Қазақстан • 30 Қазан, 2017

Қазталов ауданында «Туған жер» бағ­дар­ламасына орай мектепте мұражай ашылды

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағ­дар­ламасында атап көрсетілгендей қазақ елінің әр өңіріндегі сайы мен қыры, тауы мен жотасы, даласы мен қаласы терең тарихтан сыр шертеді.

 

Қазталов ауданында «Туған жер» бағ­дар­ламасына орай мектепте мұражай ашылды

Осындай өңірлердің бірі болып саналатын Қазталов ауданында да талай тарихтың қилы кезеңдері өткенін біреу білер, біреу білмес. Сонау орта ғасырларға жататын қос өзеннің бойы­нан табылып жатқан Жалпақтал, Сары­өзен қалалары бұған дәлел болмақ.

Соның бір айғағындай тарихи жә­ді­гер­­лер көп табылып жатқан Көктерек ауылдық округін атап айтуға бола­ды. Біз аудан әкімі Абат Шыны­беков­пен бірге осы ауылдық округке қарас­ты Саралжын (Киров) ауылына барған іссапарымыз­да ауыл төңірегінен табылған тарихи жәді­гер­лердің куәсі болдық.

Саралжын ауылындағы М.Жүнісов атындағы негізгі жалпы білім беретін мектепте Елбасымыздың мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы­на орай, мектеп ұжымы ауыл тарихынан сыр шертетін өлкетану музейін ашуды қолға алып жатыр екен. Жарас Ғалымов басқаратын ұжым мектеп ішінен бір бұрыш ашып, тарихи жәдігерлер­ді жинақтауда. Әртүрлі кезеңдерден сыр шертетін жәдігерлер ішінен көзге түскені қанжар, қылыш және садақтың жебесі. Мектеп директорының айтуынша, бұл жәдігерлер ауылдан 10 шақырым қашықтықта орналасқан Бірәлі обасынан табылған екен. Қай ғасырда жасалғаны белгісіз. Зерттеу­ді қажет етеді. Бірәлі сияқты обалар Сарал­­жын ауылы аумағында көп кез­де­се­ді дейді. Жарас Ғалымовтың сөзі­­нен байқағанымыздай, бұндай жәді­гер­лер обаның беткі қабатынан ғана табылған. Ал астыңғы қабатында қандай құнды заттар жатқанын көру үшін қазба жұмыстарын жүргізу керек сияқты. Бұл болашақтың еншісінде демекпіз. 

Шалғайда жатқан шағын ғана ауыл­дың тарихын ашып жатқан мектеп ұжымының еңбегі барша қазақстан­дықтарға үлгі болары анық. Өйткені осы ұжым сияқты тарихымызды зерделеп, өткенімізге көз жіберсек, әрбір ауыл­дың тарихын түгендеу арқылы туған Отаны­мыздың тарихын жасаумен пара-пар деп түсінуіміз керек. 

Қайрат ЖАҚЫП,

Батыс Қазақстан облысы, 

Қазталов ауданы