Аймақтар • 25 Қазан, 2017

Келесі жылы Орал әуежайы күрделі жөндеуден өтеді

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуында оң көрсеткіштер байқалуда.

Келесі жылы Орал әуежайы күрделі жөндеуден өтеді

Өңірдің жалпы өнімі жарты жылда 11 пайызға өсіп, 990 млрд теңгені құраған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс басшысы Алтай Көлгінов баяндады. Сонымен қатар ол    келесі жылы Оралдың әуежайы күрделі жөндеуден өтетінін айтып өтті.

«Әуежай мәслесі өте маңызды. Біз бұл ретте ашық аспан қағидасын қолдануымыз қажет. Ол инвестицияға да жақсы, сонымен қатар біздің жолаушыларға да тиісті қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік береді. Өздеріңізге белгілі осыдан екі жыл бұрын ұшу-қону жолы жөнделді. Қазіргі уақытта ол тиісті стандарттарға сәйкес келеді. Бұрын ұзындығы 2 шақырып 400 метр болатын болса, қазір 2 шақырым 800 метр. Яғни ұшақты барлық түрлерін қабылдай алады. Сонымен қатар ені де кеңейді. Ол бойынша мәселе жоқ. Бұрын қиын болатын. Қазіргі уақытта терминал туралы мәселе туындап тұр. Ол ескі. Қырық жылдан асып кетті. Қазіргі заманауи талаптарға ол сәйкес келмейді. Оған тұрғындар тарапынан да, жолаушылар тарапынан да көптеген шағымдар, сыни пікірлер де түсіп жатыр. Біз оны қабылдаймыз. Жеке кәсіпкердің қолында. Бірақ біз оған даму, ілгерілеу болуы керек деген талап қойып отырмыз. Сол себепті біз мемлекеттік жеке меншік серіктестіктің аясында соны жасаймыз. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттама дайындалуда. Ол терминалды біз кеңейтеміз. Азаматтардың ұшу-қону бөлмелері дұрысталады. Жүк қабылдау орындары тиісті дәреже де жөнделеді. Бұл жұмыстар келесі жылы басталатын болады. Қаражат көзін таптық. Біздің негізгі мақсатымыз азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Халықаралық рейстер ашылды. Алдағы уақытта біз оны көбейтеміз», деді Алтай Көлгінов.

Рауан Қайдар,

"Егемен Қазақстан"