Аймақтар • 23 Қазан, 2017

Атырауда заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер талқыланды

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарында бұқаралық ақпарат құралдары, байланыс пен ақпараттандырудың барлық аспектілері бойынша заңнамалық база қалыптасты. Арнайы заңдар қабылданды. 

Атырауда заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер талқыланды

Уақытпен бірге олар да жаңарып келеді. Атырауда кейбір заңнамалық актілерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өткен дөңгелек үстелде саланы нығайту, отандық ақпарат деңгейін көтеру, коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жайы сөз болды.

Заң жобасын талқылауға арналған шараға ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Ақпарат және коммуникация министрлігінің, мемлекеттік органдар мен республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар мен блогерлер қатысты.

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстелде Нұрлан Нығматуллин жаңа заң жобасын аймақтарда талқылау оң нәтиже беретінін, отандық ақпарат кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, дамыту үшін салалық заңнамаларды жетілдіру қажеттілігін атап өтті.

Интернет-ресурстар, әлеуметтік желідегі аккаунттар, ақпарат айналымы, интернет пайдаланушылардың жауапкершілігі заң жүзінде реттелуі тиіс. Авторлық құқық, ақпаратты заңсыз, пайда табу мақсатында пайдалану жайы да өзекті тақырып.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, көптеген мәселелерді заңдық тұрғыда реттеу қажеттілігі Үкіметтің қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуіне түрткі болған. «Мемлекет басшысы тәуелсіздік алған күннен бастап сөз бостандығын қамтамасыз етуге және отандық ақпарат құралдарының дамуына ерекше жағдай жасады. Президенті әрқашан да маңызды шешімдердің барлығын халықпен ақылдасып қабылдау керектігін айтып келеді. Сондықтан, осы құжат та Парламент Мәжілісінде, қоғамдық ортада кеңінен қаралып, көптеген шаралар өтті. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысының тиімділігін арттыруға, бәсекеге қабілетті ақпараттық нарық қалыптастыруға, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашатын заңды бәріміз бірлесіп жасауымыз керек»,  - деді Н.Нығматуллин.

Ашық диалог алаңында Қазнет жұмысын ұйымдастыру, әлеуметтік желілердегі пікірлерді сәйкестендіру, мемлекеттік органдардың ақпаратты беру жеделдігі, заңмен қорғалатын құпиялардың БАҚ-та жариялануына келісім алу, жоққа шығару механизмі, ақпарат тарату кезінде кәмелеттік жасқа толмағандарды қорғау мәселелері де айтылды.

Дөңгелек үстел отырысынан кейін Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңес Бюросының мүшесі Н. Нығматулин партияның Атырау облыстық филиалында азаматтарды жеке сұрақтар бойынша қабылдады. Спикердің қабылдауына келгендер «Атырау - Астрахан» жолының жөнделуі, жаңа мектеп салу, тұрғын үйлердің газбен қамтамасыз етілуі сынды әлеуметтік мәселелерді алға тартты.

Нұрлан Нығматулин ол мәселелердің заңнамалық тұрғыдан шешу мүмкіндіктерін қарастырып, жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен арада болған келісімдердің орындалуын бақылауға алатынын айтты.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ