Әлем • 23 Қазан, 2017

Италияның екі облысында автономия үшін сайлау өтті

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Италияның Венето және Ломбардия облыстарының тұрғындары орталық биліктен автономия үшін дауыс берді.

Италияның екі облысында автономия үшін сайлау өтті

La Stampa газетіне сілтеме жасап ТАСС агенттігінің жазуынша, Венетода сайлауға электораттың 59,7 пайызы қатысты. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың 98 пайызы автономия үшін дауыс берсе, 2 пайызы оған қарсы  болған.

Сәл кейінірек, көрші Ломбардия облысындағы референдумның алдына ала нәтижелері белгілі болды. Reuters-тің хабарлауынша, мұнда да тұрғындардың басым дені (95 пайызы) орталық үкіметтен дербестік үшін дауыс берген. Сайлауға қатысу 40 пайызды құрады.

Айта кетейік, Венето мен Ломбардиядағы референдумдар консультативтік сипатқа ие және олардың облыс деңгейлеріне тікелей және шұғыл түрде әсер етпейді. Автономияға қолдау білдірілген жағдайда аталмыш екі өңір басшысы Италия конституциясында қарастырылғандай, ел үкіметімен келіссөздерді бастау үшін халықтық мандатқа ие болады.

Венето мен Ломбардия Италия экономикасының үштен бір бөлігін құрайды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Венеция басшысы Лука Дзайя референдум уақытын осыдан бір жыл бұрын белгілеп қойған. Кейін бұл бастамаға Ломбардия губернаторы қосылады.