Қазақстан • 27 Қазан, 2017

Қазақстанда ет бағасы не себепті қымбаттады?

1491 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Егер үстіміздегі жылдың тоғыз айындағы статистикалық деректерге көз салсаңыз, ел нарығындағы азық-түлік өнімдері арасынан еттің барынша қымбаттағандығын байқайсыз. 

Қазақстанда ет бағасы не себепті қымбаттады?

Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге назар аударсақ, үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,1 пайызға қымбаттағанда, қой етінің бағасы – 12,7 пайызға, сиыр еті – 12,6 пайызға, консервіленген сүт – 9,2 пайызға, картоп – 8,4 пайызға, кондитерлік өнімдер – 8, сары май – 7,6 пайызға, жылқы етінің бағасы 7,5 пайызға көтерілген.

Сонымен халқының үштен бір бөлігі мал өсірумен айналысатын, мал шаруашылығын атакәсіп деп санайтын Қазақстанда басқа емес, ет бағасы шарықтап тұр деп айтуға болады. Ал бұған не себеп?

Былай қарасаңыз, ет бағасының бұлайша көтерілуіне нақты бір себеп жоқ секілді де көрінеді. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының сөзімен айтсақ, елімізде мал шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Мал шаруашылығын дамыту үшін жасап жатқан мемлекет қолдауы да бұрнағы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда күшейе түскен. Оның үстіне, ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын дамыту бағытында соңғы бір-екі жылдың ішінде жаңа бағдарлама да қабылданды. Осы жуықта ғана сала бойынша маңызды бағыттарды басымдықпен дамытудың жол карталары әзірленіп, олар Үкіметте қолдауға ие болып, Парламент Мәжілісіне таныстырылды. Мұның сыртында, жеке үй шаруашылықтарын кооперативтерге біріктіру жұмыстары да қызу түрде жүргізілуде. Кооперативке біріккен үй шаруашылықтары бұрынғыдай өнім алушыны іздеп, әуре болмайтын болды. Олардың қолдарындағы ет пен сүтті жинап алу үшін әрбір үлкен ауылдан қажетті техникалық құралдармен жабдықталған қабылдау пункттері ұйымдастырылуда. Тіпті бұл істе министрлік жоспарлағаннан да оза шауып, 2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жылдың басынан бас­тап 745 кооператив құрылды.

 Былайша айтқанда, жұмыс жоқ емес, бар. Нәтиже де жоқ емес секілді. Жуықта болып өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың еліміздің агро­өнеркәсіп кешенін дамытуға арнал­ған мемлекеттік бағдарламаның 9 айлық қорытындысы туралы баяндамасында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2017 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылғы осы кезең­мен салыстырғанда 1,9 пайызға, соның ішінде тамақ өнімдері өндірісі 5,3 па­йызға, мал шаруашылығы өнімдері 3,3 па­йызға артқандығы айтылды.

Егер осы деректер рас болса, еліміз­­дің нарығындағы азық-түлік өнімдері­нің, соның ішінде ауылдың әр адамы өндіріп жатқан ет пен сүттің бағасы көтерілудің орнына, тіпті төмендемей-ақ қойсын, өз қалпында сақталуы тиіс еді. Бірақ олай болмай отыр. Ең бір қы­зығы, басқа өнімдер емес, еттің бағасы шарықтай көтеріліп отыр. Неге?

Осы сұраққа жауап таба алмай, біраз адамдар қазір бас қатыруда. Тіпті министрліктің келтірген деректеріне сенімсіздікпен қарайтындар да бар. Мәселен, жуықта Парламент Мә­жі­лісінде «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа ба­ғыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перс­пективалары» деген тақырыппен өткен «Үкімет сағатында» Мәжі­лістің вице-спикері Владимир Бож­ко министрліктің жауапты қызмет­кер­леріне қаратып, «ертегі айтпаң­даршы» деген сөзді айтып салды. 

Әрине, ашынғаннан айтылған сөз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, министрлік мамандарының келтір­ген деректері бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Осыған сенсең, болаша­ғымыз тіпті жарқын секілді.

Бірақ өкінішке қарай, агроөнер­кәсіп кешеніміз қамтамасыз ететін елдің азық-түлік рыногындағы көрініс бұдан мүлдем бөлек. Азық-түлік бағалары айдан айға қым­бат­тай түсуде. Биыл халық көбірек тұ­ты­натын картопты мол ал­дық деп жар салып жатырмыз, ал оның бағасы деликатес тағам­ның бағасына айналып барады. Жұмыр­т­қаның бағасы болса тауық­тың өз бағасына тақап қалды. Ал ен­ді сөз болып отырған ет бағасы­на келсек, оның қымбаттауы жөні­нен біз өз одақтастарымыз – Еуразия­лық экономикалық кеңістік елдерінің бәрінен басып озып, қара үзіп алда келе жатырмыз. Осы фактіге назар аударған ranking.kz агенттігінің мәліметтері бойынша үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның сауда дүкендеріндегі ет бағасы 6,1 пайызға қымбаттағанда, бұл көрсеткіш Арменияда – 3,7 пайызды, Қырғызстанда – 3,2 пайызды, Ресейде 0,1 пайызды құраған. Ал Беларусь елінде керісінше 2 пайызға арзандаған. 

Осыған қарап бәлкім біз еттің бәрін сыртқа жөнелтіп жатқан шығармыз деген ой туып қалуы да мүмкін. Жоқ, олай емес екен. Жур­налист Сергей Буяновтың «ҚазақЗерно» сайтын­да­ғы мақала­сында келтірген деректерге қара­ғанда, өткен жылдың сегіз айында Қазақстан 7,9 мың тонна ет пен еттен жасалған өнімдер экспорттаса, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 5,2 мың тоннаны ғана құра­ған. Қысқасы, ет экспортының көле­мі артудың орнына төмендей түскен. Бұл жөнінде С. Буянов өз мақа­ласында былай деп жазыпты:

«Осыдан біраз бұрын Ауыл шаруа­­шылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаментінің директоры Азамат Сағынбаев ет экспорты жөніндегі жоспардың орын­далмағандығын мәлім етті. Жоспар бойынша жыл ішінде 10 мың тонна ет шетке жөнелтілуі қажет болса, қазіргі күні оның 3,4 мың тоннасы ғана жөнелтілген. Бұл – жоспардың 34 пайызы ғана. Міне, осы жөнінде келтірген шенеуніктің уәжі де өте қызық: «Біздің негізгі рынок – Ресей Федерациясы. Онда рубль көтеріліп кетті де, біздің сиыр етіміз баға жөнінен бәсекеге қабі­летсіз болып қалды», дейді А.Сағым­баев. Ресей валютасы баға­мы­ның өскендігі қазақстандық тауар­дың бәсекеге қабілеттігін қалайша нашарлата алады? Мұны бірде-бір экономист түсіндіріп бере алмайды. Өйткені бәрі керсінше болатындығы бәрімізге түсінікті: теңгенің әлсірегені қазақстандық экспорттаушылардың оң жамбасына дөп келмек. Тек сататын зат бол­сын деңіз. Нағыз проблема да міне, осында тұр. Ал мұны біздің Ауыл ша­руашылығы министрлігі көргі­сі кел­мейтіндей», деп жазады журналист.

Ет экспорты жөніндегі әңгімеге келгенде, Ауыл шаруашылығы министр­лігінің осыдан 6 жыл бұрын жаса­ған жоспары еріксіз еске түседі. Жоспар бойынша Қазақстан 2016 жылы Ресейге 60 мың тонна ет экспорттауы тиіс еді. Осы жос­парды орындау үшін «ҚазАгро» холдингі 2011 жылы «Қазақстан Республикасында мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» атты ауқымды жоба әзірледі. Бұл жобаның басты мақсатының бірі 2020 жылға таман елімізден сыртқа шығарылатын ет экспортының көлемін 180 мың тоннаға дейін жеткізу болды. Осы жобаны орындау үшін ең әуелі шетелдерден асыл тұқымды ірі қара малын тасымалдап әкелуге кең жол ашылды. Өйткені бұл жобаны орындауға бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы жұм­салды. Шетелдік асыл тұқымды мал­дардың өзіміздікіне қарағанда әлде­қайда қымбат тұратыны түсі­нікті. Оның үстіне, ол малдар шетелдерден көбінесе ұшақпен тасымалданып әкелінді. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда қой санын 50 миллион­ға жеткіземіз деген ұран болып, Аустралия үкіметі Қазақстанға «жоспарлары­ңыз­ды орындау үшін қойды тегін береміз, тек оны өз күштеріңізбен тасып әкетіңіздер» дегенде, сол кездегі ауыл шаруашылығының басшылары мұндай қадамға бара алмаған екен. Себебі, есептей келгенде, тасымал шығыны қойдың өз бағасынан артып кеткен. Ал тәуелсіз еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі ондай қадамға барды. Тіпті тасымал шығынын былай қойып, малдың өзін қымбат бағаға сатып алуға тура келген жағдайға да кедергі болған жоқ.

Ақыры не болды? Бюджеттің мил­лиардтаған теңге қаржысы шықты. Бастапқы екі жылдың өзінде шетелдерден қымбат бағалы асыл тұқымды 40,5 мың ірі қара мал тасымалданып әкелінді. Ұшақпен. Сонымен бірге ертегідей көрінген 2016 жыл да келіп, өтіп кетті. Сонымен нәтиже не болды? 2016 жылға белгіленген 60 мың тонна сиыр етін экспорттай алдық па? Жоқ. 60 мың тоннаны айтасыз, 6 мың тонна ет экспорттауға жағдай зорға жетті. Жоспар бойынша ет экспорты жөнінде артқан әлеуетіміз қайда сонда? Қайда екені белгісіз. Сонда мұны ертегі демегенде не дейміз?! Халқымыз «Ет жарықтық жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» деуші еді. Рас екен. Бәрі де көрген түстей болып қалды.

Қазір енді етті экспорттауды қойып, өз халқымызды онымен қамту мұң болып отыр. Содан да экспортқа қарағанда импорт көлемі әлдеқайда ұлғая түскен. Еліміздің статистикалық органдарының мәліметіне қарағанда, Қазақстан 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында шеттен 96 мың тонна ет пен одан жасалған өнімдерді импорттаса, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 116,1 мың тоннаға шарықтаған.

Сонда еттің экспорты мен им­портының ара қатынасын салыс­тырып көріңіз. Экспорты импорт­тың он есе орайтындығына көз жеткізесіз. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер емес пе?!

Әрине, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің жұмысы жоқ дей алмаймыз. Мақаламыздың басында ол жұмыстарға тоқталып та өттік. Бірақ қалай алып қараған­да, еліміздің азық-түлік рыногын­дағы жалпы көрініс көңілге ешбір жұбаныш әкелмек емес. Әсіресе, ет жөнінде. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

"Егемен Қазақстан"