Күрес • 24 Қазан, 2017

Керей Қойшыбек: Рухсыз адамнан мықты спортшы шықпайды

1449 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алған  тұста, яғни 1992 жылы Қазақстан самбо құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған Керей Қойшыбек табаны күректей 18 жыл ұлттық құрама тізгінін ұстады. Осы аралықта самбо күресінен ересектер мен жастар арасында өткен дүниежүзілік чемпионаттарда жиырмадан астам шәкірті жеңіс тұғырынан көрінсе, солардың ішінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров пен әлемнің үш дүркін жеңімпазы Асхат Шахаровтардың жеңісті жолын жалғастырған бапкер ретінде қазақ спорты тарихында аты қалды. Шәкірт тәрбиелей жүріп өзі де боз кілемде белдесіп, ардагер самбошылар арасында екі дүркін әлем биігін бағындырды. Бүгінгі таңда қайраткер ағамызды әңгімеге тарттық.

Керей Қойшыбек: Рухсыз адамнан мықты спортшы шықпайды

– Керей аға, спортсүйер қа­уым өзіңізді тәжірибелі бап­кер ре­тінде біледі. Сізден сұра­йын дегенім: қазіргі қазақ бап­керлері нені білмей, неден ұты­лып жүр?

– Күрес үш нәрседен тұрады. Әуелі, биология, одан кейін биомеханика, үшіншісі – психология. Осының ішінде биологияға: спорт анатомиясы, физологиясы жатады, ал, биомеханикаға күресті үйрету методикасының дұрыстығы, яғни айла-әдістердің математикалық дәлдігі жатады. Бірақ спортшының дене-тұрқына қатысты, нақтырақ айтқанда, аяқ-қолының ұзындығына немесе қысқалығына, күш-қайратына байланысты ерекшеліктері бар. Психология дегеніміз осының бәрін спортшының санасына сіңіру.

Өз тәжірибемнен түйгенім, баланың психологиясын жас ке­зінде қалыптастырмай одан үлкен спортшы шықпайды. Бала­ның жылдамдығы, иілгіш­тігі, ептілігі 14 жасына дейін қалыптасуы керек. Есейе келе жылдамдығы қалады да, басқалары жойылады. Қысқасы, талантты баланы ғылыми негізде дайындаған жағдайда, ол 22 жасына дейін әлемдік деңгейге шығып қоюы керек. 

Сіздің сұраққа қатысты айтарым – біздің бапкерлер спортшыны, яғни, балуанды дайындау барысында, жоғарыдағы ыр­ғақ­ты ұстамайды. Бұған жүйе­нің де терістігі бар. Өйт­кені, жас­өс­пірімдерге арнал­ған мектеп-интернаттар жаттықты­рушы­дан нәтиже сұрайды. Айлық-шайлығын шәкірттерінің көрсет­кен нәтижесіне қарап төлей­ді. Осы жағдайдан соң олар қай­теді, бала кезінде қалыптасуы тиіс ғылыми физиологиялық негіз­дерді ысырып қойып, бірден кү­рес­ке үйретеді.

Осыдан барып бала жас­тай жарақат алады, аяқ-қолы мер­тігеді, өсу процесі бұзылады, жыл­дамдығы жоғалады. Сөйтіп, та­­лантты деген баланың өзі спорт­ты ерте доғаруға мәжбүр. Ал, Германия сияқты спортқа ғы­­­лыми негіз берген елдерде, бапкердің еңбегі ең соңғы нәтижеге дейін толық сақталады. Біздің спортта осы бір қағидаттар ескерілмей келе жатыр.

Жоғарыдағы ырғақтың бұзы­луы­на себеп жарыстың көптігі  деп ойлаймын... Одан кейінгі біз­дің спорттағы ең күрделі мәсе­ле мамандардың білім-білік­тілігі. Бапкер тек балаға күрес үйре­тумен бапкер болмайды. Ол медицинаны, физологияны, биомеханиканы жетік меңгерген болуы тиіс. Шәкіртпен терең тіл табыса білуі тиіс.

– Кераға, бізде қазір мынадай үрдіс қалыптасты. Бапкер сырт­тан дайын спортшыны тауып әкеледі де, үлкен жа­рыс­тарға қосып, оның же­ңі­сі арқасында атақ алады,­ ма­ра­патқа ие болады. Шын­ мәнінде сатып алған спорт­шыға оның бір тиын еңбегі сіңген жоқ. Осы дұрыс па?

– Бұл спорттағы жүйелен­беген шаруалардың кесірінен болып жатқан дүние. Жоғарыда айт­қанымдай, бізде талантты баланы жастай ығырын шығарамыз да, спорттан кетуіне мәжбүрлейміз. Осы олқылықты сырттан спортшы жалдау арқылы толтырамыз.

Мына түрімізбен көштен қа­лып қоюымыз әбден мүмкін. Қазір көрші Қытай елінде ғылым спорттың ішіне кіріп кетті. Ба­ланы спортқа тартпас бұрын оған гендік зерттеу жасайды да, қандай спорт түріне бейім екенін анықтап алып, біз сияқты сатылап, циклдеп  жатпай, бірден негізін қалап жатыр. Дәл қазір Қытайдың спорт медицинасы әлемде бірінші орынға шықты.

– Сіз айтып отырған гендік тек­серіс дегеніміз тұқым қуа­лау ма?

– Әрине, тұқым қуалаушылық спорттағы басты мәселенің бірі. Қа­зақ «ұрыдан  қары туады» де­ген жоқ па. Жалпы, тұқым қуа­лау арқылы балуан болуы мүм­кін. Бірақ отбасында қандай тәр­бие алды осыған да қарау керек. Қазақ халқы әр нәрсеге тез бейім­делгіш жұрт. Бізде әсіресе Кеңес Одағы кезінде қазақтың жан­ дүниесін түсінетін, оның таби­ғи және ұлттық ерекшелігін ұғынатын бапкер болған жоқ­. Ұлты басқа бапкерлер қазақ­тардың ішкі қуатын ашудың ор­нына «қолынан келмейді» деп спорттан қуып жіберетін. Қа­зір осының бәрі енді-енді қалып­тасып келеді.

– Ресей құрамындағы 2,8 млн  халқы бар дағыстандықтар мен кавказдықтар күрес түрле­рінен ұлттық құраманың 60-70 пайы­зына иелік етіп отыр. Мұн­дай ерек­шелік кавказдық­тардың тума талантынан ба, рухы­ның күштілігінен бе, тек­тілігінен бе?!

– Олардың, яғни  кавказдық­тардың табиғи ерекшеліктерінен шығар деп ойлаймын. Олар тау­лы жерде өмір сүреді. Таудың адамы қуатты келеді. Тау адамды төзімділіккке баулиды. Қазір қазақ қыздары кім көрінгеннің етегінен ұстап, шетелге кетіп жатыр. Осы арқылы гендік болмыс, қуат күшімізді жоғалтып жатырмыз.  Ал кавказдықтарда отбасылық тәрбие мықты, олар қыздарына ие болып отыр. Гендік рух пен тектілігін жоғатқан жоқ. Мәселе қайда жатыр!

– Спортағы рух-намыс мә­се­­­­лесі жайлы не айтасыз?

– Рух пен намыс ұрпаққа қан­мен дариды. Кавказдықтардың қанына сіңген айнымас ұғымы бар. «Менде не бар бәрін ал, бі­­рақ еркіндігіме  тиіспе!» деген. Рухы азат емес адамды қан­ша тәрбиеле, одан еш­теңе шық­пайды. Яғни рухсыз­ адамнан мық­ты спортшы шықпайды.  Одан кейін біз ұлттық тамақ­тану дәс­түрімізден ажырап қал­дық. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

– Сіз самбодан республика­ құ­рамасының бас бапкері ке­зіңізде шәкірттеріңізді бастап әкемтеатрға үнемі баратын еді дейді.  Оның спортқа қандай қа­тысы бар?

– Театр адамның ұлттық санасын оятады. Ұлттық санасы жоқ адам ұлты үшін жанқиярлық істерге бара алмайды.  Қазақ баласына, қазақ балуандарына өте қажет дүниенің бірі осы.

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»