Тарих • 23 Қазан, 2017

Ақпан, Қазан революциялары һәм Алаш әдебиеті

3142 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов қоғамдық-саяси қызметін публицистік жазу-сызуларымен ұштастырғаны мәлім. 

Ақпан, Қазан революциялары һәм Алаш әдебиеті

Сол сияқты атақты Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сынды қалың қазақ қауымы мойындаған аса көрнекті ақын-жазушылар ұлы Абай дәстүрін жалғастыра отырып, үстіміздегі жылы 100 жыл толған Ақпан төңкерісі, енді ғасыр толмақ Қазан революциясы дауылында Қазақ елі, жерінің түбірлі мүдделерін қорғады. Алаш әдебиетінің сол бір аласапыран заманда ұлт сөзін ұстауының өзі бір жатқан хикаят. 

Әлі есімде. 1986 жыл. Тарихтағы ақтаң­дақтарды жою науқаны бастал­ған Бетбұрыс заманы. Мұхтар Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы Алаш әдебие­тінің Ахмет Байтұрсынов, Міржапқып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауы­тов сынды жұлдыздарының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеуге жұ­мыла кіріскен қарбалас шақ. Сол күн­дердің бірінде түскі демалыстан соң инс­титут ғимаратына жақындай берге­німде таныс тарихшы академик кездесе қалсын. 

– Сендер немене, – деді ол амандық-саулық жоқ, түсі қабарып, – Алаш ақын-жазушыларын ақтаймыз деп қызыл танау болып жүргендерің? Алаш көсемдерінің Ленинді не ғайбат сөзбен кінәлағанын қай қалталарыңа тығып жасырмақсыңдар?! – деді.

Шынында да, «Қазақ» газетінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен шық­қан «Мемлекет халі» мақаласында 1917 жылғы 28 ақпанда патша үкіметі құла­тылып, Уақытша үкімет құрыл­ғанын, оның министрлерінің көбі және аға министрі Кадет партиясынан сайланғанын айта келе, Ленин туралы былай деп жазған еді:

«– Кадеттің министрлікті тастаған ішкі себебі үкімет болып отырып өз ер­кін жүргізе алмағаны. Май басынан бері, социалист министрлерден қолағаш байлап барғаннан бері, әскери һәм жұмысшы мәжілісінің қақпалауымен отырды. Бұл мәжілісті сол жаққа аудара басып тұрған жұмыс­шы партиясының «Большевик» атты бөлімі еді. Бұлардың көсемі, серкесі – жазушы Ульянов, жұртқа мәшһүр аты «Ленин».
3-4 июльде Петроград көшесіне қанша әскер қару-жарағын асынып шығып, соғыс жасады, үкіметті социалист­ке алып береміз дегенді бетке ұстап. Үкіметке жақ әскер, әсіресе атты казак әскер шығып, қанша кісі өлімі болып, бүлін­шілік тас­тады. Ленин жолдастары­мен неміс жал­даған жүзіқара болып шық­ты...».

Бұдан үш ай шамасы өткен соң Қазан революциясы Уақытша үкіметті құлатты. Бүкілресейлік мемлекеттік құрылтайды таратты. 
Ал Әлихан Бөкейхановтың, басқа да Алаш зиялыларының түсінігінде, Ақпан революциясы, патшаның тақ­тан құлауы қазақ сияқты бұратана жұрт үшін өңі түгіл, түсіне кірмеген жақсылық қуаныш болатын. Алаш зия­лылары Ақпан төңкерісі арқасында орыс, қазақ һәм басқа бұратана болып айырылу жоқ, бәріміз теңгеріліп отырмыз деп жар салды. «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш ұлына» атты тағы бір мақалада Алаш қозғалысының белді қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов: «Енді орыс халқымен тереземіз тең болған соң жақсылығына сүйінеміз, жаманшылығына күйінеміз. Тілек бірге болған соң тірі болсақ бір төбеде, өлі болсақ бір шұқырда болуымыз керек. Жұрттың бәрі осылай бірігіп, тізе қосып, қайрат қылғанда ғана азат халық бола аламыз. Соның үшін жаңа үкіметке қолдан келген көмегімізді аямауымыз керек», деп жазды. 

Ақпан революциясын қуана қарсы алған Жүсіпбек Аймауытов «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» атты мақаласында: «Жасыратын қылық жоқ – бостандық, теңдік күштіге, жемқорға кел­ген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық!» – деп тебіренді.

«Қазақ» газетінде Ақпан төңкерісін алғаған өлеңдер жарияланды. Белгілі қазақ ақыны Сәбит Дөнентаев «Азат­тық күні» атты өлеңінде былайша толғанды:

Тілекті бүгін хақтың берген күні,
Көл-дария көздің жасын 
көрген күні.
Талайдың тіршілігін қол сермеген,
Қайғысын тас-талқан қып бөлген
күні.

* * *
Бостандық өмір сүріп, өлсін құлдық
Деп жұрттың мойын созып төнген
күні.
А құдай, ұзағынан жаза көр деп
Іркіліп көзге жастың келген күні.

Алаш қайраткерлері 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында Қазақ­станның барлық облысынан дерлік өкілдер қатысқан. Жалпы қазақ съезінде бас құрап, патша тақтан құлауына байланысты Қазақ елінің алдында тұрған келелі міндеттерді егжей-тегжейлі талқылады, Қазақ өлкесі аумақтық ұлттық автономия алуға тиіс деп ұйғарды. Сол 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өткен 11 Бүкілқазақ съезі Қазақ (Алаш) автоно­миясының Уақытша халық кеңесін сайлады яки «Алашорда» – Алаш автономиялы үкіметін құрды.

Алашорда үкіметі ұлттық қарулы күш – «халық милициясын» жасақтауға кірісті. Бұрын Ресей патшалығы «Қазақ» деген атты жағрафия картасынан өші­ріп, бәлен-түген губернияларға бөліп талапайлаған еліміздің жерін, облыстарын мүмкіндігінше Алаш туы астында қайта жинақтауға талпынды. Алаш партиясы жасаған Жер заңы туралы жобада жер сату деген болмау, әркім өз жерін өзі пайдалану, артық жер болса сатылмай, земствоға алыну көзделді. Алашшылар, Міржақып Дулатов жазғандай, «Малды, жанды автономия жолына салуға» ша­қырды. 

Алайда өкінішке қарай, Алаш ұранды қозғалыс Қазақ автономиясын сол шақтағы жоғары билікке мойындата алмай, әуре-сарсаңға түсті. Жеме-жемге келгенде, «Уақытша үкімет те, оның жергілікті ұйымдары да қазақ халқының ұлттық мәселелеріне таскерең күйінде қалды».

Бұдан соң Ресейдегі азамат соғысы кезінде құрылған Сібір үкіметі де рай бермеді, «уысыма сыйған жердің бәрі менікі» деп қасарысты. Адмирал Колчак Қазақ автономия ала ма, алмай ма, оны Бүкілресейлік құрылтай жиналысы шешеді деп алдарқатты. Осының бәрі Алаш жұртшылығының ашу-ызасын тудырды. Ақын Мағжан Жұмабаев өзі 1918 жылы реакция кезінде жазылған деп арнайы ескерткен «Бостандық» атты өлеңінде орыс шовинизмінің шектен тыс қылығын символистік өлең қуатымен уыттады:

Қыбырлаған қоңыздар,
Қорсылдаған доңыздар,
Тілегің болды – қуан, күл.
Бостандық – ізгі періште
Кетпекке ұшып ғарышқа
Ақ қанатын қомдап тұр.

Дейтұрғанмен, ақын туған халқының жарқын болашағына сенімін ешқашан жоғалтқан жоқ. Оған аяқ астынан 1918 жылдың мамырына дейін алашордашылар қазақ Хлестаковы деп сынаған авантюрист Көлбай Тоғысовтың «Үш жүз» партиясының түрмесіне қамалғанда шығарған «Сағындым» атты жыры куә: 

Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін.
Бүгіндері бұл өлең жолдарын оқып отырғаныңда, Қазақ елі, Мағжан ақын сәуегейлікпен болжағандай, көркейіп, бүкіл жаһанға әйгілі мемлекет құрып отырғанына мерейленесің...

Айтары жоқ, Алаш автономиясы үкіметін мойындату әрекеті шырға­лаңға түсуден арылмады. 1918 жылы 8 қыркүйекте Сібір үкіметінің келісім­мен шақырылған, Алашорда тарапынан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұр­сынов, Халел Досмұхамедов, Жан­ша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Бижан Жанқадамов қатысқан Уфа мемлекеттік мәжілісі құрған жаңа үкімет – Директория да Алаш автономия­сы мәселесін ит-жыртысқа салып, ақыр соңында күт­пеген жерден Алаш­орданы тарату жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп Уақытша үкі­меттен де, одан соң­ғы Сібір үкі­метінен, енді Директориядан да қайыр болмаған соң Алаш зия­лылары бұ­ған дейін, 1917, 1918 жыл­­дар бойы өз­дері сан дүр­кін ғай­баттаған Қазан революциясының басшыларына, большевиктерге жү­гінуге мәж­бүр болды. 

Тарихтан белгілі ақи­қат – РСДРП (б)-ның Бүкілресейлік (Апрель) кон­фе­рен­ция­сында (1917 жыл­ғы 24-20 ап­рель, 7-12 май) В.И.Ленин партияның бағдар­ла­малық талабын – Ресей құ­рамына кіретін бар­лық ұлт­тар үшін ерікті түрде бөлініп шы­ғуға және жеке мемлекет құруға құқы бар екені мойындалуға тиіс (право на самоопределение, вплоть до отделения и образования самостоятельного государства для наций, входящих в состав России) деп жариялағаны мәлім.

Осыдан дәмелі Алаш қайрат­керлері Мәскеуге ағыла бастады. 1918 жылы 2 сәуірден біраз уақыт бұрын В.И.Ленин Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бірге Алашорда үкіметінің өкілдері Халел Досмұхамедов пен Жанша Досмұхамедовті қабылдады. 1918 жылғы 2 сәуір күні Ленин В.И.Ста­линмен бірге тікелей байланыс арқылы «Алаш­орда үкіметінің басшылары Әли­хан Бөкейханов, Халел Ғаббасов және Әлімхан Ермековпен келіссөз жүргізді.

1919 жылдың наурыз айында Ақ­пан төңкерісінен көңілі қалған Ахмет Байтұрсынов Кеңес өкіметі жағына шығады. Большевиктер Ахмет Байтұрсыновтың зор білікті ғалым және қазақ қауымына бек беделді қайрат­кер екенін білетін. Сол себепті Ахаң Қазақ өлкесін басқаратын мемлекет органының құрамына енгізілді. 1919 жылғы 24 шілдеде В.И.Ленин Халық Комиссарлары Кеңесінің Қырғыз өлке­сін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитеттің төрағасы етіп С.Пестковскийді, мүшелері етіп Сейт­қали Меңдешов, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұнға­шин, В.Лукашев және Ә.Жангел­динді тағайындау туралы мандатқа қол қойды. 

1919 жылғы, мөлшері 9 желтоқсаннан соң В.И. Ленин Кремльде Қырғыз өлке­сін басқару жөніндегі әскери-револю­циялық комитеттің төрағасы С.Пест­ковский мен ӘРК мүшесі Ахмет Бай­тұрсыновты олардың өтініштері бойын­ша қабылдайды. Пестковскийдің өлке шаруашылығы және саяси жағдайы туралы баяндамасын тыңдап болған соң, Ленин бірнеше жақсы баяндама жасап, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон пластинкасына жазып, плас­тинкалармен бірге дала көштеріне жеткізуге, көшпенділердің малын кедей-кепшіктердің пайдасына қайта бөлуге асықпауға кеңес береді.
Ұзын сөздің қысқасы, Алаш қайрат­керлерінің сан жылдар бойы көксеген арманына Қазан революциясының басшылары қол жеткізді. 1920 жылғы 26 тамызда М.И.Калинин мен В.И.Ленин РКФСР-дің құрамында Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік рес­публикасын құру туралы Декретке қол қойды.

Бұл мақаланың соңғы нүктесі ретінде айтылар нәрсе, Ахмет Байтұрсынов Комму­нистік партияға өз еркімен кірген­мен, Қазақ АССР-ының Оқу-ағарту комиссары да болып қызмет істегенімен, өзі айтқандай, «қызыл» бола алмады, большевиктер партиясы қатарынан өз еркімен шықты. Бір кезде жазушы Тахауи Ахтанов Бауыржан Момышұлы туралы: «Бауыржан мына ноқталы дү­ниеде ноқтаға басы сыймай кеткен адам» деп еді. Сол сияқты Ахмет Байтұрсынов әсіресе сталиндік ноқтаға көнбеді. 

Алашорда мен Алаш партиясының басшылары мен мүшелеріне Кеңес өкіме­тінің 1919 жылғы 4 сәуірде жариялаған амнистиясы В.И.Ленин қайтыс болғанша, одан кейін де екі-үш жыл күшін сақтады. В.И.Ленин дүниеден озарының алдында партияның Орталық Комитетіне генсек Сталинді орнынан тайдыру туралы арнайы хат жазса, 1929 жылдың ортасында ОГПУ Алашорда қайраткерлерін қамауға алса, кейін алашордашыларды ғана емес, қолына мылтық ұстап Кеңес өкіметінің Қазақстанда салтанат құруына белсенді атсалысқан Сәкен Сейфуллинді де атса, мыңдаған адал жандар сталиндік қанды қасапқа ұшыраса, итжеккенге айдалса, бұл енді өз алдына жеке әңгіме.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың 
лауреаты