Қазақстан • 30 Қазан, 2017

Тоқаев фин сарапшысы Паси Салбергпен кездесті

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақтағы бі­лім беруге арналған құн­ды­лықтар, игіліктер және инновациялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келген білім беру саласындағы белгілі фин зерттеушісі әрі сарапшысы Паси Салбергті қабылдады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев фин сарапшысы Паси Салбергпен кездесті

Кездесу аясында тараптар білім беру және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту мәселелерін талқылады.

Жоғарғы палатаның басшысы Сенатта өткен орта білім беру жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеудің өзекті мәселелері мен келешегіне арналған парла­менттік тыңдау туралы хабардар етті.

Қ.Тоқаев ғылыми жетіс­тік­терге, оқытудың инновациялық әдістеріне және мұғалімдердің жоғары біліктілігіне негізделген финнің білім беру жүйесінің тиімділігін атап өтті. Төрағаның айтуынша, Қазақстан әлемдік білім беру кеңістігінде кеңінен танылған фин тәжірибесін зерттеуге және пайдалануға мүд­делі. Қазақстанды келешекке бастайтын аса зерделі бала­ларды оқытуға жақсы жағ­дай жасалған зияткерлік мектеп­терінің қызметі осы мақсатқа қол жеткізуге арналған. Соны­мен бірге бүкіл елімізде бастау­ыш және орта білім беру­дің бірыңғай стандарттарын жасау міндеті қойылды. Мұғалімдер­дің еңбекақысын көтеру мәсе­лесі маңызды мәселелердің қатарында.

Өз кезегінде П.Салберг Қ.То­қаев­тың пікірімен келісе отырып, оны сапалы білім беру ортасын жасау бағдарламасымен таныс­тырды. Білім беру жүйесіндегі бірыңғай стандарттар, оқушылардың әл-ауқаты және олардың білім алу ісіне белсенді қатысуы осы бағдарламаны әзірлеудің негізгі ұстанымдары болып белгіленген.