Тарих • 27 Қазан, 2017

Рухы биік тұлға

1160 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» деген екен атақты ойшыл Сенека. Өйткені, тіршілігінде мазмұнды, ғибратты, салиқалы өмір сүру кез келген жұмыр бас­ты пенденің пешенесіне жазыла бермесе керек. Сол себепті мәнді де мағыналы тірлік кешіп, бұл өмірде ізгілікті із қалдыру кімге болса да арман. 

Рухы биік тұлға

Иә, шынында да «қалай өмір сүрдік, жеткен жетістігіміз қандай, сүрінген жеріміз бар ма? Болса неден?», деп ойланатынымыз да заңды. Өйткені, ғұмыр қас-қағым сәт. Осы қас-қағым сәт жайлы парасатты жан ойланбай қоймайды. Абай да қарасөзінің бірінде «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік. Алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әуре­шілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік. Қа­жы­дық, жалықтық; қылып жүр­ген барлық ісіміздің бә­рінің баянсыздығын, бай­лау­сыздығын көрдік, бәрі қор­шылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» депті. Иә, данышпан Абай айт­қандай, мына қамшының сабындай қысқа өмірде біз де талай кісілермен дос, жолдас, қызметтес болдық. Солардың бірегейлерінің бірі, мен үшін орны бөлек жан Өмекең – Өмірәлі Шәкірапұлы Жалаири.

1976 жылы Мәскеудегі Шы­ғыстану институтын, одан кейін Марокко корольдігіндегі Рабат университетін тәмамдап елге оралған соң, бірер ай Қа­зақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутында еңбек еттім де, 1977 жылы ақпан айын­да С.Киров атындағы Қа­зақ универ­ситетіне қызметке ша­қырылдым. Сөйтіп біраз жыл филология факультетінде ұстаз болдым. Сол кездегі әріп­тесім, қазіргі Д.Қонаев атын­­дағы Еуразиялық заң ака­­де­миясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Шәкірапұлы Жалаири (Қопабаев) бауырымызбен алғаш танысқаннан бастап ол кісімен етене жа­қын­дасып кетуіме оның жы­лы жүзді, ешкімді жатсынбайтын ізгі қасиеті себепкер болды ғой деп ойлаймын. Уни­верситетіміздің ұжымы үлкен, ол кісі заң, филология факуль­тетінде сабақ беріп, түрлі жиналыс, басқосуларда кез­десіп жүрдік. 1983 жылы уни­вер­ситеттің жаңа үйі бітті де, екеумізге бір қанаттан пәтер берілді. Енді тек қызметте ғана емес, үй жақта да жиі жолы­ғатын болдық.

Өмекең, Өмірәлі бауырымыз үл­кен өмір жолынан өтті. Орта мектеп бітірісімен ерекше зерделі, білімділігінің арқасында мұғалім болып жұ­мыс істеген ол Ресейде әс­кери борышын абыроймен өтеді. Ол 1966 жылы әскер­ден оралған соң Алматы об­лысының ішкі істер органдарында жұмыс істеді. ІІО-дағы үздік қызметі үшін С.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ) заң фа­культетіне оқуға жолдама бе­рілді.

Университетті қызыл дип­ломмен бітірген соң үздік студент ретінде ҚазМУ-дің әкімшілік құқық кафедрасында аспирантураға қалдырылды. Белгілі қазақстандық ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор С.Сартаев төр­аға­лық еткен университеттің диссер­тациялық кеңесінде «Облыстық ат­қару кеңестерінің жоғарыдағыларға бағы­нышты кәсіпорындармен қарым-қа­ты­насы» тақырыбында кан­дидаттық диссертацияны тамаша қорғады. Бірінші ресми оппоненті КСРО ҒА Мем­лекет және құқық институты директорының орынбасары, әкімшілік ісі саласындағы ке­ңестік ірі ғалым А.Лунев болды. КСРО БАК тарапының 1980 жылғы шолуында Ө.Қо­пабаевтың (Ө.Ш.Жалаири) дис­сертациялық ғылыми-зерт­теу жұмысы кеңестік заң ғы­лымдарын дамытуға маңызды үлес қосқан ең жақсы ғылыми жұмыстардың бірі болып танылды. Аспирантураны үз­дік бітірген соң ҚазМУ-дің заң факультетінің жетек­ші кафе­драларының бірі – Кон­ституциялық және әкімшілік құ­қық кафедрасының ассис­тенті, аға оқытушысы, доценті және меңгерушісі ретінде қыз­мет атқарды. Жұмыс барысында университет пен факуль­теттің қоғамдық істеріне белсене араласып, заң факультетінің партбюро хатшысы болды.

1993 жылы Қазақстан Рес­публикасы тәуел­сіздік алған­нан кейін ол ердің ері ғана бара­тын тәуекелге бел буып қазірде заң академиясына ай­налған Д.Қонаев атындағы университетті құрды. Міне, содан бері осы білім ордасынан мыңдаған кәсіби білікті заңгерлер түлеп ұшып, жақсы мамандарға зәру болып отырған жас мемлекетіміздің кетік тұ­сына кірпіш болып қалануда. Өмірәлі бұрынғыдай дайын ғимараты, дайын аудитория­лары, дайын оқытушылары жоқ тақыр жерде іс бастаса да, шөл даланы егінді, гүлденген алқапқа айналдырған ұлы диқандай нөлден басталған білім ордасын аяғынан тік тұр­ғызды, бұл күнде өздеріне қарасты бірнеше колледждің әрқайсысын оқу корпустары­мен, жатақханамен, ал академияны өздері арнайы сал­ған 12 қабат ғимаратпен қам­­тамасыз етіп, студенттерге арналған дәл сондай зәу­лім жатақхана құрылысын аяқтауға жақындап, заманауи технологиямен жан-жақты жаб­­дықталған материалдық-техникалық базасы күшті, профессорлық-оқытушылық құрамы мықты, түлектері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие, тек бакалавриат қана емес, магистратура, докторантура ғалымдарын да даярлайтын іргелі, беделді жоғары оқу ор­нына айналдырды. Мұндай аса жауапты міндетті жүзеге асыру үшін қан­дайлық білім, қаншалықты күш-қуат, жігер-қайрат керек екенін әділ де парасат-пайымы терең жандар шынайы сезіне алар деп ойлаймын. 

Сүйген жары Кә­шипа Ра­­хымбекқызы Дархам­бае­ваның қолдауымен осындай ұлы мақсат-мұрат жетегінде жүріп Өмекең ғылымды да ұмытқан жоқ. 2000 жылы ҰҒА академигі М.Баймахановтың төрағалық етуімен болған Қазақ гума­нитарлық-заң уни­верситетіндегі док­торлық жә­не кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі дис­сертациялық кеңесте Өмірәлі Шә­кірапұлы «Қазақстан Рес­публикасы мемлекеттік би­лігін ұйымдастырудың және қызметінің конституциялық-құқықтық негіздері» (теория және тәжірибе мәселелері) тақырыбында докторлық дис­сертациясын ойдағыдай қор­ғады. Орайы келгенде айту керек, оның екі ғылыми дис­сер­тациясы да бірінші кезекте Қазақстанның мүддесін алға шығарып, еліміздегі аса маңызды, ірі әлеуметтік мәсе­лелерді ашып көрсете және олардың шешімін орынды, дәлелді, қоғамға ой тастар­лықтай деңгейде айта білген құнды еңбектер.

Д.Қонаев атындағы Еура­зиялық заң академиясының ректоры, профессор, ірі ға­лым, жоғары мектептің ұйым­дас­тырушысы әрі үздігі Ө.Жа­­лаири бүгінгі таңда да респуб­ликаның жоғары білімі және ғылымына ғана емес, демо­кратиялық Қазақстанның мем­­­­­лекеттік дамуына да баға жеткісіз үлес қосуын жалғас­тыруда. Еліміз егемендік ал­ғанға дейін де, кейін де ұла­ғатты ұстаз, жақсы педагог, көрнекті қоғам қайраткері ре­тінде көп құрметіне бөленген Өме­кеңнің дәрісін тыңдаған шә­кірттері ұстаздарының ше­бер лектор, білімдар ға­лым екендігін құрметпен, мақ­танышпен айтады. 

1997 жылдың желтоқсаны. Менің Сауд Арабиясы король­дігіндегі Қазақстан ел­шілігінде кеңесшілік қызметке кіріс­кеніме бірнеше айдың жүзі болған.

Қазақстан мен Сауд елі арасындағы түрлі сала бойынша достық, мәдени, сая­си қарым-қатынасты жолға қою үшін бар күшімізді жұмсаудамыз.

Қасиетті Отанымыздан Жоғар­ғы сот төрағасы Мақсұт Нәрік­баев бастаған делегация келді. Оның құрамында заңгер досым, әріптесім, профессор Өмір­әлі Шәкірапұлы да бар еді. Қазақстан заңгерлеріне Сауд елі үлкен құрмет көрсетіп, мемлекет басшылары қабылдады. Делегация король Фаһдтпен де кездесті. Мемлекет астанасы әр-Риядтан соң олар қа­сиетті Мекке және Мединеге зиярат етті. Сапар­дың сәтті өтуіне Өмекең де өз үлесін қосты.

Кейіннен дін қызметінде жүрген кезімде де ол кісімен қатынасымыз үзілген жоқ. Бел­гілі заңгер ретінде Діни басқарма жанындағы ақыл­дастар алқасына мүше­лікке тарт­тым. Оның мәжіліс­тері­мізге қатысып, заң жағынан ақыл-кеңес беріп тұрғанын риза­шылықпен еске аламын.

Бірде ол арнаулы топты бастап Ресейдің Рязань облы­сындағы Қасымов қала­сында өмір сүрген, сонда дүниеден өткен Қадырғали Жалайыри баба­мыздың зиратын іздеу сапарына аттанатын болды. Әуелі өзі басқаратын Заң ака­демиясында жұрт жиналып, құрбандық шалып, бата қылдық, ақ жол тіледік. Тек бұл ғана емес, Өмекеңнің отбасылық қуаныштарынан да тыс қалған емеспіз. Ондай кездері бәріміз бірге жиналып, мәре-сәре болып қаламыз. Ол мені өз университетінде өткен түрлі халық­аралық, республикалық конференциялар мен симпозиумдарға да шақыруды ұмытқан емес.

Осы күндері ойлап отырсам, бәріміз де уақытымызды қызметке, яғни адам тәрбиесіне, жақсы маман даярлауға жұмсап келеді екен­біз. Ғылым арқылы мұратқа жетуге ұм­тылдық. Сол қастерлі көш алдында Өмір­­әлі де жүрді. Ол кісінің менмендігі, тәкап­парлығы, кеудемсоқтығы жоқ, қашанда кішіпейіл, мейірбан, ізетшіл, үлкен жүректі азамат деп білем. Өмекең ректорлықпен, заңи қызметтермен ғана шектелмей, мемле­кетіміздің түрлі іс-шараларына да белсене атсалысып тұрады. Өзі Қадырғали би Қосым­ұлы Жалайыри атын­дағы халықаралық қордың президенті. Көп­теген ғылыми еңбектердің, оқулық­тардың авторы. Төрт перзентін иманды, білімді, зиялы, халқына адал, адамгершілігі мол, еңбекқор, әдепті жандар етіп тәрбиелеген абзал әке ғана емес, сүйікті ата немерелерінің де елімізге пайдалы, жоғары саналы азамат болуына ықпал етіп, әр ұлт жанашырларына қажет ізгілік қағидаларын ұрпақтарына үй­ретуде. Өзімен аралас-құра­лас дос-жаран­дарын, ғылым жолын­дағы әріптестерін қат­ты құрметтеп, сыйлайтын ағамыз бірде өзі құрған білім ордасына арналған оқу ғима­ратының іргетасын қалау алдында хабарласып, сол іс-шара­ның басы-қасында болуға шақырды. Оған елімізге белгілі талай азамат жиналды. Бәріміз университеттің көркейіп, еліміз үшін жоғары білімді, иманды азаматтар тәрбиелей беруін Жаратқаннан сұрап дұға жасадық. Былай қарағанда, базбіреулер онда тұрған не бар деуі де мүмкін. Әңгіме ниетте.

Пайғам­барымыздың, оған Алланың сәлемі, игіліктері болсын, хадистерінің бірінде Алла таға­ла пендесіне ниетіне қарай беретіні айтылады. Сол себепті, тілек тілеуде де үлкен мән бар.

Өмекеңнің мемлекетіміз үшін маңызды үлкенді-кішілі іс-шаралардың бәріне үн қо­сып, атсалысып отыратыны сүйсінтеді. «Бұған менің не қа­ты­сым бар?», деп қалыс қал­майды. Қайта ондай іске өз үлесін қосуды азаматтық парызы санайды.

Осындай өнегелі ісі көп Өмірәлі ортасында сыйлы, қадір-құрметке ие жан. Иә, Алла тағала бір пендесін сүйген болса, оны адамдарға да сүйкімді етеді. «Сіз еліңіздің сүй­кімді, абзал азаматысыз, Өмеке», деймін оны көрген сайын.

 

 

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, 
ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор