Әлем • 25 Қазан, 2017

Адам мен маймылдың ұқсастығы: 59 жастағы шимпанзе бұрынғы танысын көргенде балаша қуанды (видео)

2544 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғаламтор шеті мен шегі жоқ бейне роликтермен күнделікті толтырылып жатыр. Кейбірі мән-мағынасы жағынан сын көтеруге келмесе, енді бірі ұмытылмас, ерекше әсер сыйлайды.

Адам мен маймылдың ұқсастығы: 59 жастағы шимпанзе бұрынғы танысын көргенде балаша қуанды (видео)

NPR.org басылымының тілшісі Барбара Кинг YouTube желісіне шыққан Нидерланд зообағындағы «Мама» есімді шимпанзе туралы егжей-тегжейлі жазды. Бұл бейнероликтің қандай өзгешелігі бар деген ойда боларсыз! Мама – 59 жастағы кәрі маймыл. Жағдайының ауыр болғаны сондай, тіпті тамағына ас батпай, ақыл-есінің дамуы тежеліп, алжи бастаған.

Маймылды тамақтандыруға келген азаматтың әсерінен әлсіз жатқан Маманың мінезі бірден өзгеріп, көпшілікті таң қалдырды.

Тілшінің айтуы бойынша, бұл тамақтандыруға келген азамат – Ян ван Хофф. Ол осы зообақты құрған биолог, әрі 1972 жылы Маманы осы жерге әкеліп, оған күтім жасаған екен. Екеуі бір-бірін бұдан кейін мүлдем көрмепті. Бұрынғы досын таныған маймылдың бет-бейнесі бірден өзгеріп, жүзі жадырап сала берді. Ван Хоффты құшақтап, оған басын изеп, ғалымдардың ұзақ уақыттан бері мойындамай келген теориясын жоққа шығарды. Олар бүгінге дейін жануардың махаббат пен достық сезімі болмаған деген пікірде келген.

Барбара бұл бейнеден кейін екі жыл бұрын 88 жасында қатты ауырып дүниеден озған анасын есіне алды. Оның айтуынша, ауыр хәлде жатқан маймыл мен ауруханадағы анасының әрекеттері ұқсас болған екен.  

Ван Хофф пен шимпанзенің қайта қауышуы бір аптаға ғана созылды. Себебі, Маманың жағдайы күн өткен сайын нашарлап, көз жұмды. Тілшінің жүргізген зерттеуі бойынша, Маманың зообақта алған орны ерекше болғанын аңғаруға болады. Приматолог Франс де Ваал өз кітабында жазғандай, Мама тобырдағы маймылдардың арасындағы кикілжіңдерді реттеп отырған. Соған дәлел ретінде де Ваал кітабында келесі үзінді келтіреді: «Тайпада қатыгездігімен ерекшеленген Никки есімді көшбасшы маймыл болды. Оның әлімжеттігіне шыдай алмаған шимпанзелер Никкиді үйірден ұрып қуып шығып, жаппай наразылық білдіреді. Ағашқа өрмелеп қашқан Никки осыдан кейін қорқып жерге түсе алмай отырады. Сол кезде оның жанына Мама көтеріліп, бетінен сүйіп, жетектеп жерге түсіреді. Бұдан кейін Никкиге ешкім жоламайтын болды».

Мама 1957 жылы орманда туған. Дәл осы жылы Германиядағы зообаққа түседі. Кейін Нидерландтағы Арнем колониясына орналастырылады. Барбара Кинг өз мақалаларында зообақтардың қазіргі жағдайы мен өзгертілуі керек тұстарын жазып келеді. Оның пайымдауынша, жануарлардың ойлауы мен ішкі дүниесі біз білгеннен әлдеқайда күрделірек.  Ал жоғарыда жарияланған видео соның айғағы.