыми жиынның екінші бөлігі ертең Ресей Федерациясының Орынбор қаласында, Н.Крупская атындағы облыстық кітапхананың залында жалғаспақ. Конференция қонақтары Орынбор қаласындағы Алаш тарихына қатысты тарихи ғимараттарды аралап, қазақ диаспорасымен кездеседі деп жоспарланған.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ

Суретті түсірген

Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ