Әлем • 01 Қараша, 2017

Нью-Йорктегі теракт: Қысқа әрі нақты түсіндірме

664 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні Нью-Йорк уақытымен сағат 16:00 де Американың жетекші арналары Манхэттеннің Трибек ауданында қайғылы оқиға орын алғандығы жайлы алғашқы шұғыл ақпаратты тарата бастады. Бұл АҚШ-қа қарсы жасалған кезекті лаңкестік әрекет еді. Оқиға жайында өзекті сұрақтардың басын ашып көрелік. 

Нью-Йорктегі теракт: Қысқа әрі нақты түсіндірме

AP Photo / Craig Ruttle

Оқиға қалай өрбіді?

Home Depot компаниясынан 50 АҚШ долларына шағын жүк көлігін жалға алған жүргізуші жергілікті уақыт бойынша сағат 15:15-те (Астана уақыты бойынша 01:15) Нью-Йорктегі Манхэттеннің орталығында жаяу жүргіншілерге қарсы шабуыл ұйымдастырды. Ол Уэст-стрит ауданында орналасқан велосипед жолына шығып, алдына кезіккен барлық дүниені қиратып, 17 орам жүріп өткен. Көлік мектеп автобусымен соғысқаннан кейін ғана тоқтаған. Кәугерлер сөзіне сенсек, тоқтай салысымен, ол «Аллаху Акбар» деп айқайлап, қару алып, қашпақ болған. Сол мезетте полиция қызметкерлері оны жаралаған. Белгілі болғандай, күдікті қолындағы қарулардың бірі пейнтбол ойынына арналған болса, екіншісі пневматикалық тапанша еді. Нәтижесінде сегіз адам ажал құшып, он бір адам әртүрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.

Global Look Press

Құрбан болған кімдер?

Соңғы деректерге сүйенсек, көз жұмған сегіз адамның бесеуі Аргентина, ал біреуі Бельгия азаматы. Ал, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов бұл лаңкестік оқиғадан Қазақстан азаматтары зардап шекпегенін айтты.

Күдікті кім?

Әлемдік БАҚ-та айтылғандай, күдіктінің есімі - Сайфулло Саипов. 29 жастағы Өзбекстан азаматы 2010 жылы АҚШ-қа грин-карта арқылы келіп, басында Огайо, Нью-Джерси, Патерсон қалаларында тұрса, соңғы уақыттары Флорида штатының Тампа қаласында тұрақтаған. Үйленген. Жұбайы және кішкентай екі сәбиі бар. АҚШ-та Uber компаниясында көлік жүргізушісі болып қызмет атқарып келген. Бұл ақпаратты компания өкілдері растап отыр.

Билік өкілдерінің әрекеті қандай болды?

Құзырлы органдар көп уақыт өтпей оқиғаны лаңкестік әрекет деп ресми түрде хабарлады. Қала мэрі Билла де Блазио бейбіт халықтың өмірін жалмаған бұл әрекетті лаңкестіктің ең зұлым түрі деп атады. Ал, ел президенті Дональд Трамп ақыл есі дұрыс емес адамның әрекеті екендігін атап көрсетті.

Оқиғадан кейін АҚШ Президенті шекаралық бақылауды күшейту туралы өкім шығарды. Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо күдіктінің көмекшілері жоқ деген ойын айтты.  

Әзірге бірде-бір лаңкестік топ қылмысты өз мойнына алған жоқ.

AP Photo / Bebeto Matthews

Еуропадағы лаңкестік оқиғалармен қандай ұқсастық бар?

Соңғы жылдары дамыған террористік актілер жарылғыш заттардың көмегімен емес, қолда бар басқа құралдармен жасауда. Нақтырақ айтқанда, лаңкестер жүк көлігіне мініп, адамдар көп шоғырланған жерге барып, бейбіт тұрғындарды таптауды шығарды. Лаңкестік шабуылдың бұл түрі Англия, Франция, Германия сынды Еуропа елдерінде бірнеше рет қайталанып, алғаш АҚШ-та болып отыр.

Бір айта кетерлігі, қазан айының ортасында АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік министрі қызметін атқарушы Элейн Дюк қанды лаңкестік әрекеттер болуы мүмкін екенін болжаған еді.

 

Жасұлан АЯЗБАЕВ