Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Бейімбет дәстүрі һәм Акутагава

1085 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ әңгіме, новелласының үздік шебері Бейімбет Майлин өз шығармаларында халық өмірінің көркем шежіресін жасап кетті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дара. 

Бейімбет дәстүрі һәм Акутагава

Ол – көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдаған суреткер. Жазушының қысқа жаза отырып, ұлт бейнесін шебер беруі бәрімізді тәнті еткен жоқ па?! Ұлт мінезінің әр қырын жіті ашып бейнелеп, образдар жиынтығын жасау тек Бейімбетке ғана тән секілді.  

Бейімбеттің замандасы, бір дәуірдің перзенті, күншығыс елінің жазушысы Акутагава Рюноскэны біраз талдап, неліктен әлемге танымал, Бейімбеттен қай тұсымен ерекшеленіп тұрғанын кө­рейік. Меніңше, ешқандай ерек­шелік жоқ сияқты. Ол сол кез­де шағын әңгіме жазып, сол сти­лімен елді аузына қаратты. Ағы­мы модернизм екені айтпаса да белгілі. Себебі ол осы әдіс ар­қыл­ы әңгімелерін әлемге танытты емес пе? Әңгіме ауанын осы жайтқа  сәл бұра кетейік.

Студенттік кездің өзінде мо­дер­низм, қысқа әңгіме жазуды мең­­геріп, күллі қауымды өзіне қа­ратады. Әдебиетте өзiндiк дү­ниетанымы, көркемдiк әдiс-тәсiлдерi, эстетикалық тұғыр­на­ма­сы, төл тақырыбы болмаған жа­зу­шылар iз қалдыра алмақ емес. Ал Акутагавада осылардың бәрi де бар болып шықты.

Қазiр Акутагава ашқан тәсiлдер әлем әдебиетiнде кең қолданыс тапқан. Бұл тәсiлдер әдебиет қана емес, кинематографияның да үлесiне айналғалы бiраз болып қалды. Жапон киносы патриархтарының бiрi Акиро Куросаваның «Қанға былғанған тақ» атты фильмi соның бiр айға­ғы. Бiр қарағанда, фильм орта ға­сырлардағы жапон өмiрiнен сыр шертетiн секiлдi. Фильмнiң не­гiзiнде кiмнiң, қай халықтың туындысы жатқандығын бiлмей­тiн­дердiң бұған сенетiндерi де анық. Ал әлем әдебиетiнен хабары бар жан фильм өзегiнде Шекспирдiң атақты «Макбетi» және осы пьесаға мұрындық бол­ған байырғы шотланд ертегiсi жат­қандығын бiрден аңғарған бо­лар едi. Жапон өмiрi туралы сыр шертетiн шотланд ертегiсi. Ал мұндай метаморфозалар Аку­тагава шығармашылығында же­тiп артылады. Рас, Акутагава шы­ғар­машылығының бастауында сан ғасырлық тарихы бар жапон жазба әдебиетi жатқандығы жасырын емес. Ал бұл әдебиеттiң орны ерекше. Аңғарып қарасаңыз, аузымыздың суы құрып тамсана беретiн Кафканың атақты «Құбылуының» («Превращение») өзi де көне жапон ертегiлерi мен әфса­наларының жадағай көшi­р­месiндей болып көрiнiп қалатыны бар. Осындай құнарлы топырақта пай­да болған әдебиеттiң осал болма­сы да белгiлi. Оған бүгiнгi жапон әдебиетi куә.

Шағын әңгімелері арқылы ол сол кездегі жапон халқының мі­незін танытты. Енді салыс­ты­рай­ық. Ол неге әлемге әйгілі, ал сол Аку­тагавадан еш кем түспейтін Бей­імбет неге таныла қоймады? Аку­тагава қысқа жазды, Бейімбет те осы ағымда қалам тербеді. Мә­селен, Рюноскэның «Мұғалім Мори» әңгімесін оқи отырып, жапон оқушыларын бірден танисың. Мі­незін, қандай тәрбиеде екенін білесің, сол ұлттың мұғалімдерін танисың. Бейімбеттегі Шаншар Молда, Желдібайды көргендей боласың. 

С. Торайғыров бір мақала­сын­да: «Біз Жапониядан елу жыл­дай қалып қойдық. Егер біз ав­то­номиямызды елу жыл бұрын құ­рғанымызда, қазақтың жағдайы ту­ра Жапониямен теңесер еді», дейді. Міне, үндестік қайда жатыр! Бірақ кейін қалсақ та, әде­биетіміз бірдей қалыптасты. Яғ­ни модернизм. Ендеше Бейім­бет­ті неге шетел тілдеріне аудар­мас­­қа? Күллі әлемді аузына қа­ратып, ол неге Рюноскэның жа­нынан өзінің лайықты орнын алмасқа? Сонда күллі әлем Рю­нос­кэның әңгімесінен жапон ұлтын танығандай, оның шы­ғармаларынан қазақ халқын да таныр еді. Рас, «Абай жолы» қазақты та­нытты. Бірақ қазір том-том роман­дар оқуға ешкімнің уақыты жоқ. Көбіне қысқа әңгіме ғана қа­зіргі заманда өз оқырманын табады. Міне, Бейімбет әңгімелерін қазіргі заманға арнап жазып кетті, келешекте қазақ халқы есін жиғанда осы әңгімелер арқылы ұлтымды танысын деді. Қазақ жазушыларының шеберлігін көр­сін деді. Ұлы ұлттар қата­рын­да екенін әлем мойындасын деді. Ендеше жапонның Аку­та­гавасынан біздің Майлиннің қай жері кем? Керісінше, көп же­рі артық екендігі дәлелдеулі. Рюноскэ көп жерлерді анайы жазса, Бейімбет ондайға бой ұрмай, нағыз зиялылық танытады. «Мен ақынмын. Жазушымын. Сонымен бiрге қоғамның да мү­ше­сiмiн», дейді жапон жазушысы. Бейімбет те өзін әрі ақын, әрі жазушы, оның үстіне қазақ қо­ға­мының мүшесі ретінде санап, ұлт­тың дамуына зор үлес қосты. Мі­не, бір үндестік.

Үлкен жазушы Бейімбет бізге қазақ халқының өмірінің  шынайы мінезін, терең шындығын өнеге етіп кетті. Сұлулықты әшекей жылтырақтан аршып, қарапайым ұлы қалпында көрсетті. Оның шығармалары өмірдің өзі сияқты қызыл-жасыл боямадан, даурықпа дақ­пырттан аулақ, Оның тала­нт болмысы әсіреқызылға жат. Әде­биеттегі Майлин сияқты құ­бы­лыстар айқай-шусыз, асықпай терең зерттеуді, ойлана зерттеуді керек етеді. Майлин дәстүрі әзірге сыздықтап келіп, осы бір кезеңнен былай шыға лақылдайтын, бо­ла­ша­ғы мол дәстүр ме деп ойлаймыз.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТОВ

Ресей Федерациясы,
Уфа қаласы