Әлем • 23 Қазан, 2017

TWESCO делегациясы UAI Бас ассамблеясының отырысына қатысуда

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жапония астанасы Токио қаласында Халықаралық академиялар одағы (UAI) Бас ассамблеясының отырысы ашылды. Оған Астанадағы Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі бастаған делегация қатысты.

TWESCO делегациясы UAI Бас ассамблеясының отырысына қатысуда

Ассамблея отырысы екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Алқалы жиынның негізгі сесиясын Одақтың президенті Ойвинд Андерсен мырза құттықтау сөзімен ашты. Сонымен бірге, бұл отырыста ұйымның атқарған іс-шаралары жөнінде Хатшылықтар арнайы есеп дайындап, қатысушыларға ғылыми жобалардың нәтижелерін ұсынды. Одаққа мүшелікке өтуге үміткер-ұйымдар таныстырылып, дауыс беру рәсімі өтті.

Әлемнің белді ғылым ордаларының басшылары мен көрнекті ғалымдардың басын қосқан Ассамблея жұмысы үш күнге созылады. Негізгі сессиялардың бірі «Заманауи Шығыс Азиядағы дін, сауда және халықаралық байланыстар» тақырыбында өтеді. Бағдарламаға сәйкес, қатысушылар Жапонияның ғылыми-зерттеу ұйымдарымен танысып, түрлі академиялық лекциялар тыңдай алады. Сондай-ақ, Одақтың жаңа ғылыми жобалары тыныстырылмақ.

Айта кету керек, TWESCO ғылым саласы бойынша әлемдегі ең жоғары құрылым саналатын Халықаралық Академиялар одағына 2015 жылдың маусым айында Брюссельде өткен Бас ассамблея отырысында қабылданған болатын. Дүниежүзілік ғылыми қауымдастықтағы зерттеу ұйымдарының жұмысын үйлестіріп, ынтымақтастықтың артуына ықпал ететін UAI 1919 жылы құрылған, штаб-пәтері Брюссель қаласында орналасқан. Бүгінде Халықаралық академиялар одағына 63 мемлекеттен 100-ден астам ғылыми мекеме мүше.