Қазақстан • 30 Қазан, 2017

«Бөбек» қоры жиырмаға келді

1534 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бес күн бойы Алматы ша­һары республикамыздың түкпір-түкпірі мен әлемнің әр шал­­ғайынан жиналған ұстаз­дар­ды тоғыстырып, «Өзін-өзі тану – сүйіспеншілік пен шы­ғар­машылық педагогикасы» тақырыбындағы халықаралық форумына ұйытқы болды. 

«Бөбек» қоры жиырмаға келді

Бір жағынан педагогикалық форум ме­гаполистегі «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, бі­лім беру және сауықтыру орталығының 20 жылдығына арналды. Жиын жұмысына «Бөбек» қорының президенті және «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани даму бағдарламасының авторы Сара Назарбаева, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысты. 

Сондай-ақ халықаралық дең­гейде мойындалған мұғалімдер – адамның өзін өзі жетілдіруі мен психологиялық педагогикада өз әдістерін қалыптастырып, оқулықтар жазған ғалымдар Джум­саи Ат Онг (Таиланд), Шал­ва Амонашвили, Паата Амо­наш­вили (Грузия), Мейер Мариа­нна (Копенгаген-Фран­кфурт), Фон Калиновски Петра (Германия), Юлия Семендуева (Ресей) Джафар Маллаев (Ресей), Риза Хали­лов (Әзербайжан), Клара Мансурова (Ресей), Ангелина Моги­левская, Дерижан Иске (Бол­гария) Екатерина Артамонова (Ресей), Галина Новикова (Ресей) сынды педагогика саласындағы танымал тұлғалар қатысып, шеберлік дәрістерін өткізді.

Аталмыш жиынның айрық­шылығы да осында, «Бөбек» қо­рының президенті Сара Назар­баева атап өткендей, «...Біз әлде­қашан ұмытып, қаперден шы­ға­рып алған ғасырлар бойғы ру­хани-адамгершілік білімді қай­та жаңғырту керек. Міне, қазіргі қо­­­ғамға жетісе бермейтін рухани дің­гек осы болса керек», дейтін тұ­­жы­рымы уақытпен үндесіп жатыр.

Осылайша алдымен ізгілік пен сүйіспеншілікті мұрат тұтқан адамгершілік пен мейірімділіктің ең ұлы қағидалары еліміздің «Бөбек» балалар қорының негізіне айналғанына 20 жыл толды.

«Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева орталықтың алғашқы күннен бергі аса маңызды міндеті – жоғары білімді, ден­саулығы мықты әрі рухани да­мы­ған тұлға қалыптастыру екенін атап өтті. Республика мұ­ғалімдерін емен-жарқын, бүкпесіз сұхбаттар құруға шақырды.
«Дұрыс ұйымдастырылған білім жалпы адамгершілік құн­ды­лықтарынан тұрады. Тек білім арқылы ғана біз қоғамда рухани байлықты қалыптастырып, әр адамның бойындағы ерекше қасиеттерді танимыз әрі жүзеге асырамыз, соның арқасында мемлекетке, барша адамдарға пайдасын тигізуге ықпал етеміз», дейді Сара Алпысқызы. 

Не десек те, Қазақстандағы «Бөбек» орталығы құрамына балалар бақшасы, гимназия мен колледж енген жаңа типтегі айрықша білім кешені екенін атап өткен жөн. Әлемдік білім берудің бай тәжірибесі де қайтадан білім беру ісіндегі адамгершілігі жоғары және рухани жағынан дамыған тұлға қалыптастыру қағидасына оралып отыр. 

Мәселен, Сара Алпыс­қы­зы­ның «Біздер қандай ата болсақ та, алдымен балаларымыздың бас­қа­лардан артық, тапқыр, талантты болғанын қалаймыз. Алайда, қымбатты достар, бірінші біз бұл жайында емес, балаларымыздың жақсы Адам болғанын армандауымыз керек. Оның айналасына жақсылық жасауы, қоғамға зиянын емес, пайдасын келтіруі жайында ойлануымыз керек», дегенімен шәкірт тәрбиелейтін әрбір маман келіседі. 
Сонымен салтанатты түрде ашылған халықаралық педагогтар форумында Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев Қа­зақ­стан Премьер-Министрінің құт­тықтау жеделхатын оқып берді. 

Үкімет басшысының жеделхатында «Бөбек» қоры құрылған кезеңнен бастап балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау жұ­мыстарын атқарып келеді. Са­ра Алпысқызы, Сіз қор құ­рыл­ған сәттен бастап балаларға адам­гер­шілік, рухани тәрбие беру­дің және олардың жан-жақты жетілген тұлға болып қалып­та­суының жаршысы болып келесіз», делінген. 

Қарап отырсақ, «Бөбек» өзінің даму жылдарында балалардың сауықтыру-бейімдеу орталығынан өзекті ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру жобаларын жүзеге асыратын көпбейінді кешенге айналды. Мұнда отандық білім саласы үшін жаңа стандарттар, оқу бағдарламалары мен әдістемелік әдебиеттер жасала­ды. Сара Назарбаеваның басшы­лы­ғымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасы бо­йынша барлық өңірлерде қанат­қақты мектептер ашылды.

«Өзін-өзі тану» бағдарламасы еліміздің барлық мектептерінің оқу процесіне енгізілген. А­л­ма­тыда бұл бағыт бойынша 8 қа­натқақты оқу орны жұмыс істейді. Қаланың 817 педагогы «Өзін-өзі тану» пәнін оқытады, 525 арна­йы ка­бинеттер бар, биылғы жы­лы осы бағдарлама бойынша 194 педагог білімдерін жетілдіру курс­тар­ында болды, дейді қала басшысы..

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың білім беру көрсеткіштеріне теңдессіз үлес қосқан «Өзін-өзі тану» бағдарламасының маңыз­дылығын атап өтті. Алматылық оқушылар 6 жыл қатарынан ҰБТ тапсыруда көшбасшы болды. 15 жыл бойы республикалық ғылыми жобалық конкурстарда бірінші орынды иеленуде. Қала оқушылары 12 жылдан бері республикалық олимпиадада командалық бірінші орынды, ал 11-сынып оқушылары арасында өткен Президенттік олимпиадада төрт жыл қатарынан бірінші орынды жеңіп алды.

«Бүгінгі күні жалпы адам­гер­шілік құндылықтар кей ретте тоқырауға ұшырай баста­ғанда «Өзін-өзі тану» бағдар­ламасы жан-жақты тұлға қалыптастырудың негізгі пәндерінің біріне ай­налды. «Өзін-өзі тану» нағыз адам болуға, айналадағы әлемді жете тануға және бағалауға, үздік, білімді, ашық болуға, Отан­ға риясыз қызмет етуге баулиды», дейді Алматы әкімі.

Шаһар басшысы білім берудің басты бағыттары туралы айта келе, мұғалімдерді шаттыққа бөле­ген жақсы жаңалықты жария­лады. Қалалық әкімдік жеке инвес­торлардың демеушілігімен «Бө­бек» қорының мерейтойына орай үздік ұстаздарға тағы да 5 пәтер­дің кілтін ұсынды. 
Және айта кетерлігі, бастауында Сара Алпысқызы Назарбаева тұрған «SOS Балалар ауылдары» да өздерінің 20 жылдығын атап өтті. «SOS Балалар ауылдары» балалар үйлерінің тиімді баламасына айналды. Мұнда ата- анасыз қалған балалар жаңа отбасына ие болып, үй жылуына бөленеді.

Қорыта келгенде, рухани-адамгершілік білім беру мәселелері бойынша өткен форумда «Жүрек сырын сүйіспеншілікпен ашу...» фильмі көрсетіліп, еліміздегі педагогика саласының ғалымдары сөз алды. 

Философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов «Ру­хани жетілу – адам болмы­сы мен болашағының негізі» дейтін ізде­ністерімен бөлісті. Ал про­фес­сор Грета Соловьева «Ақпа­рат­тық технологиялар дәуіріндегі өзін өзі тану: мән-мағына табу» мәсе­лесі тұрғысында сөз қозғаса, «Оқу­лық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы дирек­торының орынбасары Әділхан Дүйсебек «Постиндустриялық қоғамға өту жағдайында білім берудегі парадигмалық трансформациялар» тақырыбын қаузады.

Кезегімен сөз алған Парамент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева осы жиырма жылдың аясында мыңдаған бүлдіршіндер «Бөбек» ҰҒПББСО-да айрықша білім алып, өзін-өзі тану дәрістері тұрақты өзгеріп отырған әлем жағдайында адамның толыққанды жолындағы жан-жақты мүмкіндіктерді қамтитын болашақтың білім беру моделінің негізіне айналғанын атап өтті. 

Қазақстандағы БҰҰ (ЮНИ­СЕФ) балалар қорының өкілі Юрий Оксамитный да «Бөбек» орталығының өзіндік орнына тоқталып өтті.
Пленарлық отырыста шетел­дік ғалымдар қазіргі ізгілік педа­го­гикасы, инклюзивті білім беру­дің рухани-адамгершілік аспек­тілері, отбасылық симфония мен отбасылық конституция жайында баяндамалар жасап, ой бөлісті. 

Бес күнге созылған форум дүйсенбі күні салтанатты түр­де жабылады. Халықаралық фо­рум­ның жұмысы баяндамалар мен шеберлік сабақтарды ғана емес, концерттік бағдарламалар мен қошеметті марапаттауларды да қамтыды. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР

Соңғы жаңалықтар