Білім • 24 Қазан, 2017

Маңғыстаудағы №11 мектеп үздік тәжірибесімен үлгілі

1575 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мектеп атаулының бәрі киелі, бәрі қадірлі. Өйткені ол – білімнің, тәрбиенің ордасы, келешек буынның тәрбие бесігі, ардақты ұстаздардың «екінші отбасы». Алайда мектептің ішкі-сыртқы безендірілуінен бас­тап, ондағы берілетін білімнің сапасы, оқушы мен ұстаз көрсеткіштері және заманауи білім беруді үйлестіруі сынды мектепке қатысты алуан бағыттар бойынша білім саласы өз үздіктерін анықтап, мадақтап жатады. Осы орайда біз Маңғыстаудағы мақтаулы мектептердің бірі – облыс орталығындағы №11 орта мектепте болған едік.

Маңғыстаудағы №11 мектеп үздік тәжірибесімен үлгілі

Бұл мектептің жеке тарихының ай­тар­лықтай үш ерекшелігі бар. Бірін­шісі – осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1977 жылы қыркүйек айында Шев­ченко (қазіргі Ақтау) қаласында ал­ғаш ашылған қазақтілді мектеп болуы. 51 сыныппен ашылған мектеп ал­ғаш­қы оқу жылын 1357 оқушымен бастаған еді.

«Қазақша алған білім сапасыз, сон­дықтан басқа тілдерде оқыту қажет» деген қасаң қағиданың тас-тал­қа­нын шығарған жас білім ошағы білім беруде тыңғылықтылығы мен ұстаздарының өз ісіне деген ықыласының арқасында бірден алдыңғы қатарлылардың санатынан табылды. Осы абырой, осы сенім мектепті 2008 жылы Ақ­тау қала­сы әкімінің шешімімен «№11 маман­дандырылған физика-мате­­ма­ти­ка­ мектебі» атандырды. Мектеп ұжы­мы оқушыларға физика мен математиканы тереңдете оқыту бағытын­да іске кірісті. Бұл – мектептің екінші ерекшелігі еді.

Уақыт жылжып, тәуелсіз Қазақ­стан әлем елдерінің озық үлгілерін өз тә­жі­рибесіне енгізген сайын, басқа са­ла­­­­лар секілді білім беру саласында да біраз жаңалықтар қолданысқа енді. Ол жаңашылдықты енгізу мектеп ұс­та­з­дарына зор жауапкершілік жүктеді.

– Қазақстанның әлемдік үрдіс­терге кірігуі, дамыған елдердің стан­­­дарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жана сапалық дең­гейге өту қажеттілігін туындатуда. Осы­ған орай қазіргі кезде білім беру жү­йесінде жасалып жатқан мақ­­сатты мүд­­деге сай оқушылар шығар­­ма­шы­лы­ғының қалыптасуында табыс­ты істер аз емес. Мектебіміз «Дарын» бағ­дар­ламасы бойынша ерекше талант­ты, дарынды жас зерт­теу­шілерді таңдау арқы­лы түрлі бағытта жұмыс жүр­гі­зіп келеді. Жеке тұлғаның шы­ғар­­машылық әлеуетін және қабі­летін дамытуға, зерттеу білігі мен дағ­ды­ларын қалыптастыруға бағыт­тал­ған қазіргі инновациялық-педаго­гика­лық технологиялардың бірі – оқу­шы­­лардың ғылыми-зерттеу жұмы­сы. Осы­ған орай білім мекеме­сінің оқу­­шы­лары қалалық, облыстық, рес­пуб­­ликалық деңгейдегі шараларға бел­сене араласуда, – дейді білім орда­сы­­ның басшысы Гүлзада Еңсегенова.

Мектеп директорының айтуын­ша, әр баланың жеке қабілет ерекше­лі­гін ашу үшін пәндер бойынша өт­кізі­летін олимпиадалардың орны ерек­ше. Өткен оқу жылында аталмыш мектептен қалалық деңгейде өткізіл­ген пәндер олимпиадасына 57 оқушы қатыстырылып, оның 28-і жүлделі орынға ие болса, республика­лық олимпиададан Әсел Ихсанова, Заман Құрмет атты оқушылар жүлделі орал­­­ған. Өз білімін дәлелдеген Әсел Ұлт­­тық бірыңғай тестілеу қорытын­дысымен облыс бойынша жоғары ұпай саналған 135 балды жинап, «Алтын белгісін» абыроймен қорғап шықты. Мектептер, оқушылар мен ұстаздар арасындағы қалалық, облыс­тық сайыстарда бұл мектептің топ жарған кездері аз емес, бірақ оны тізудің мүмкіндігі де, қажеті де жоқ.

Алайда мектептің аты озып, бала­пан­дай баптаған шәкірттерінің терең білім алуына тер төгіп жүрген рес­пуб­ликалық «Үздік педагог» сайы­сы­ның жүлдегері, «Жыл адамы» атанған математик Маржан Асыл­баева, оқушылары әрдайым рес­пуб­ликалық пәндік олимпиадалар­дан жүлделі оралатын орыс тілі пәні­нің оқытушысы Қымбат Көбе­нова, шәкірттері химиядан қала­лық, облыс­тық сайыстарда жеңіс­пен қуан­та­тын химия пәнінің мұғалімі Рай­хан Шарауова, сондай-ақ физиканы ағыл­шын тілінде оқытып жүрген жас маман Жазира Ықыласова сынды ұстаздардың есімін ризашылықпен атау­ға міндеттіміз. Ұстаздардың ең­бегі нәтижесінде 2016-2017 оқу жы­лын­­да мектеп түлектерінің 70 пайы­зы мем­лекеттік грант иегерлері атанды.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасы және білім беруді дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыт­тарын жүзеге асыру аясында Қазақ­станда орта білім мазмұнын жаңар­ту жұмыстары жалғасуда. Осы­ның аясында жаңа мемлекеттік жал­п­ыға міндетті бастауыш білім беру стандарты, бастауыш мектепке арнал­ған үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламаларын апробациялау жүр­гізілуде. Ел Үкіметі жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің тұжы­рым­дамалық тәсілдемелерін мақұл­дап, 2015 жылы еліміздегі 30 мектепте білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдаған болатын. Біз­дің мектебімізге республика бойын­ша 30 мектептің құрамына ену мүм­кін­дігі туды, дейді мектеп басшысы біз­бен әңгімесінде. Ұстаздар енді жаңар­тылған білім мазмұнын өз бойларына сіңіріп, оны ұрпақ тәрбиесіне енгізу үшін еңбектенуде.

2008-2009 оқу жылында мектепке мемлекет және қоғам қайраткері, 1973 жылы құрылған облысқа басшы болып келген азамат, 1973-1980 жыл­дары Маң­ғыстау облыстық партия коми­­тетінің бірін­ші хатшысы болып табыс­­ты ең­бек еткен Тұтқабай Әшім­баев­­тың есі­мі беріліп, мектеп ауласы­на қай­рат­кердің бюсті қойылған болатын. Сол жылы мектеп ішінен Т.Әшім­баевтың мұражайы ашылып, күні бү­гінге дейін жас ұрпаққа кешегі аға буын­ның өнегелі ісін насихаттайтын үлгілі орын қызметін атқаруда. Алай­да мектептің үшінші ерекшелігі сана­ла­­тын бұл бас­тама аяқсыз қалып, әлі ре­с­­ми күшіне енбеген күйінде тұр екен.

...Мектеп дәлізі оқушылардың сың­ғыр үні мен балғын күлкісіне толы. Ол – адал­дықтың ұясы, балалық шақтың бесі­гі, оның есігінен аттамаған адам жоқ және ол сонысымен барлық адам­ға ыс­тық, қадірлі, киелі болып қала береді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар