Қазақстан • 23 Қазан, 2017

Б. Ізмұхамбетов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы кездері Каспий теңізінің жағалау және су басу аумағында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңның талаптары бұзылып отыр. 

Б. Ізмұхамбетов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады

Осы заңға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы жоспарланған қызметтiң қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға бере отырып, барлық экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауға мiндеттi. Алайда, соңғы кездер­де теңіз жағалауында мемлекет­тік органдар апатты ұңғымалар­дан мұнайдың ағу фактілерін жиі тіркеп отыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт аумақтарында оқшаулау-жою және рекультивациялау жұмыстары қажетті көлемде жүргізілмеуде. 

Қазақстан Республикасы Инвес­ти­циялар және даму министрлігінің Гео­логия және жер қойнауын пайдала­ну комитеті 2010 жылы Каспий теңізінің су басу аумағында мұнай және гид­ро­гео­логиялық ұңғымаларға жүргізген тексеру жұмыстары барысында 836 мұнай ұңғымаларын анықтап, оның 89-ы апатты жағдайда болып танылған.

Бүгінгі күні Қазақстан Респуб­ли­касының Энергетика министрлігінің мә­ліметі бойынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және «Эмбамұнайгаз» акционерлік қоғамының келісімшарттық аумағында 14 мұнай ұңғымасы ғана тығындауды қажет етеді.
Көтеріліп отырған мәселенің маңыз­дылығын ескере отырып біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан келесі сұрақтарға жауап беруді сұраймыз:

1) Апаттық жағдайдағы ұңғымалардың саны дұрыс па?
2) Егер дұрыс болса қалған ұңғымалар кімге тиесілі? Ұңғымалардың иесі анық­тал­ған ба, анықталмаса қашан анық­та­лады?
3) Бұл ұңғымаларды кім, қашан ты­ғын­дайды?
4) Осы ұңғымалардың бірінде иесі анықталғанға дейін теңізге мұнай ағып, апат келтірсе кім жауап береді?
Жоғарыда аталған заңда жер қой­науын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтiрiлген нұқсанның мөл­шерiн қоршаған ортаны қорғау сала­сын­дағы уәкiлеттi орган Қазақстан Респуб­ли­касының экологиялық заңнама­сына сәйкес айқындайды делінген. Сон­дық­тан ашық қалдырылған ұңғымаларды тығын­дамаған жер қойнауын пайдаланушы тиісінше жазалануы тиіс деп санаймыз. 
 

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты