Кино • 26 Қазан, 2017

Апта фильмі: «Матильда»

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Прокатқа шықпастан бұрын-ақ Ресей қоғамында үлкен резонанс тудырған «Матильда» фильмі бүгіннен бастап Қазақстан кино нарығында көрсетіле бастады. 

Апта фильмі: «Матильда»

Жыл: 2017

Ел: Ресей

Режиссер: Алексей Учитель

Басты рөлдерде: Михалина Ольшанска, Ларс Айдингер, Луиза Вольфрам, Данила Козловский, Ингеборга Дапкунайте, Сергей Гармаш, Евгений Миронов, Григорий Добрыгин, Галина Тюнина, Виталий Коваленко

Жанр: Драма, Триллер, Тарихи

Бюджет: $25 000 000

Әлемдік премьера: 8 қазан 2017

Қазақстандағы премьера: 26 қазан 2017

Жас шектеуі: Е16 - Он алты жасқа дейiнгi көрермендерге ата-аналарымен бiрге көруге ұсынылатын фильмдер

Ұзақтығы: 109 минут

Балерина Матильда Кшесинская мен император II Николайдың арасындағы қарым-қатынасқа құрылған көркем туындының режиссері Алексей Учитель. Картинадағы басты рөлді поляк актрисасы Михалина Ольшанска сомдаса, император екінші Николайды неміс актеры Ларс Айдингер ойнап шықты.  Сонымен бірге фильмге Ингеборга Дапкунайте, Сергей Гармаш, Евгений Миронов, Данила Козловский, Григорий Добрыгиндермен және басқалар түсті. Бір қызығы Ларс Айдингер орыс тілін білмейтін болғандықтан,  Ресейдің театр және кино артисі Максим Матвеев дубляж жасаған.

«Фильм діндарлардың сенімін аяқасты етті» деген уәжбен Госдуманың депутаты Наталья Поклонская мен бірқатар православ қоғамдық ұйымдары картинаның басты қарсыласына айналды. Тіпті Поклонская бас прокуратураға шағым түсіріп, фильм материалдарын жүйелі сараптамадан өткізу керектігін алға тартты. Оның айтуынша, фильмдегі образ әулие қатарына көтерілген Николайдың тұлғасына қайшы келіп отыр. Осымен бірге депутат картинаны көрмегенін, мүлдем көргісі келмейтінін айтқан. Фильм сюжетіне наразылық танытқандар фильмнің нарыққа шығуына қарсылық ретінде арнайы петиция ұйымдастырып, оған 13 мыңнан астам адам қол қойған. Аталған фактілер бойынша Ресейдің бас прокуратурасы РФ Мәдениет министрлігі мен Санкт-Петербург университеті мамандарынан құрылған сарапшылар кеңесімен бірлесіп зерттеу жүргізді. Нәтижесінде фильмнің нарыққа шығуына тыйым салуға еш негіз жоқ екенін хабарлады.

Ресейлік белгілі киносыншы Антон Долин режиссер Алексей Учитель қоғам талқылаудан айналып өтетін, тыйым салынған тақырыпты қозғады деп есептейді.

«1917 жылғы революцияның жүз жылдығында біздің киноматографтар балықтай үнсіз отыр. Қызылдар мен ақтарға, Ленин мен патшаға тиісу арқылы әлдекімді жәбірлеп алаудың қауіпті екенін барлығы сезеді. Ханзада мен хас сұлудың махаббат тарихы ертегідей атмосфераға құрылып қана қоймай, теңдессіз көркем шешім тудырған. Қайталанбас декорациясы мен операторлық жұмыстың мінсіздігінен басың айналады, ал костюмдер өз алдына бөлек әңгіме. Фильм емес, мерейтойға тарту етілген торт сықылды», дейді ол.

Фильмнің түсірілім жұмыстры Мариинский театры мен Екатерининский, Александровский сияқты ірі сарайларда өтті. Картинаға 17 тоннадан астам мата жұмсалып, 5 мыңдай киім тігілген. Фильм музыкасын Оскар жүлдесінің иегері америкалық композитор Марко Белтрами жазып, Мариинский театрының симфониялық оркестрі орындап шыққан.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»