Аймақтар • 27 Қазан, 2017

Өскеменде «қайырымдылық сөресі» ашылды

591 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендегі «Колос» сауда орталығында мүгедек және қарт адамдарға жәрдем көрсету айлығы аясында «қайырымдылық сөресі» ашылды. 

Өскеменде «қайырымдылық сөресі» ашылды

Қаланың кез келген тұрғыны осы жерге келіп, жағдайы төмен немесе үйсіз-күйсіз жүрген жандарға азық-түлік қалдыруына болады. «Бүгін үйге азық-түлік сатып алдым, сонша мөлшердегі азық-түлікті «қайырымдылық сөресіне» қалдыруды жөн деп ұйғардым. Біздің мақсатымыз – қоғамның назарын айналамыздағы мейірімге, жәрдемге мұқтаж адамдарға аудару, қиындық көріп жүрген жандарға қол ұшын созу. Егер бұл акция халық арасында кең қолдау тапса, мұндай сөрелер қаланың барлық дүкендерінде пайда болады», - дейді игі жобаға бірінші болып өз үлесін қосқан қала әкімі Қуат Тұмабаев.

Шаһар жұртшылығы қайырымдылыққа, мейірімділікке шақыратын шараны жылы қабылдаған сыңайлы. Бес баланың анасы Әсем Тілеубердиева бұл акцияның әсіресе көпбалалы отбасыларға біршама жәрдем болатынын айтады. «Дүкенге келіп, таңданып тұрған жайым бар. Күнбағыс майы мен құмықты тегін алдым десем де болады. Мұның өзі әжептәуір көмек қой. Балаларға киім сатып алсаң, азық-түлікке ақшаң да қалмайды. Сондықтан осындай сөрелерді қаланың әр жерінде ашып қойса да, артық болмайды деп ойлаймын», - дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН