Қазақстан • 23 Қазан, 2017

МӘМС: қымбат оталар қолжетімді болады

474 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта елімізде міндет­ті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне қатысты туындайтын мәселе көп. Бұл заңды да. Себебі кез келген жаңа рефор­ма­ның қалыптасқан жүйеге қабыл­дануы оңай емес. 

МӘМС: қымбат оталар қолжетімді болады

Жан-жақты зерделеуді және белгілі бір уақытты, түсіндіру жұмыс­тарын қажет етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында мін­детті әлеумет­тік медицина­лық сақтандыру­ды енгізуді тапсыр­ғаны баршаға мәлім. Әлемдік тәжірибе көр­сеткендей, міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жү­йесін енгізу медициналық көмек көрсету деңгейі мен қыз­­мет сапасын, сондай-ақ әр адам­­ның өз денсаулығына деген жауап­кершілігін арттырады. Ме­ди­­циналық сақтандыру – ең алды­мен денсаулық сақтау саласына көрсетілген медициналық қызметтер үшін бөлінетін шамадан тыс шығындарды реттеп, жоғары технологиялық заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған, сапалы және қолжетімді медициналық көмек­ті, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді жүйе. Ал қолданыстағы денсаулық сақ­тау жүйесінде кейбір түйткілді мәсе­лелер бар. Айталық, бірінші­ден, медициналық ұйымдар ара­сын­да бәсекелестіктің (па­циент­терді тарту) болмауы. Қолда­ныст­ағы жүйеде мемлекет меди­циналық көмек қолжетімді болуы үшін барлық медициналық ұйымдар арасында қаражатты тең бөледі. Көрсетілетін көмек­тің сапасы ескерілмейтін мұн­дай тәсілдің тиімсіздігі мен нәтижесіздігін, ескіргендігін мойын­­дауы­мыз керек. МӘМС жүйе­сін­де медициналық ұйымдар көрсе­тілетін қызметтердің сапасы мен тізбесіне қарай, қаралушы­лардың (пациенттердің) санына қарай қаржыландырылмақ.

Екіншіден, дәрігерлер еңбегінің біркелкі бағалануы және бейресми төлемдердің өсуі. Өкінішке қарай, көп жағдайда дәрігердің тәжірибесі, білімі мен дағдылары ескерілмей, барлық бір бейінді мамандар бірдей жалақы алады. Осыған байланысты қазір пациенттер таңдаған беделді, білікті дәрігерлер жекеменшік құры­лымдарға ауысуда немесе жеке кабинеттер ашуда, бұл жерлерде сәйкесінше кәсіби тәжірибесіне қарай ақша таба алады.

Үшіншіден, әлеуметтік қам­қор­­лықтың сақталуы. Мемле­кет кепілді медициналық көмек көлемін қамтамасыз етіп отыр­ған­дықтан, халықтың басым бөлігі олардың денсаулығы үшін мемлекет жауапты деп ойлайды. Тәжірибе жүзінде азаматтар денсаулығының 20 пайыздан астамы медицинаға тәуелді, қалғаны өмір салты мен қоршаған ортаның, генетиканың және басқа да жағдайлардың әсерінен болатыны дәлелденді.

Осы проблемалардың барлы­ғы жинақталып келіп денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағда­йының қоғамда сынға ілігуіне себеп болып отыр. Аталған жайттар енгі­зілгелі отырған міндет­ті әлеу­меттік медициналық сақта­н­­дыру жүйесі аясында қарас­ты­ры­лып, медициналық көмекті ұйым­дас­тыру және қаржыландыру шараларын түбегейлі өзгертуді талап етеді. 

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда кейбір диагностикалық зерт­теулер, күрделі оталар қым­бат тұрады. Денсаулық сақ­тау ұйым­дарының мұндай шығындарын тек қана мемлекет есебінен өтеу мүмкін емес. Неге? Мысалы, елі­міздің травматологиялық-ор­то­пе­диялық қызметін алайық. Жам­бас буынын эндопротездеу бо­йын­ша жасалатын бір отаның құны орта есеппен 1 млн теңгені, тексерістік эндопротездеу 1,2 млн теңгені, сколиозды/кифосколиозды (бүкірлікті) түзету шамамен 2 млн теңгені құрайды. Бұл оталар пациенттерге бюджет қаражаты есебінен жасалады. Жылына кепіл­ді тегін медициналық көмек көрсету аясында тек Травма­тология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының өзінде 3500 ота жасалады (бұған респуб­­лика көлеміндегі басқа да орта­лық­тар мен ғылыми-зерттеу институттарын қосыңыз). Оның үстіне мұндай оталарға шетел­дер­­ден эндопротездер сатып алы­нады. Кейде мұндай құны қым­бат зерттеулер мен түрлі күр­делі оталар науқасқа бір емес, бір­неше рет қажет болуы мүм­­кін. Ал ақы­лы медициналық қыз­­метке жү­гі­нуге барлығының мүм­к­ін­­ші­лігі жоқ. Міне, осындай жа­ғ­дай­­да міндетті әлеуметтік меди­­ци­­н­алық сақтандырудың ар­қа­­сында еліміздегі барлық азамат­тар са­натына, қорға аударып жат­­қан жарналарының көлеміне қара­мас­тан медициналық көмек­ке қол жеткізе алады. Барлық тұр­ғын­д­ар мемлекеттік медицина ұйым­дарымен қатар, қормен шартқа отырған жеке клиникалар арқылы да медициналық көмек ала алады. 

Қорыта айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесі – жалпы халық үшін де, медицина қызметкерлері үшін де сапалы, тиімді, ыңғайлы жүйе. Біз МӘМС жүйесін бүгін енгізе оты­­рып, ертеңімізді сапалы ме­ди­­ци­налық қызметпен қам­та­ма­сыз етеміз. Сондықтан меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесін енгізу – маңызды және қажетті қадам.

Нұрлан БАТПЕНОВ, 
«Травматология және ортопедия

ғылыми-зерттеу институты»

РМК директоры,

медицина ғылымдарының докторы, профессор