Қазақстан • 24 Қазан, 2017

«Нұрлы жер» – баспаналы болудың елеулі мүмкіндігі

258 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында 10 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мемлекеттің қолдауымен салынатын баспаналардың әр шаршы метрі нарықтағыдан 20-30 пайызға арзан. Айталық, өңірлерде салынып жатқан коттедж қалашығының шаршы метрі орта есеппен 120 мың теңге болса, Астана мен Алматы қаласындағы үйлердің бір шаршы метрі 180 мың теңге маңайында. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңінен айтылды.

«Нұрлы жер» – баспаналы болудың елеулі мүмкіндігі

Жеңілдетілген ипотека – халық игілігіне

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың соңғы тоғыз айындағы көр­сет­кіштермен таныстырған Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бағдарлама шең­берінде 10 миллион шаршы метр­ден астам тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Баспана құрылысына 591,3 млрд теңге инвестиция салынған болса, оның 108,4 млрд теңгесі – мемлекеттік инвестициялар екен.

Ал биылғы тоғыз айдың қо­ры­тындысында 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 70 мыңға жуық баспана пайдалануға берілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 10,2 пайызға артық көрсеткіш. Осымен, бағдарлама аясындағы баспана берудің жылдық жоспары 78,2 пайызға орындалған.

Бұдан кейін жеке тұрғын үй құрылысын тұрғызуға бөлінген 60 мың жер учаскесінің инженерлік желілерімен қамтылу жайына тоқталған ол бұрын берілген 35,8 мың және жаңа 24,8 мың учаске­ге жарық, су құбырлары тарты­лып жатқанын айтты. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытудың қанатқақты жобасы аясында 6 өңірде бірыңғай сәулеттік стильде 1975 үй салынып жатыр. Олардың ішінде 362-і биыл пайдалануға берілмек.

Министрдің айтуынша, жұрт­шы­лықты арзан баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін несиелік тұрғын үйлер де салынып жатыр. Жоспар бойынша 8495 пәтер беру қарастырылса, биыл жылдың басынан бері 3731 пәтер пайдалануға берілген. Жылдың соңына дейін тағы 4764 пәтер тапсырылады деп күтілуде. Ал мемлекеттік бағдарламаға қатысушы «Бәйтерек девелопмент» АҚ салып жатқан несиелік тұрғын үй бойынша 6570 тұрғын үй салу жоспарланған болса, қазіргі күні 4625 пәтер, яғни 278,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліпті. Биыл жыл соңына дейін қосымша 1945 пәтерді тапсыру жоспарланып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді халық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алғашқы 30 пайыздық жарнасын құя отырып сатып ала алса, енді бұл баспаналарды екінші деңгейлі банктер арқылы да алуға болады. Банктер сатып алатын болғандықтан құрылыс салушы компаниялар да қарқынын үдеткен сыңайлы. Бүгінде екінші деңгейдегі банктер құрылыс компанияларының құны 57,2 млрд теңге болатын 32 жобасын қарап жатыр. Осылайша, еліміздің 14 өңірінде екінші деңгейлі банк­тер халыққа жаңа тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген ипотека ұсына бастады.

Жаңа жолдар салынады

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сү­лейменов «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасының 9 айдағы қорытындысы туралы баяндады.Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға биыл 484,2 млрд теңге бөлінсе, биылғы 1 қазан­дағы жағ­дай бойынша оның 313,7 млрд тең­гесі немесе қаржы­лан­дырудың жыл­дық жоспарының 65 пайызы игеріліпті.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы алғашқы бағыт – кө­лік­тік-логистикалық және индус­триялық инфрақұрылымды дамыту. Бұл маңызды міндеттің қа­тарына 22 республикалық ма­ңызы бар автожолды жаңғырту жұмыстары енгізілген. Осы мақсатқа биыл 259,8 млрд теңге көзделсе, ол қаржы бүгінгі таңда толық игеріліп отыр.

Екінші бағыт – жылумен, су­мен жабдықтау және су бұру жүйе­лерін жаңғырту бойынша биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен 53 млрд теңге көзделсе, бұл шамамен 700 км жүйені қайта жаңғыртуға мүмкіндік бермек.

Ал үшінші бағыт – білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту. Биыл Ұлттық қор қара­жаты есебінен 109 мектепті салуға 71,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республика бойынша 76 мектепті биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде кәсіпкерлік объектілеріне жетіс­пейтін инфрақұрылымды тарту бағыты бойынша биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен 10 млрд теңге көзделген.

Сондай-ақ биыл мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру көзделген. Қазіргі таңда Ор­талық – Оңтүстік, Орталық – Шы­ғыс, Бейнеу – Ақтау, Ақтөбе – Атырау, Қапшағай – Тал­дықорған, Астана – Петропавл және Орал – Каменка бағыттары бойынша жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырым жол құрылысы жалғасып жатыр. Іске асырылып жатқан жобалар бойынша тоғыз айда 177,5 млрд теңге игеріліп, 75 мың адам тартылған.

Жыл қорытындысы бойынша 602 шақырым жол төсемдері жұмыстары аяқталып, Астана – Павлодар бағытында – 232 ша­қы­рым, Бейнеу – Ақтау ба­ғы­тында – 230 шақырым, Қордай ай­нал­ма жолы – 40 шақырым, Орал – Каменка бағытында – 50 ша­қы­рым, Ақтөбе – Атырау бағытында – 26 шақырым және Қапшағай – Талдықорған бағытында 24 шақырым жол қозғалысын ашу жоспарланып отыр.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­­дарламасы аясында білім беру саласындағы жобаларды іске асыру туралы Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев баян­­да­ды. Сондай-ақ Үкімет оты­ры­­сын­­да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төр­­ағасы Ө. Шөкеев те сөз сөй­леді.

Дақылдарды жинау науқаны аяқталды

Қазақстанда дәнді дақыл­дар­ды жинау науқаны толықтай аяқталды. Бұл туралы Үкімет отырысында агроөнеркәсіп ке­шенін дамытуға арналған бағдар­ламаны жүзеге асыру бойын­ша сөз сөйлеген Ауыл шаруа­шылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.

«Дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталды, гектарына орташа 14,3 центнер өнімділікпен 21,9 млн тонна астық жиналды. Жинау қарқыны былтырғы жылдан 1,1 млн гектарға жоғары болды. 3,4 млн тонна арпа жиналды, бұл бағдарламаның индикаторынан 600 мың тоннаға жоғары көрсеткіш», деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, майлы дақылдардың 2 млн гектары немесе 80 пайызы жиналды. Жинау қарқыны өткен жылдан 636 мың гектарға жоғары.

Сонымен қатар диқандар 5,5 млн тонна көкөніс пен бақша өнімдерін жинап алған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 127 мың тоннаға жоғары көрсеткіш екен. Қант қызылшасын жинау да жалғасуда, өнімнің өсімі 1,5 есе деңгейінде күтіліп отыр.

Аталған мемлекеттік бағ­дар­ламаның басты бағыттарының бірі ұсақ және орта шаруаларды ауылшаруашылық кооперативіне біріктіру болатын. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жылдың басынан бері 745 кооператив құрылыпты. Оның 273-і – сүт қабылдаумен, 358-і мал сою шаруашылығымен айналысады. Бұған қоса, барлығы 102 мыңнан астам ірі қара мал басына 6 159 отбасылық бордақылау алаңы құрылыпты. Бүгінде қайта құрылған кооперативтер 44 мың тоннадан астам сүт және 13 мың тонна ет дайындаған.

* * *

Үкімет отырысын түйіндеген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік бағдар­ламаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстарды әлі де жетілдіре түсуді тапсырды. Үкімет басшысы баспанаға мұқтаждық пен құрылыс ауқымы арасында теңгерімсіздік бар екенін айта келіп, кемшіліктерді түзеу бойынша тапсырмалар жүктеді. «Баспана бойынша Алматы облысында 37 мыңға жуық адам кезекте тұрса, бұл өңірде бір жылда берілетін пәтер саны – 82. Ал Қарағанды облысында кезекте 35 мың адам тұрса, жылдың ішінде 387 пәтер беру жоспарланған. Сондықтан осы көрсеткіштерді есепке ала отырып, жұмыстарды тағы да пысықтап, қарқынды жыл­дам­дат­қанымыз жөн», деді Премьер-Министр. Сондай-ақ Үкі­мет басшысы «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында қаржының игерілуін қатаң ба­қылау жөнінде тапсырма берді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»