Аймақтар • 30 Қазан, 2017

Атырауда республикалық «ASAR» серіктестік форумы басталды

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Атырауда алғаш рет республикалық "ASAR" Үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ), бизнес пен мемлекеттің өзара əрекетіне бағытталған үшжақты серіктестік форумы басталды,-деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда республикалық «ASAR» серіктестік форумы басталды

Маңызды шараның ашылуына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Əбдіхалықова қатысты.

«Елімізде əлеуметтік серіктестіктің негізі қалыптасқан. Мемлекет үшжақты ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жетілдіріп отырады. Бірлескен қызмет жаңа идеялар мен технологиялардың қалыптасуына ықпал етеді, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға серпін береді», деді Гүлшара Əбдіқалықова.

Форум аясында Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, аймақта ҮЕҰ-бизнес-мемлекет қатысуымен əлеуметтік жобалар табысты жүзеге асып жатқанын айтты. Мысалы, "Заңғар" жастар жобасы - оқушылар мен студенттердің алдыңғы қатарлы технологияларды меңгеруіне бағытталған. Жобаны "Шеврон" компаниясының қолдауымен «International Youth Foundation» халықаралық жастар ұйымы мен "ИнфоЦентр" жергілікті қоғамдық бірлестік жүзеге асырып отыр.

«Жобамен 5 мың адам, жүзден астам оқу орындары қамтылып отыр. Халықаралық дəрежедегі жүзден астам тренер дайындалды»​​​​​​​, деді облыс əкімі.

Кəсіпкерлікті дамыту саласында "Жарқыра" бағдарламасы тиімділігін көрсетті, оның аясында екі жыл ішінде 12 бизнес жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. "Жарқыра" жобасын "Орталық Азия Евразия" қоры "Теңізшевройл" компаниясының қолдауымен жүзеге асыруда.

Облыс əкімі атыраулық кəсіпкерлер əлеуметтік нысандар құрылысына - балалар орталықтары, бала бақшалар, саябақ, мəдениет, спорт нысандарына қаржы салуда белсенді екендерін атап өтті.
Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Туған жер" бағыты бойынша жалпы құны бір миллиард теңге болатын 11 жоба жүзеге асып жатыр. Оны жергілікті кəсіпкерлер қаржыландырған.

Сондай-ақ, форум аясында бизнес-құрылымдар мен ҮЕҰ-лар арасында бірлескен əлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 10 меморандумға қол қойылады. Келісімдер мен меморандумдар ҮЕҰ жұмысына байланысты барлық тосқауылдардың алдын алады деген болжам бар.

"ASAR" үшжақты серіктестік форумы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының құрамдас бөлігі бола отырып, жыл сайын ҮЕҰ, бизнес пен мемлекет арасындағы диалог алаңына айналатын болады.

Форум ұйымдастырушылары - ҚР Дін істері жəне азаматтық қоғам министрлігі, "Атамекен" ұлттық кəсіпкерлер палатасы, Атырау облысының əкімдігі. «Chevron», «Tengizchevroil», «Raimbek Group» компаниялары, Қазақстан жастары Конгресі, "Жастар таңдауы-Атырау" ҚҰ, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес ұйымы форум серіктестері қатарында.