Қазақстан • 24 Қазан, 2017

ШҚО прокуроры: Қылмыстық істі қарауда озық елдер тәжірибесі қолданылады

340 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында заңның үстемдігін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында Президент Әкімшілігі қылмыстық процесті модернизациялаудың ауқымды жобасының жүзеге асырылуына бастамашылық етті. Маңызы зор бастама өңірлерде қалайша іске асырылып жатыр? Нендей жұмыстар қолға алынды? Осы және өзге сауалдар төңірегінде Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Құсайын Игембаевпен әңгімелескен болатынбыз.

ШҚО прокуроры: Қылмыстық істі қарауда озық елдер тәжірибесі қолданылады

– Құсайын Абзалбекұлы, қыл­­мыс­тық процесті модернизациялау мәсе­лесін өңірдегі жұрт­шылық қалай қа­был­дап жатыр? Әңгімеміздің әлқис­сасын осыдан бастасақ.

– Бұл бастама қазір жан-жақ­ты тал­қыланып, халыққа түсін­діру жұмыстары жүйелі түр­де жүргізілуде. Бастаманың жаңа­лығы неде? Ең алдымен азаматтар құқығының қорғалу деңгейін арт­тыру үшін қамау шаралары қол­данылмайтын негіздердің ті­зі­мін, әсіресе кәсіпкерлік қыз­мет саласындағы қылмыстар бо­йын­­ша кеңейту ұсынылатын болады. Бұдан былай күдіктілерді оңды-солды қамай беру тыйылып, бұлтартпау шара­ла­рының саны қысқарады. Бұл неге алып ке­леді?

Біріншіден, түрмедегі адамдар­дың саны азаяды. Азайса, мемлекетке артылатын салмақ же­ңіл­­дейді. Мәселен, түрмеде отыр­ған бір адамға жылына 800 мың теңгедей мемлекет қаржысы жұм­салады екен.

Екіншіден, қылмысқа қатысы бар деп ұсталған азаматты сотқа жеткізу мерзімі 72-ден 48 сағатқа қысқартады. Бұл – ұстауды күш-қысым көрсету арқылы дә­лелдемелер жинақтау құралы ре­тінде қолдану қаупін азайту үшін керек. Озық елдер тәжірибесі осын­дай. Кейбір мемлекеттерде тіпті 24 сағат. Бірақ біздің ұстау мен олардың ұстауының тәртібі бөлек. Бізде Қылмыстық процестік кодекс бо­йынша адамдарды қылмыс жасау барысында немесе жасырынуға әрекет еткенде ұстайды. Тағы бір түрі бар. Істі тергеп жүріп, бір шақырады, екі шақырады, одан соң беттестіру жүр­гізеді. Тіпті қажет болса өздері ұс­тап, оқшаулау орнына қамап тастайды. Бізде тергеушілердің осындай да құқығы бар.

Ал Батыс елдерінде қалай? Олар екі-ақ жағдайда; қылмыс жасап жат­қан жерде, не бұлтартпау шарасын бұзған кезде ғана ұстай алады. Бізде енді ұстау үшін әуелі тер­геуші прокурорға, прокурор сотқа айтып, түсіндіруі керек. Ұстаудың өзіне де тек сот қана рұқсат береді. «Ұс­таң­дар немесе ұстауға негіз жоқ»,  дейді. Бұл – азаматтардың құқығын қор­ғаудың шынайы үлгісі. Бізге деген сенім жоғары болуы қажет. Мәселен, полиция қызметкерлері көшеде біреуді ұстап жатса, мұны көрген қарапайым адам: «Бұл – дұрыс. Полиция біледі. Оған сенеміз», деуі керек. Мұның бәрі осы дең­гейге жету жолында жасалып жат­қан қадамдар деп білгеніміз ләзім.

Үшіншіден, құқық қорғау орган­да­ры­ның нақты тергеліп жатқан іс шең­­берінде күдікті тұлғаның басқа қыл­­­мыстарға қа­тыстылығы туралы дәлел­демелерді жи­­­нақ­тау тәрізді теріс тәжірибесі жо­йылмақ. Мәселен, бір адамның ісі тергеліп жатыр дейік. Бірақ іс дәлелденбей жатыр. Күдіктіні қамап қойған. Сол кезде «Үйі­не барып тінту жасайық. Бір нәрсе табамыз»,  дейді. Содан кейін  «Үйінен оқ­ табылды» деп мұны дәлелдемелерге тір­кейді. Ен­ді олай болмайды. Сен бір іс жүр­­гізіп жатырсың ба, тек сол іспен ғана шұ­ғыл­данасың. Басқа қылмыс іздегің келсе, оны жеке іс ретінде тір­кейтін боласың. Бұл – өте үлкен және орынды қойылып отырған мәселе.

Төртіншіден, адвокаттардың тергеу барысындағы дәлелдеме­лерді жинақтау құқықтарын кеңей­ту және қажетті тергеу әрекеттерін жүр­гізу туралы сотқа тікелей та­лап-тілекпен жүгіну ұсынылады. Яғни қылмыстық сот өндірісі барынша оңай­латылады. Сонымен қатар жасырын әрекеттермен қоса, құқықты шек­теу сипатындағы процессуалдық әре­кеттердің бәрін санкциялау түрінде сот­тық бақылау саласын әрі қарай кеңейту ұсынылады. Бәрін қоса алғанда бұл құқық қорғау құрылымындағы үлкен жаңа­лық, жақсы нышан деу­ге болады.

– Еліміз бойынша «Қылмыс­тық про­цес­ті оңтайландыру» ат­ты қанат­қақ­ты жоба іске қо­­сыл­ғаны белгілі. Атал­ған жоба­ның облыста жүзеге асы­­ры­луы қа­лай?

– Ішкі істер департаментімен бірлес­кен жоба облысымызда 11 маусымнан бас­тап қолға алынды. Бұл жоба бізде ғана емес, республика бойынша жүзеге асы­рылуда. Оның негізгі міндеті – қыл­­мыстық процесті модернизациялау шең­берінде істердің қаралу мерзімдерін қыс­қарту. Құ­қық қорғау құрылымдары қызмет­керлерінің жұмысын барынша түсінікті, ашық ету. Жобаның тиім­ділігі  –  қазір белгілі санат­тағы істер жедел қара­лады. Егер іс бойынша нақты күдікті бар бол­са, ол өз кінәсін дауламаса,­ жә­бір­ле­нушіге келтірілген зиянды толық өтеу­ге дайын болса, жоба аясына осындай орташа және ауырлығы онша емес қылмыстар кіреді. Бұрын осы істер екі ай­ға дейін қаралса, қазіргі кезде он күн  ішінде аяқталады.  Бұл үшін заңдарға қандай да бір өзге­рістерді енгізудің қа­же­ті жоқ. Про­куратура мен ІІД өз жұ­мыс­тарын оңтайландырып, сындарлы менеджмент құруда. Полицияның әрбір бөлімінде жоба шеңберінде осындай істерді тергеумен айналысатын арнайы топ­тар бар.

– Саладағы тағы бір жа­ғым­ды жа­ңа­лық, полиция бөлім­дерінде жауап алуға  ар­налған ашық кабинеттер жұмыс істеп жа­тыр екен...

– Құқық қорғау органдарының қаты­суымен олардың азаматтарға азаптауды қолданатыны туралы шағымдардың түсетіні белгілі. Осындай деректерге жол бермеу және жауап алу процесін барынша ашық ету үшін қала, аудан полиция бөлімдеріндегі 60 кабинет айқын етіп (әйнектен) жасалып, ішіне бейнебақылау камералары орнатылды. Осындай кабинеттер полицияның барлық бөлімдерінде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар сыбайластыққа және дәлел­демелерді бұрмалауға жол бермеу үшін полиция қызметкер­лері ар­найы бейнетіркеуіштермен қам­тамасыз етілуде. Дәлірек айтқанда, айғақтарды алу процесі енді бейне­жазбаға жазылатын болады. 

Модернизация шеңберіндегі ең бас­ты жаңалық – электронды қылмыстық істер. «Е-қылмыстық іс» жобасы Пре­­зиденттің Жолдауы шеңберінде елі­міздегі цифрлау технологиясын дамы­ту бойынша жүзеге асырылады. Осы мақ­сатта Бас прокуратура бюджеттен қосымша шығындарсыз-ақ осы бағ­дарламаны әзірледі. Жобаның негізі мақсаты – электронды түрде про­цес­суалдық құжаттарды құрастыру және нақты дәлелдеме­лерді жинақтау. Атал­ған жаңалық қылмыстық істің барлық кезеңін, яғни қылмысты тір­кеу­ден бас­тап, оны тергеу  барысы мен  үкім­нің орындалуына дейін  қамтиды деп күтілуде. 

– Аталған жоба біздің облыс­та­ қа­нат­қақты жоба ретінде 10­ қыркүйек­тен бас­тап іске қо­сыл­ған екен. Бұл жобаның артық­шылықтары қандай?

– Ең алдымен қағазбас­тылықтан құты­ла­мыз. Екіншіден, істерді бұр­малауға, өзгертуге жол берілмей­ді. Үшін­шіден, арыз түссе, прокуро­рлар­ істі сұратпай-ақ өздері қа­райды. Төр­тіншіден, істі ешкім жа­сы­ра алмайды. Жәбірленуші, ай­ыпталушы, сондай-ақ адвокат кез келген уақытта онлайн-режімде істің қалай тергеліп жатқанын қарай алады. Электронды нысанға ауысқан соң істер жедел тергеледі. Тал­дау күшейтіледі. Бағдарламада про­цес­суалдық құжат­тардың 100 жаңа үл­гісі енгізілді. Бүгінде 9 қыл­мыстық іс электронды түрде тергелуде, оның 3-і сотқа жолданды. Осы істер бойынша соттың санкциясын да электронды түрде аламыз. Өте жедел және тиімді. Қылмыстық істердің электронды түрде жүргізілуі әрбір істің мұқият қаралып, рес­публика бойынша бірыңғай тәжірибені қалыптастыруға мүмкіндік туғы­зады. Қазірден бастап, электронды арыздардың модулі қызмет ете бас­тады. Мысалы, егер тараптар тергеушінің әрекеттеріне ша­ғымданса, прокурор оның әре­кеттерін дереу онлайн-режімде тексере алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

 ӨСКЕМЕН