Қазақстан • 27 Қазан, 2017

Ұжым ұйымшылдығымен ұтады

685 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауылына қарасты Дариян ауылы – бұрынғы Приурал ауданының орталығы болған үлкен елді мекен. Қазірдің өзінде 6250 адам тұратын ауылда қазақ және орыс тілінде білім беретін екі мектеп бар. 

Ұжым ұйымшылдығымен ұтады

«Егемен Қазақстан» газетінің бас­тамасымен барлық өңірде тілшілердің мектеп ұжымдарымен кездесуі өтіп жатыр. Осыған орай біз ел ішіндегі, ауылдағы қарапайым мектепті қалап едік. Дариянды таңдауымыз да тегін емес, «оңтайландыру» тұсында тарап кеткен аудан, бұрын орыс тілді болған өңірде жаңадан пайда болған қазақ мектебі. Өртеңге өскен гүл тәрізді на­ғыз тәуелсіздік туындысы...

Жанымдағы серігім – Зеленов аудандық мәслихатының депутаты, бұрын­ғы мұғалім, қазір аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыр. Өңірдің жағдайын бес саусағындай біледі. Тарихқа да жүйрік. Дарьинск станицасы өткен ғасырларда Орал казачествосының ірі мекені болған. Белгілі орыс жазу­шысы, «Тынық Донның» авторы Михаил Шолоховтың отбасы Ұлы Отан соғысы кезінде, яғни 1942-1943 жылдары осы ауылда тұрған. 1997 жылы Приурал ауданы тарап, Зеленов ауданына қосылады. Тоқсаныншы жылдары облыс орталығынан шалғай таза қазақы ауылдар тоқырап, тұрғындары қала маңы мен оның айналасына ағылған кезде Дариянның да демографиялық сипаты өзгерген. Әуелі ауылдағы мектепте жекелеген қазақ сыныптары ашылып, 1998 жылы өз алдына қазақ мектебіне айналған екен.

Біз алдымен Дариян ауылдық окру­гі­нің әкімі Болат Ерболатовтың каби­не­тіне кірдік. Әкім биыл 10 көшеге ас­фа­льт төселгенін, мәдениет үйі күр­де­лі жөнделіп, жаңадан мектеп ғимара­ты құ­рылысы жүріп жатқан­дығын әңгімеледі.  

Дариян қазақ мектебі бұрынғы аудан­­дық әкімдік ғимаратына орналас­қан екен. Кеңестік үлгіде салынған үш қабатты, сұсты ғимарат. Маңдайшасына «Қош келдіңіздер!» деп жазып қойғаны­мен, құшақ жайып тұрған қалпы бай­қал­майды. Білім ордасы үшін арна­йы салынбаған, таршылық қысқан тоқ­саныншы жылдары ашылған мектеп қой. Заманында соның өзі зор жаңалық, үлкен жеңіс саналып еді. Іздеп келген мектептің сырты салқын қарсы ал­ға­нымен, ішіндегі аура бөлек екен. Мек­теп басшысы Шолпан Өмірзақова құ­шақ жая қарсы алды. Мектептің жиыр­ма жылдық тарихымен таныстық. 

Мектептің қазіргі отырған ғимараты 1971 жылы салынған екен. Тап-таза, жып-жылы болғанымен, күрделі жөндеу жасалмағаны байқалып тұр. Сынып кабинеттері шағын, 12-14 оқушыға ғана арналған. Спорт залы, асхана атымен жоқ. Шыны керек, соңғы жылдары «мектеп» десе көз алдымызға атшаптырым кең, еурожөндеуден өтіп жарқыраған ғимарат қана елестейтін болған екен. Қоңылтақсып қалғанымызды сезген Шолпан Жанұзаққызы:

– Біздің үлкен қуанышымыз – ауыл­да жаңа мектеп салынып жатыр. Бұ­йырса, 2018-2019 оқу жылын су жаңа ғимаратта бастаймыз. Қаржыны орынсыз шашпау үшін биыл мектебімізде күрделі жөндеу жасалмағаны рас, – деп түсіндіріп жатыр.

Дәл бүгін мектепте 278 оқушы білім алып жатыр. Оның 112-сі баста­уыш сыныптарда оқиды. Одан бөлек мектепалды даярлық тобына 32 бүлдіршін келіп жүр. Байқап тұр­ғаны­мыздай, жыл санап қазақ мектебінің керегесі кеңейіп келеді. 

– Ұжымда 39 мұғалім бар, олардың 34-і (87,1%) жоғары білімді. Кәсіби біліктіл­ікке келсек, 5 әріптесім – жоғары, 13-і  І санатты ұстаз, – дейді мектеп директоры.

Бір тәуірі, мектепте пән мұғалімдері толық, кадр мәселесі шешілген екен. Оның себебі – Дариян ауылы облыс орталығына жақын орналасқан, бұл жерге келуге ықыласты маман көп. Биыл бастауыш сынып пен биология пәні мұғалімдері зейнет демалысына шығып, орнына жолдамамен жас маман келген. 

– Биыл математика пәнінен тағы бір жас мұғалімді қызметке алдық. Оның себебі – қазір қызмет етіп жүрген тәжірибелі екі мұғаліміміз 4-5 жылдан кейін зейнеткерлікке кеткелі отыр. Олардың өзі өтініш айтып, «Ертең біз бір жылда демалысқа кеткенде мектепке қиын болмасын, қазірден бастап жас маман алып, өзіміз тәрбиелейік, тәжірибемізді үйретейік» деген еді, – дейді Шолпан Жанұзаққызы. 

Осы бір детальдың өзінен мектепте ауызбірлікті, ортақ нәтиже үшін жұмыла жұмыс істейтін ұйымшылдықты байқап, ішіміз жылып қалды.  
Мектептің жетістіктерімен танысып жатырмыз. 1998 жылдан бері 235 түлек бітіріп шыққан. Бүгінге дейін ҰБТ сайысында оқу грантына 50 түлек ие болған. 2013, 2017 жылдары Зеленов ауданындағы «Орта білім беретін ең үздік ұйым» аталымын жеңіп алыпты. Осы уақытқа дейін 55 оқушы аудандық пән олимпиадасының жеңімпазы атанса, 8 оқушы облыстық пән олимпиадаларына қатысқан. Дәурен Асылбек есімді оқушы ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған.

– Қарапайым ауыл мектебінен «Алтын белгі» иегерін шығару өте қиын, – дейді әңгімеге араласқан Нұр­жан Тоғыз­байұлы. – Өйткені көзге түсіп, жақ­сы нәтиже көрсеткен оқушы әдет­те қазақ-түрік лицейіне, басқа да таң­дау­лы мектепке ауысып кетеді. Қатар­дағы мек­тептің бір қиындығы осы.

– Менің шәкірттерімнің жеңістері де бір төбе ғой, – дейді әңгімеге араласқан жігіт ағасы. 

Самат Жексенғалиев дене шынық­тыру пәнінің мұғалімі екен. Бұрын ар­­найы жасақта қызмет еткен Самат Өте­­ғалиұлы мектеп жанынан каратэ үйір­месін ашыпты. Әрине бұл үшін бір тиын да алмайды. Жаттығу залы да жоқ. Бірақ жанқиярлық еңбек көп жағдайда материалдық жағдайдың орнын толтырып жібереді. Шәкірттері Думан Ербол, ағайынды Абдолла мен Әбдірахим Өте­ғали спорт шеберлігіне кандидат болып үлгерген. Дәурен Асылбек пен Алмас Нариман – қара белдік иегерлері. 

Дариянның қазақ тілді тұрғындары тоқсаныншы жылдардың қоныс аударушылары дегенбіз. Мектеп қызмет­керлерінің түгелге жуығы да өзге өңірден келіп, осы ауылда тұрақ тапқандар. Мек­теп басшысы Шолпан Өмірзақованың өзі де БҚМУ-ды бітірген соң 1999 жылы жолдамамен Дариян мектебіне келген екен. Қызметтің қатардағы мұғалімнен директорға дейінгі барлық сатысынан өткен ол жас мамандарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ерекше қолдау екенін айтады. Дариян мектебінде 12 жас маман дәл осы бағдарлама арқылы баспанаға ие болған.

Мен де осы бағдарламаның шарапатын көрдім,  дейді Асылан Айдарханов әңгімеге араласып. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі 2011 жылы Дариян ауылына келіп, қызметке орналасқан. Жас отбасы бір жыл пәтер жалдап тұрыпты. Сөйтіп құжаттарын өткізіп, келер жылы үй сатып алған. 

Осы жерде бір мәселе шығып тұр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жоғары білім алып, өз ауылына келген жастарға көмектеспейді. «Туған жер» бағдарламасы қолға алынып жатқан тұста өз ауылына қызмет етуге келген жас маманның құқығы неге өзге өңірден келген әріптесінен төмен болуы тиіс, дейді әріптесіміз. Н.Дүзбатыр.

«Егеменнің» тілшілері ел ішіне шығып, әсіресе мұғалімдермен етене араласқаны – керемет бастама», дей­ді ұстаздар. Газет бетіндегі оң өз­герістер, білім саласына бетбұрыс – мұға­лімдердің назарында. «Тәлім» және «Білім» беттері, «Ұстаздық – ұлы ұғым», «Ашық сабақ», «Үйренетін үрдіс», «Тәжірибе тәлімі», «Білім және білік», «Ізденіс іздері», «Ғылым және тағылым», «Дүниетаным» айдарлары білім саласындағы барлық кеңістікті қамтиды. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, жалпыұлттық басылым мұғалімге басын иіп тұрған кезде, ұлы істің басы-қасында жүрген ұстаздар қауымы неге қырын қарасын?! Қай салада да әлеуметпен қарым-қатынас, қоғаммен жанды байланыс қажет екендігін мұғалімдер түсініп үлгерген. Сондықтан Дарияндағы кездесуден жылы әсер қалды. «Біз әлі кездесеміз» деген оймен жылы қоштастық.  

 

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»