Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Ұлттық рухты көтерудің маңызы зор

1399 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алып өз алдына дербес өмір сүре бастаған жылдары мемлекеттің бар мақсаты халықты экономикалық тығырықтан алып шығу болды. Бар күш экономиканы дамыту, халықтың әлеуметтік әл-ахуалын жақсартуға арналды, ол бо­йынша түрлі ауқымды жобалар іске асты. Бүгінде шүкір, қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білдік, тұрақты даму жолына түсіп, толағай жетістіктерге жеттік. Бірақ бұл қоғамда  рухани құндылықтардың екінші деңгейге түсіп, материалдық құндылықтың алдыңғы қатарға шығуына әсер етті. Осы тұста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегі «темірді қызған кезінде соғу»  болғаны даусыз. 

 

Ұлттық рухты көтерудің маңызы зор

Мақаланың негізгі өзегі – ұлт мәселесі. Материалдық құндылықтар бірінші қатарға көтерілген қоғамда енді «ұлттық құндылық» деген түсінік өзекті дүниеге айналды. Байқасақ, мақалада «Ұлт» сөзі көп қолданыл­ған. Бұрын көп айтыла бермейтін «ұлт­тық код», «ұлттық дәстүр», «ұлттық-рухани тамыр», «ұлт жадының тұғырнамасы», «ұлттық прагматизм», «ұлттық бірегейлік», «ұлттық жаңғыру», «ұлттық сана-сезім», «ұлттық болмыс», «ұлттық рух», «ұлт перзенті», «ұлттық мәдениет», «ұлт­тық құндылық», «ұлттық біре­гейлік», «ұлт мақтанышы» деген түсініктер алдыңғы қатарға шыққан. 

Тәуелсіздігімізге 25 жыл болса да әлі бұғаулық боданынан шыға ал­май келе жатқан халқымыз үшін ұлт­тық рухты көтеру – маңызды міндет. Ұлттық рух – ұлтжандылық, отан­шылдық, патриотизм, ол – мемлекетке адалдық, ол – қабылдаған заңдарға бағыну, бас ию. 

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәр­тіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, заңы берік, тәртібі мықты ел ғана алға озады.

Еліміздің әрбір азаматы өз құқығын, бостандықтарын, мін­деттерін білуі тиіс, әрбір азамат құқық нормаларын, заңдылық талаптарын берік ұстануы керек. ­Біздің мақсатымыз бүгінгі қоғам­ды ұлттық болмысымыздан алыстат­пай, құқықтық сауаттылықты, тәрбиені, сананы жетілдіру. Заңдылық пен демократияның даму негізі болған құқықтық нормаларды бойға сіңіру. Жастарымызды кешегі тамырынан ажыратпай бүгінгі қоғамға бейімдей алу. Өйткені кешегісіз бүгін жоқ. Елбасы айтқандай, тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шеке­ден қарамай, замана сынынан сү­рінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырта білуіміз қажет. 

Кешегі түгел сөздің түп атасы Майқы биден бастап тарихта өткен от ауызды, орақ тілді дала діл­мар­ларының даналық сөздері – біздің ұлттық-құқықтық санамыздың өзегі. Қазақтың дəстүрлі ережелері мен құқықтық күші бар əдет-ғұрып заң­дары арасында белгілі бір белгі болған жоқ. Қоғамның саяси өмірінде ел бірлігін сақтау мақсатында билер соты жариялылығымен, əділдігі жəне шешендік данышпандықтары арқылы екі жақты татуластырумен бітімгершілікке көп мəн беріп отырды. Бабаларымыздың қара қылды қақ жарған әділдігі мен өткірлігін біз бүгінгі құқық қызметкерлерінің бойына дарыта білуіміз қажет. 

Қазақ билерінің өзіне тән ерек­шелігі мен басқа халықтарда кез­­деспейтін қасиеті – дау-жанжал­дарды мағыналы, шешендік сөз­дермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп баға­лауымыз керек. Өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды шешкен қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аудар­ған. Бүгінгі түрлі заңдары­мыз бен нормативтік-құқықтық актілерімізде белгі­ленген міндеттер мен талаптар халқымыздың ғасырлар сүзгісі­нен өткен мақалдарында жинал­ған. Мысалы, 674 баптан тұратын Қыл­­­мыс­тық процестік іс-жүргізу кодексін қазақ «Тура биде туған жоқ, туған­­ды биде иман жоқ» деген бір ауыз сөзге сыйғызған. 

Яғни қазақ даласындағы құқық­тық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзін­дік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрі­нісі әрі құқықтық мәдениеттің ірге­тасы. Міне, осы құндылықтарды жастардың бойына сіңдіре білсек, онда құқықтық мәдениетті, Елба­сы ерекше атап өткен ұлттық праг­ма­тизмді қалыптастыра алдық деп айтуымызға болады. 

Қоғамның экономикалық, əлеу­меттік, мəдениеттік дамуы жақ­сы деңгейде болса, адамдардың сана-сезімі де сол дəрежеде болады. Олай болса озық отыздыққа енуге ұмтылған еліміздің рухани жаң­ғыруы да алдыңғы отыздық сапында болары анық. 

 

 

Бекайдар ТОЙЛЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы

ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы,

полиция полковнигі, педагогика ғылымдарының докторы