Күрес • 31 Қазан, 2017

Қазақ күресінен бір жылда екі әлем чемпионаты өтті

1002 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Естімеген елде көп, биыл қазақ күресінен екінші рет әлем чемпио­наты ұйым­дастырылды. Елімізде екі қазақ күресі федерациясы бар. Бірі –Дүниежүзілік, екіншісі – Халықаралық. Бұл ортада ақ қараны анықтау да қиын секілді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? 

Қазақ күресінен бір жылда екі әлем чемпионаты өтті

90-жылдардың қиындығын бас­тан өткеріп, тар заманда талай жарыс ұйымдастырған Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы FILA-ға мүше болғанына 18 жыл болды. 7 рет Әлем чемпионатын, 11 рет Азия біріншілігін өткізген. Қазақтың төл күресін дамытып, қолдан келгенше қызмет етіп келді. Алайда, «Қазақстан барысы» жобасы пайда болғалы бері бұл федерацияның басына қара бұлт үйірілді. Арман Шораев бастаған жігіттер «Еуразия барысы», «Әлем барысы» секілді ірі жобаларды жүзеге асырып, Дүниежүзілік қауымдастық шет қала бастады. Сәт­ті өткен жобалардан соң, Арман Шо­раев пен Сәрсен Құранбек бастаған тұл­ғалар халықаралық қазақ күресі қауымдастығын құрды. Бір қазақ күресінен елімізде осылайша екі қауым­дастық пайда болды.

Қарапайым көрерменге, қазақ күресінің жанкүйеріне бұл мәселе әлі де түсініксіз. Алғашқыда «Қазақстан барысы» жобасы қауымдастық құ­рамына алынып, олар Дүниежүзілік қазақ күресінің аясында өтуі мүмкін болған. Алайда, Серік Төкеев бас­қаратын ұйымға жаңадан пайда бол­ған жобалар кіріге қоймады.

Әрине, бұл екі қауымдастықтың да кемшілігі мен артықшылықтары жоқ емес. Екеуі де қазақ күресінің дамуына ат салысып жүр. Халықаралық күрес қауымдастығы «Қазақстан бары­сының» арқасында алыс-жақын елдерге мейлінше төл күресімізді таныстырды. Шетелдік телеарналарға тікелей көрсетілімдер жасалып, елдің бәрі тағатсыздана күтетін күрес мере­кесіне айналды. Ал Дүниежүзілік күрес қауымдастығы болса, Африка мен Еуропа ел­деріне барып, қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырып, қазақ күресін Ашғабадта өткен жабық ке­шендердегі Азия ойындарының қатарына қосты. Үстіміздегі жылы қазан айында Бе­ларусь астанасы Минскіде әлем чемпионатын өткізді. Ал күні кеше қазан айының 28-29-нда Астанада өткен жаһандық жарысқа Халықаралық қазақ күресі қауымдастығы ұйытқы болды.

Ақын ОРДАБАЙ, Дүниежүзілік қазақ күресі қауым­дастығының баспасөз қызметкері:

– Серік Адамұлы Төкеев бастаған қауымдастық қаншама жылдар бойы қызмет етіп келеді. Әлем біріншіліктері мен Азия чемпионаттарын үздіксіз ұйымдастырып жүр. Мемлекеттен бір тиын қар­жы да алмадық. Әр облыстағы демеушілерге барып қолқа салдық, әйтеуір жарыс­тарды өткіздік. Енді міне, аяқ астынан халықаралық қауымдастық біздің еңбегімізді жоққа шығарғысы келеді. Тіпті, балуандардың барлығына хат жазып Дүниежүзілік қауымдастықтың жарыстарына қатысатын болсаңдар, біздің құрамадан шығасыңдар деп қорқытады екен...

Айбек Нұғымаров, балуан:

– Мен ең алдымен спортшымын. Екі федерацияның бір-бірімен не бөлісе алмай жүргенінде шаруам жоқ. Жоғарыдағы басшылар өздері бір шешімге келіп, кімдікі дұрыс, кімдікі қате екенін анықтап алады. Балуандар да осыған орай екіге бөлініп кетіпті деген әңгіме жоқ. Біз­ге жағдай жасалынып, жарыстар ұйым­дастырылып тұрса болды. Басқа шаруаларға бас қатыруға уақыт жоқ. Жат­тығуларымыз бастан асады.

Екі күрес қауымдастығының аражігі ашылып, жақын арада бір бітімге келуі тиіс. Жанкүйер қауымға қос қауым­дастықтың бірігіп, бір ту астында жарыс ұйымдастырғаны дұрыс болар еді. Әйтпесе, қосарланған қауымдастық қызметі баянды бола қоймасы анық.

Ал елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен Әлем бірін­шілігіне 40 мемлекеттен 166 балуан келіп қатысты. Қазақстан құрамасы 6 алтын, 1 қола медаль еншілеп жалпыкомандалық бейресми есепте бірінші орынға ие болды. Ал түйе балуандар арасындағы тартыс­та грузиялық Гуга Кибордзайидзе жеңіске жетті. Финалда ол Айбат Сейтенді ширек финалда сүріндірген тәжік Дадахон Құрбаналиевті жеңді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»