Әдебиет • 03 Қараша, 2017

Түн ортасында туған толғаныс

842 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Түркі дүниесі тарландарының бірегейі, балқардың ұлы ақыны Қайсын Қулиевтің 100 жылдығына орай бірер сөз

Түн ортасында туған толғаныс

Мәскеудің Герцен көшесіндегі Әде­би­етшілердің Орталық үйінен түн­нің бір уағында төрт адам шығып, «Мәс­кеу» қонақүйіне қарай бет алды. Қан­дарында жеңіл шараптың буы бар сияқты. Асықпай баяу басып барады. Байсалды жүріс-тұрыстары, өз қадір-қасиеттерін сақтай білуі менің осынау ақсақалдарға деген тебіреніске толы құрметім мен мақтаныш сезімімді тудырып еді. 

Балқар Қайсын Қулиев, башқұрт Мұс­тай Кәрім, қалмақ Давид Кугуль­тинов, авар Расұл Ғамзатов. 

Олар ХХ ғасырдың ұлы ақындары болатын. Ұлы жерліктер еді. Қазір ол ақындар арамызда жоқ. Олар қайтып оралмайтын сапарға кеткен. Біз үшін олар­дың орнын ешкім баса алмайды. Олар өз өлеңдерін де бізге қайтып оқи ал­майды. 

Ал сіз мен бізге олардың өлеңдерін оқыған абзал болар деп ойлаймыз.
Мұстай Кәрім:
Естігенім: қарт Кавказдың бораны
Қабірлеріңді қарға көміп тастапты. 
Қайсын, Расул...
Түннің мына бір уағы
Мен ойлаймын өздеріңдей асқақты. 

Қайсын – аға, 
Расул – інім біртұтас,
Мен – ортаншы.
Араларыңа кірмеймін. 
Қар астында жатқан екі құлпытас,
Сол шыңдарға ұмтылар деп біл, 
мейлің.
Кавказ алыс. 
Асуы да бой бермес,
Аса алмаспын арқыраған боранын.
Ақеділдей сүйіктіме тең келмес
Ешбір мекен –
Жетер болса ажалым.
Ол күтеді,
Шақырады ол мені.
...Таңертеңнен жауған қардың 
өрнегі...

Давид Кугультинов:
Сәтсіздіктің сағын сындыр,
Жеңіс үшін жан сауға. 
Сені мақсат шақырсын-дүр,
Болмас әсте шаршауға.

Болса да көп кедергілер,
Сабыр сақта, жанықпа!
Мұқалмасын ерен жігер,
Сен өзіңе, халыққа.

Сөзбен ғажап сені тербеп,
Сені таңдап шақырған.
Мақсатыңа жеткін өрлеп,
Болмай күнің қапылған.

Расул Ғамзатов:
Қарттарым жазған ертеде
Қанжармен және қанжарға.
Қарындаш, шіркін, келте ме,
Жазамын соны мен зорға.

Қоштасып атам жарымен,
Ұрысқа салып жан-демін,
Жазғанды тасқа қанымен
Сиямен жаза алмай әуремін.

Қайсын Қулиев:
Біздің толқын кетіп жатыр
Күркіреген нажағайсыз.
Тас шайнаған едік батыр,
Енді бізге қарамайсыз.

Өмір-өлім күресінде,
Тауқыметін бастан кештік.
Бұл жалғаннан бір көшуге
Біздің кезек келді жетіп.

Тағдыр-әмір қасымда тұр,
Табын-күннің бұлтын айдап.
Біздің толқын кетіп жатыр
Сағат, күнін, сәтін сайлап!

Осынау төрт ақынның жырлары – ХХ ғасырдағы тұтас бір ақындық дәуір бо­латын. Олар өз елінің терең поэзия әле­міне зор ықпал жасады. Олардың өлең­дерінде Отан бейнесі асқақтады. Олар шынайы халықтық ақын ретінде қа­­лыптасып өсті. Олар өз ел-жұртының кел­­бетіне беймазалықпен, тежеусіз құш­тар үмітпен, аяулы аңсармен аялай үңіле қа­раған ақындар болатын. 

Олар туған ел-жұртының халық­тық-эпикалық ошағын қастерлеп сақ­та­ды. Оларды ұлттық, діни, тап­тық қай­шылықтар қанша айырып, ал­шақ­та­тып жатса да, олар әлем мен адам­ның бірлігіне кәміл сенді. Олардың әр­қай­сысы өз халқының және бүкіл адамзат баласының мұң-шерімен өмір сүрді. 
Бұл ақындардың әрбір өлеңі біз үшін асқақ ой-сезім әлеміне айқара ашылған жүректер болды. Олардың өлең ырғақтары бізді еліктірді, тамсандыра тербеді, ойға қалдырды. 

Қайсын Қулиевтің жаны жайсаң еді-ау. 
Мен оны көрдім.

Өкінішке қарай Қайсын ағамен сирек кездестік. Бірде Мәскеуде, бірде Санкт-Петербургте, бірде Алматыда, бірде Ереванда, бірде Махачкалада. 
Бірақ ешқашан Нальчикте кездескен емеспіз.

Ақынды өз Отанында көріп, сезіп, өлеңдерін тыңдаған рахат! 

Ақын туған өлкесінде қалай тыныс­тайды, жерлестерімен қалай сөйлеседі, қа­раңғы түнге сіңіп жоғалып, құпиялар әле­мінде, көлеңкелер патшалығында адам­дардың жүректері хақындағы жыр­ла­рын жалғыздықта қалай тудырады – осыны сезіну бақыт еді ғой! Ақын бақыты да осында. 
Оқырман бақыты да сол.

Шаршап келіп шарап ішті бір жұтым,
Таба наннан үзіп алды азырақ.
Жүрген жолы болмай қалды тым 
ұзын,
Шаршағаны сап басылды қазір-ақ.

Аспаны да бола қалды көгілдір,
Жымиғандай алыстағы жартас та.
Біз адамбыз.
Адам болсаң өмір сүр,
Шарап пен нан шалқытады балқашта.

Есіктерден үрмеді иттер абалап,
Үрді ме, әлде, естімейді бұл елеп.
Араз көрші көздерімен аялап,
Күзгі жаңбыр жауды жұмсақ себелеп,

Күз қиыры кеткендей-ақ жарқырап,
Шаршаулы жүз жымиғаны керемет...
Жұтым шарап, нан мен мейір – 
жалғыз-ақ,
Одан басқа адамдарға не керек!
Мен оны көп оқыдым. 

Оның ақындық, философиялық ой тол­ғамдарына қуандым, өз өрнектеріне, ойларына зер салдым. 

Ол өлеңдерін балқар тілінде жазды, ал мен оның асыл жырларын орыс тілі­не аударылған нұсқасы арқылы ғана оқы­дым. Біз шығармаларымызды түркі тілінде ту­дырдық, рухани тұрғыдан өнегелі де өріс­ті түркі әлемінде өмір сүрдік. 

Ол – тау шыңдарының арасында, мен – кең жазира далада өстім. 

Ол – Эльбрустың ұлы еді.

Мен – Дешті Қыпшақтың перзенті болатынмын.

Қайсын ағаның өлеңдерін балқар тілінде оқымағандығыма әлі күнге дейін өкінемін. Сол үшін әлі күнге дейін ұяла­мын. Түркілердің ұлы түркі әлеміне үңіл­мейтініне әлі күнге дейін жаным ау­ы­­рып азаптанамын.

Біздің жүрегіміздегі от-жалын, та­мыр­­ларымызды қуалап аққан қызыл қан – біз ұмытқан, біз жоғалтып алған түркі әлемінің мұрасы еді ғой.
Қайсын ағаны Алматыда алғаш көргенімде ол 56-да, мен 27 жаста бола­тын­мын. Сол кездің өзінде ол әлемдік атақ­қа ие асқақ ақын, адал жүректі адам еді. 

Қайсын Қулиев батыр жауынгер болды. Батырлық оған қанынан да­ры­ған. 1944 жылы далалық госпиталь­дан шық­қан тұста ол сұмдық хабар естіді. Бал­қар халқы Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан­ға жер аударылыпты. Жи­ырма жеті жастағы десантшы таяқ­қа сүйеніп жүріп, әділетсіз қуғынға ұшы­ра­ған өз халқымен Дешті Қыпшақ да­ласына бірге кетті. 

Нағыз азаматты тағдыр тауқыметі мой­ыта алмақ емес.

Қайсын Қулиев дос бола білетін және сол достық сезімді аялап ардақтайтын еді. 

Ол Пушкинді, Лермонтовты, Блокты, Низамиді, Рудакиді, Твардовскийді жат­қа оқушы еді. Біз, жастар, оның ес-ақы­лына таңғалатынбыз. 

Ол кісі кең ойлайтын, шалқар сезімге жан-тәнін салатын. Барлық адамдарға, бар­лық әлем халықтарына дос болатын. 

«Біздің жан дүниеміздегі ізгілікті жою мүмкін емес, ізгілік, шындық, ешқашан жеңілмек емес» дейтін Қайсын Қулие. Оның адамдық, кісілік тәрбие сабақтарын біз жас кезімізден ойымызға түйдік, жүрегімізде сақтадық, үлгі қылып ұстандық. 

Қайсын Қулиев ашық толғанатын, тебіренетін, ерекше әсерлі сөзге бой ұратын. 

Ол үздік әлем ақындарын терең баға­лады, содан да оларды туған бауырла­рын­­дай сүйді. Ол маған қазақтың ұлы ақы­ны һәм данасы Абай туралы ұмы­тыл­мас сөз айтып еді. 

«Егер орыстар үшін Пушкин, ағыл­шын­дар үшін Шекспир ғаламат ұлы құ­былыс болса, Абай қазақтар үшін ғарыштық құбылыс болып табылады. Осыны есіңде сақта, жас досым», деген сөзін қалай ұмытарсыз.

Ол әлемдік мәдениетті бағалауда кеңпейіл еді, әрі әділетті болатын. Бұл қасиеті оны әлемдік ақындық ортада даралап бөлек ұстайтын. 
Мен қазір ойлаймын, сол дарабоз ақын ағаларымыз бізден гөрі ұяттырақ, арлырақ, тазарақ әрі әділеттірек болған-ау, деп. Олар үшін ар-ұят тірі болмыс, жанды құбылыс болып қалған-ау. Олар оны өз тағдырларынан бетер аялап сақтап өткен болатын. 

– Балқар тілі – түркі тілдері ішіндегі ең таза тіл, – дейтін ағамыз кәміл сеніммен. 

Біз үндемейтінбіз. Әрине дауласуға да болар еді. 

Шығыста үлкеннің ешкім сөзін бөл­ме­ген. Сол қасиетті әдепті бүгін біз ұмыт­­тық. Өкінішті. 

Қайсын аға қалт еткізбес қырағы көз­дерін жарқ еткізіп:

– Менде ертеде гректер жаса­ған қып­шақ грамматикасының фото­көшір­ме­сі бар, – дейтін. 

Біз тағы үндемейтінбіз. 

О-о, одан бері қаншама ғасырлар өткен?! – деп іштей ойға бататынбыз. Нақ­ты дерек – бұлтартпайтын құдірет қой. 

Қайсын аға болса күлімдеп, бізге Эльбрустың өжет бүркітіндей көз тас­таушы еді. 

Қайсын өлеңдеріндегі таза тұнық ой біз­ді толғандырған. 

Ал оның жырларындағы күш-құдірет пен қайсар рух өріп өсе берген. 

Чегемде туған Қайсын Қулиев ұлы ақын, ұлы адам болып жүрегімізде қал­ған болатын. 

Кінәлі боп қалмайыншы текке мен, 

Әміріңе қашан құлдық ұрмадым?
«Темір бол!» деп айттың дағы –
Отпенен 
Өзің мені шынықтырып, шыңдадың. 

Қия басқан жерім бар ма, кеш қалған?
Бұйрығыңнан бұлтармастың өзімін. 
«Тас болғын!» деп айтқаныңда тас болғам, 
Тастан берік болған жоқ па төзімім. 

Қай айтқаның қалып еді елеусіз,
Сен жыласаң, көз жасымды көл еттім.
«Өгіз болшы!» дегеніңде, мен – өгіз,
Мойынтұрық киіп арба сүйреттім.

Күнім бар ма уағда-серттен 
шықпаған?
Айтсаң болды, алдым тағдыр 
бермесін.
«Өмір сүрші!» дегеніңде ықпағам,
Сүрдім өмір шамам келсін-келмесін.

Менен отты қалағанда – от болдым,
Жанартау да, пеш те болдым, жан 
айым.
Енді менен не тілейсің?
«Күл болғын!» –
Десең, лаулап, күл боп жерде 
қалайын». 

(Мақалада келтірілген өлеңдер ақын Қорғанбек Аманжол аудармасында берілді – Р.С.)

Қайсын ағаның асыл сөздері біздер, – жастар үшін берік қорған, арқа сүйер тірек болды. 

1983 жылдың күзінде Қайсын ағамен КСРО Әдеби қорының ауласында кез­дестім. Бұл кезде ақын қатты ауырып жүр­ген еді. Өңі жүдеу тартып, әлсірегені бі­лі­ніп тұрды. Бірақ рухы мықты еді. Нұрлы көздері от шашатын. Ойлары жарқын, түсінігі анық еді. 

– Мен қазақ ақыны Шәкәрім туралы көп естігем. Ол жайында сенің «Литературная газетадағы» мақалаңнан бірінші рет танып білдім. Тамаша мақала. – Ол аз тыныс алып, мені бір қолымен қапсыра құшақтады: – Бабалардың намысын, туған ел-жұртыңның намысын қорғау үшін майданға шық! Ештеңеден тайсалма. Өлім қорқынышты емес, Роллан. Қорқыныштысы – қорқақтық. Намыссыздық! Шындықты жаз! Тек шындықты ғана. Басқасы керек емес. Басқасы – көбік. – Үнсіз ойланып барып: –Алим Пшемахович Кешоков досыма бара жатырмын. Көрмегелі көп болды. Сөй­лесуіміз керек... Сау бол, Роллан... Біз­де сау тұр дейді...

Соңғы сөздерін балқарша айтты. 

Ол кезде Шәкәрім ақын әлі ақтал­ма­ған-ды. Оның есімі алпыс жыл бойы атал­мады. Өлеңдері жарыққа шықпады. Ақын туралы айту мен жазу былай тұрсын, ақын баба туралы ойлауға да тыйым салынған кездер еді ғой. 

Қор елде туып, қорлықпен өткен өмір­­ді несіне айта береміз?!.

Бұдан кейін Қайсын ағаны мен көр­ген жоқпын. 

Ақынның жер бетіндегі жолы аяқтал­ды. Басқа жол басталды. 

Ол ақын Рухының жолы болатын. 

Қайсын Қулиев жомарт жүректі асыл жан еді, ол адамдарға қуаныш сыйлауға тырысып баққан. Оның Чегемі өмірді сүю мен адал­дықтың планетасы болып қалды. Қайсын аға теңеулері мен бейнелі ой пікі­рлері жанды баурайтын. Ол өзінің ғажайып дарынын ұлы түр­кі поэзиясына сый қылып тартып кет­кен. Қайсын Қулиевтің өлеңдері тау бұ­лағының өміршең тасқынындай, бізді тазалыққа баурады. Қайсын Кулиевтің өлеңдері менің жүрегімде әлі күнге дейін өмір сүруде. Шығыстың аса ұлы даналарының бірі Жәлеледдин Руми айтқан сөзі осы түн­де есіме түсті: «Халқым, мені өлгеннен кейін жерден іздемеңдер. Мені өз жүректеріңнен із­деңіздер». 

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ,
жазушы