Аймақтар • 27 Қазан, 2017

Алматыда ғылымның заманауи бағыттарына арналған халықаралық конференция өтті

500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде  «Білім мен ғылым дамуының химия, биология, экология және география бойынша заманауи бағыттары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы оқу орнының Медиа орталығы хабарлады.

Алматыда ғылымның заманауи бағыттарына арналған халықаралық конференция өтті

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бастамаларды іске асыру аясында жастарға рухани тәрбие беретін игілікті шараларды ұйымдастыра отырып, отандық ғалымдардың ұлағатты істерін өскелең ұрпаққа насихаттау.

Химия ғылымдарының докторы, профессор Е. Меңліғазиевтің 75 жылдық, химия ғылымдарының докторы, профессор Б. Жиембаевтың 70 жылдық мерейтойына орайластырып ұйымдастырылған алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, еліміздегі ғылыми мекемелердің басшылары, отандық және шетелдік танымал ғалым-зерттеушілер қатысты.

Қыздар университетінің Жаратылыстану факультетінің деканы Қажымұқан Кішібаев оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенованың шараға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқыды.

– Құрметті конференцияға қатысушылар, еліміздегі педагог кадрлар даярлайтын іргелі оқу ордасы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне қош келдіңіздер! Рухани жаңғыру – бұл адам сана-сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты факторы – сапалы білім, бәсекеге қабілеттілік. Осы орайда қазақстандық ғалымдардың шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау мен оны кең көлемде жариялауда, жастарды жобалық зерттеу іс-әрекеттеріне тартуда және білім беру үрдісінің тиімділігін көтеру мен қолданбалы ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда осы тақілеттес жиындардың мәні мен маңызы қаншалықты зор екендігі айтпаса да түсінікті. Конференция қатысушыларына жемісті жұмыс тілеймін, – делінген құттықтау хатта.

Конференция жұмысы 4 секция бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, жиынға қатысушылар «Қазіргі таңдағы химия және химиялық технологияның өзекті мәселелері», «Биология, өсімдіктер физиологиясы, биотехнология және экология салаларының инновациялық жетістіктері», «Географиялық ғылым және білім: қазіргі жағдайы, мәселелері және болашағы» және «Инновациялық білім беру – педагогикалық шеберлікті дамытудың негізі» бағыттары бойынша тың ойларымен бөлісіп, пайымды пікірлерін айтты.  Баяндама жасағандар қатарында «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры, техника ғылымдарының докторы Жайлаубай Жұбатов, Түркияның Омер Халисдемир университетінің профессоры Торғай Дуген, Стамбул университетінің профессоры Мехмет Арслан сынды беделді ғалымдар бар.

Сондай-ақ, конференция аясында қазақстандық ізденушілердің ғылыми еңбектерінің көрмесі өткізіліп, ғалымдардың студенттерге арналған шеберлік сыныптары жүргізілді.

Конференцияға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ шығару көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі ізденуші жастарға, ғылыми жұмыстармен айналысатын ғалымдар үшін маңызды теориялық және әдістемелік көмекші құралы болмақ.