Ат спорты • 26 Қазан, 2017

Неміс тұлпары темірден жаратылған ба?

864 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Немістер темір тұлпарды сапалы жасаудан ғана емес, жылқы баптаудан да ешкімге дес бермейтін түрі бар. Германия автокөліктерді сапалы құрастыратынын әлдеқашан дәлелдеп үлгерсе, бундес елдің сәйгүліктері дүбірлі додаларда жиі-жиі олжа салып жүр. Неміс тұлпарларының әлемдік бәсекеде салған жүлделеріне қарап, Құлагер мен Шалқұйрықтың ізбасарлары Германияға ауған ба деп қаласың. 

 

Неміс тұлпары темірден жаратылған ба?

 Халықаралық бәсекелердің ішіндегі ең абыройлысы – Олимпия ойындары. Атал­ған төрт жылдықтың бай­рақты бәсекесінде неміс ша­­бандоздарының бәсі жо­ғары. Айтулы додада Гер­мания ат спортынан 25 алтын, 13 кү­міс және 14 қола жүлдеге қол жеткізген. Бұл – қос Гер­­манияның бөлінбей тұр­ған­дағы және қайта қосылған кезде көрсеткен нәтижесі. Стокгольм (1956 жыл), Рим (1960 жыл) және Токио (1964 жыл) Олимпиадаларында Батыс пен Шығыс Германия бірігіп өнер көрсетті. Аталған бәсекелерде біріккен неміс командасының шашасына шаң жұқтырмаған сәйгүліктері 5 мәрте алтын медальмен апталып, 5 рет күміс жүлдемен күптелді. Бұдан бөлек 4 мәрте қоладан олжа салды. 

ГФР 1968 жылдан бастап жа­рыстарға дербес қатыса бастаған-тұғын. Өздері өнер көрсеткен Олимпия ойындарында Батыс Германия шабандоздары өз елінің әнұранын 11 мәрте шырқатып, 5 күміс және 9 қола медальға қол жеткізді. Яғни жалпы алтынның саны 41-ге жетіп жығылады. Ен­деше, саяси жағдайға бай­­ланысты елдің атауы өзгер­ді демесеңіз, немістер Олим­пиа­дадағы жетістіктері жө­нінен ешкімді маңына жуытпайды. Ат спортындағы ме­даль саны бойынша екінші орында тұрған Швецияның қанжығасында 17 алтын жүлде бар екенін ескерсек, әзірге неміс шабандоздарының гегемониясын тоқтату өте қиын. 

Ат спортынан әлем чемпионаты негізінен 1953 жылдан бастау алады. Әуелі шабандоздар конкурден сынға түсетін. 1966 жылдан бастап үшсайыс пен ат үйрету бойынша төрткүл дүниенің додасы өте бастады. Әйтсе де, бұл сайыстар жеке-дара әр жерде өтетін. 1990 жылы Ха­лықаралық ат спорты федерациясы ұйытқы болып, бүкіл ат спортының басын біріктірген әлем чемпионаты тұңғыш рет ұйымдастырылды. Содан бері әр төрт жыл сайын әлемнің ең үздік шабандоздары өзара кім мықтыны анықтайды. Гер­манияның әлем чемпионат­тарында қол жеткізген табыстары қомақты. Қамбар ата түлегін баптап мінген немістер 49 мәрте көмбеге бірінші болып жеткен. Бұдан бөлек Германияның қоржынында 35 күміс және 32 қола жүлде бар. 

Олимпиадада алған жүл­делері жағынан Изабель Верт­тің бағы жанып тұр. Ат спортынан ешкім дәл неміс аруы секілді жетістігімен мақтана алмайды. Тақымы берік Верт – 6 дүркін Олимпиада чемпио­ны, 4 мәрте күміс жүлдегері. Шабандоз әлем чемпионатында 7 мәрте алтын тұғырға қонақтап, 2 рет қоланың кермек дәмін татты. Изабель өз карьерасында бірнеше тұлпарды ерттеп мінді. Солардың ішінде «Гиголо» есімді тұлпар Верт­тің бағын ашты. Неміс аруы аталған сәйгүлікпен төрт-төрттен Олимпиаданың және әлем чемпионатының жүлдесін қанжығасына байлады. 

Райнер Климкенің де неміс­тер үшін орны бөлек. Олим­пиадада 6 мәрте алтыннан олжа салған Райнердің же­тістігін жерлестері әлі күнге ауыз­дарының суы құрып әң­гімелейді. Оның 2 қола жүлдесі тағы бар. Ат үйретуден алдына қара салмайтын Климке әлем чемпионатында 6 мәрте жеңіс тұғырының биігінен табылды. Тек 1966 жылғы сайыста қола медаль алды де­месеңіз, өзі қатысқан додаларда Климке әрдайым үздік атанды. Таланттың тақыр жерден шықпасы белгілі ғой. Рай­нердің қызы Ингрид те әке жолын қуып, атқа қонды. Бүгінгі таңда оның қоржынында Олим­пиаданың 2 алтыны және 1 күміс жүлдесі бар. Сондай-ақ, Ингрид екі дүркін әлем чем­пионы.

Ханс Гюнтер Винклер де Олимпиадада алтын медальді қос-қостап жеңіп алған шабандоз. Конкурдан сынға түс­кен Винклер 5 мәрте Олимп шыңын бағындырды. Ол Мон­реаль (1976 жыл) Олим­пиа­дасының күміс, Мехико (1968 жыл) Олим­пиадасының қола жүлдегері. Астындағы аты кедергілерден қиналмай қарғитын Ханс Гюнтер екі әлем чемпионатында шашасына шаң жуытқан жоқ.

Неміс ат спортындағы же­ңісті жылнаманың құпиясы көп емес. Германия сонау бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері жылқыларды жүк тасуға жегіп, оның қыр-сы­рына әбден қаныққан. Одан бөлек, елде ат спорты­мен айналысуға өте керемет жағдай жасалған. Керекті құ­рал-жабдықтар жеткілікті, ат баптаудың нағыз шеберлері неміс тұлпарларының тынысын ашудан шаршаған емес. Сондықтан шығар, елдегі жылқының саны 400 мыңнан сәл асатынына қарамастан, Германия әлемдік бәсекелерде алдына қара салмайды.

Ат спорты қазаққа да жат емес. Тарихқа көз жүгірт­сек, Жамбыл жерінде туы­лып, жер жаһанның төрт бұры­шын түгендеген есті ар­ғы­мақ Абсенттің жеңісті жыл­намасы еске түседі. Құлан­ның құрым кері он екі жыл бойы қатысқан сайыстарын­да қарсыластарынан әр­дайым бір мысқал артық шық­қанын әлі күнге аңыз қылып айтады. Абсент 1958 жылы өткен Бүкілодақтық ауыл­ша­руа­шы­лық көрмесінде ат үйрету шебері Сергей Фи­ла­товтың назарына ілініпті. Екі жылдан кейін Филатов тізгінін ұстаған Құланның құлагері Рим (1960) Олимпиадасында үздік шығып, жеңіс тұғы­рының биігіне көтерілді. Ке­лесі Олимпиада ойындарында Абсент қос қоланы қа­нағат тұтты. Мехикода (1968) Абсентке қонған Иван Калита командалық есепте күміс медальға қол жеткізді. Мексикадағы Олимпиададан кейін Абсент Құландағы асыл тұқымды зауытқа қайтарылды. 

Жалпы, жылқы мен қазақ егіз ұғым. Бұлай деп кесіп ай­туымыздың себебі бар. Жыл­қы ата-бабаларымыз үшін мінсе көлік, жесе ас бол­ған. Қазанат мінген жау­жүрек батыр бабаларымыз шапқан жауының әзірейіліне айналғанын тарихтан жақсы білеміз. Қамбар ата түлегін хал­қымыз жаугершіліктен бөлек спорттық мақсатта да пайдаланғаны белгілі. До­даға түскенде қиқулайтын көк­парымыз бен бәйгеміздің орны бір төбе. Қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерін жылқысыз елес­­тету мүмкін емес. «Шоқ­пар­дай кекілі бар, қамыс құлақ­тардың» сынын айту сонау Толыбай сыншыдан басталып бүгінге дейін жалғасады.

Қазақ пен жылқыны байланыстыратын тағы бір тарихи дерек бар. Қамбар ата түлегін ең алғаш қолға үйреткендер Қазақстан аумағын мекендеген жұрт екені археологиялық қазба жұмыстары кезінде анық­талды. Мәселен, Science журналына шыққан академиялық зерттеуде қолға үйретілген жыл­қының сүйектері Ботай қо­ныстарынан табылғанын мә­лім­деген болатын. Алан Оутрам бастаған ғалымдар атал­ған мақалада Ботай мәде­ние­тінің өкілдері б.з.б 3500 жылдары бие байлап, қымыз ішіп, жүйрік баптағанын айтады. Ендеше, біздің бабаларымыз жылқының қыр-сырына әбден қанық деп кесіп айтуға толық негіз бар. 

Қамбар ата түлегі мен қазақ­тың арасындағы біте бай­ланысқан деректерге қа­рамастан, қазіргі таңда елі­міздің шабандоздары ат спортынан дүбірлі додаларда жүл­де салмағаны біраз ойға жетелейді. Тұлпардың баптауын келтіре алмай жүрміз бе, әлде ат спорты бізге бейтаныс па? Сәйгүліктің бабын келтіре алмаймыз деу әбестік болар. Өйткені тұлпарды сынау өнері бұрыннан бар. Оның үстіне қазақ пен жылқыны тарихи деректер байланыс­тырады. Ат спорты да бізге бөтен емес. Әйтпесе жарты әлемді өнеріне тәнті еткен Абсенттің Жамбыл жерінен шығуын қалай түсіндіреміз?! Ендеше, төрткүл дүниенің бәсекелерінде олжа сал­ма­уы­­мыз ат спортына жет­кі­лікті көңіл бөлмей келе жат­қанымызды көрсететіндей.

 

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»