Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Әтір иісі (новелла)

1151 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңбырдан кейінгі күзгі дымқыл топырақтың иісі ауаға тарап, үй іші сал­қын тарта бастапты. Денесі тоңа­зы­ға­нын сезіп, тітіркеніп кетті де, жеңіл жамылғымен қымтанып, ас үйге кірді, терезесі ашық қалған екен, сырттан кешкі көше шамының әлсіз жарығы жылтырап көзге шалынады. 

Әтір иісі (новелла)

Терезені жаба бергенде ішке серпілген ауамен ырғатылған торғын перде бетін шарпыды. Бір тәтті күй кешіп, салқын, таза ауаны сіміре ішке тартты. Осы сәт ұялы телефон қоңырауы шылдырлай жөнелді. Өкшесін көтере, аяқ ұшымен ғана жеңіл қадам алып жатын бөлмеге жүгірді. Төсек үстінде телефон тынымсыз безек­теп жатыр. Экранынан әлдебір ке­ліс­­ті жігіттің суреті көрінді. Ақтоты­ның жүзі бал-бұл жанып, езуіне күлкі үйірі­ле әдемі жігіттің жүзін бір сипап жі­беріп, телефонды құлағына тақады.

– Сәлем бердік, кербез қыз! Келіп қал­дық есігіңнің алдына, – деп әуендете сөйледі дауыс.

– Келіп қалсаң құтты болсын. Күт енді.

– Майысып, бет-аузыңды сызғылап отырып алмай тездет онда, онсыз да хор қызынан кем емессің.

– Екі көзің төрт болады әлі...

– Таң ағарып атқанша шыдауға бармын. 

– Жарайды, зырылдай берме, шығамын қазір.

«Өмірі көңілді өзі» деп жымиды қыз тұтқаны қойып жатып. Үнемі жарасымды киініп, жағымды әтір сеуіп жүреді, нағыз сері ғой, шіркін... Бұдан бұрын бір-екі жерде кездейсоқ кездесіп қалып, әзілдері жарасып кеткен. Тез тіл табысқандарына бұл да таң... Енді өзін қалай күтіп отырғанын елестетіп, өзінен өзі күлімдеп, тездетіп таранып, сыланды да, көлбіреген әдемі көк көйлектің сыртынан ұзын етекті, жеңіл күздік плащ киіп, сыртқа қарай беттеді.

Есік алдына шыққанда «Мерседес» автокөлігінің жанында бір шоқ роза ұстаған жігіт қарсы алды. Бетіне бетін тигізіп, әдеппен амандасты да, көліктің есігін ашып, құрмет ишарасын жасады. Бар қылығы тартымды, қандай жайлы жан деп қыз қуаныш сезінді.

Көліктің ішінен де жағымды әтір иісі аңқып тұр. Жігіт жымиып «кеттік» деді де, көлік кең көшені бойлап заулай жөнелді. Зымыраған көлік, әдемі жігіт, қонымды әзіл мен жағымды әтір иісі қыз көңілін масайратты. Жөнді ырғағы да жоқ, асығыс айтылған рэп те бұл жолы онша жағымсыз көрінген жоқ. Бірақ жігіттің үнемі рэп тыңдайтынын енді ғана байқаған. Осынша әдемі көңіл күй мен жарасым сыйлағаны үшін жігіттің талғамына да құрмет қылып, музыканы ауыстыруды талап еткен жоқ, даурығыңқырап кеткен дыбысты сәл бәсеңдетіп қойды.

Кешкі көшенің әрін келтіріп, маң­дай­шасындағы қызыл-жасыл шамдары жалтылдап, сазды вальс әуені ойнаған шағын дәмхананың алдына келіп тоқтады. Көк көйлекті жас сұлу сері жігітке еркелей, күлімдей қарап, білегінен ұстап ырғала басып дәмханаға енді. Іштен жылы ауамен бірге қуырған еттің, әртүрлі тамақтың иісі лап қойды. Екеуі қол ұстасқан күйі оңашалау үстелдің біріне барып отырды.

Жігіт алдымен өзі дәмді, қымбат бірнеше тағамды атап, қызға кезек берді. Қыз жігіт таңдаған тамақтың құнын көріп, өзі де сол шамадағы асқа тапсырыс берді. Жігіт жүзінен сабырлы жылылық есіп, көңілді әңгіме бастады. Жоқты-барды сөз қылып, арасында бірнеше мәрте вальс билеп қайтты. Жігіттен тараған француз әтірінің иісі қыздың санасын жаулап, онан арман құмар еткендей. Биі де ырғақты, келісімді. Мықынына жақындата ұс­таған қарулы қолдың ыстық табы де­несіне жайылып бара жатады. Үс­телге отырғанда жігіт кейбір әпенді дос­тарының қылықтарын айтып күлді, қыз да күлді. Ішінен өзінің құрбылары ара­сынан сондай мінездес қыздарды із­дестіре бастады. Өзі жақын араласатын бір қыз туралы енді әңгіме бастай бер­гені сол еді, жігіттің ұялы телефоны шыр ете қалды. Жігіт телефонға сәл қара­ды да, қызыл тетікті басып, үстелге қоя салды.

– Ол кім?

– Маңызды емес...

Қоңырау қайта шалынды. Жігіт бұл жолы да көтермеді. Қыз үнсіз отырып қалды. Көп өткен жоқ, қоңырау тағы шалынды.

– Көтере салсаңшы енді!

– Жоқ, ештеңесі жоқ.

– Кім ол сонша?

– Жай, біреу...

– Айтсаңшы...

Қыз қоймады.

– Жай, бір қыз, бұрын араласып едік. Енді бәрі біткенін түсіне алмай жүр әлі. Хабарласпа десем қоймайды...

Қыз үндемеді. Айтпақ болған әңгімесінің де кетеуі кеткендей болды. Енді ырғақты, жылдам билерге арналған даңғаза музыкалар ойнай бастапты. Ортадағы ашық алаңқайда бір топ қыз, жігіт жұлқына билеп жүр. Қатарлас үстелде үш жасамыс әйел арақ ішіп отыр. Өзге де улап-шулап, қызара бөрткен адамдардың қарасы көп секілді. Дәмхананың төбесіндегі әлгінде ғана қосылған айналмалы шам жарқ-жұрқ етіп, түрлі-түсті жарықтар шашады. Қыздың мазасы кете бастағандай болды.

– Сыртқа шығайықшы...

– Не боп қалды?

– Мазам кетіп, мынау даңғаза музыка ұнамай тұр.

– Онда тыныштау жерге барайық па?

– Алдымен мына жерден шығайық­шы...

– Жақсы, мен счётты төлей салайын, сыртта күте тұр.

Қыз таза ауаға шығып, терең тыныс алды. Мезгіл түн ортасына тақаған секілді. Көшедегі қозғалыс азайып, көліктер саябырсып қалған. Сонау биіктен дөңгеленіп ай көрінді, әрбір тұста бір өшіп, бір жанып жұлдыздар жымыңдайды. Күнде аспанға қарай бермейсің ғой, қандай әдемі еді. Көкірегін толтыра терең бір тыныс алып еді, жігіт әтірінің иісі сіңіп алыпты, салқын түнгі ауамен араласып ішке енді. Саф ауаның өз иісін иіскей алмағанына ренжігендей тыжырынды. Көп кешіктірмей жігіт те шықты.

– Кеттік!

– Қайда?

– Бір оңаша жер табайық...

– Мені үйге апарып тасташы.

– Неге?

– Неге деп сұрамашы, кеткім келіп тұр үйге.

– Жақсы. Кеттік онда сенің үйіңе...

Жігіт әлі де байыпты күйде көлікті қыздырып, қан көшемен ысқырта жө­нелді. Рэп қайта қосылды. Қыз бір­ден музыканы өшіріп тастады. Екеуі үн қат­пастан қыздың үйінің алдына келіп тоқ­тады. Қыз асыға көліктен түсті.

– Саған не боп қалды, Ақтоты?

– Ештеңе... тағы кездесеміз, сау бол!

Қыз жылдамдатып үйге қарай жүр­ді.

– Не болды, Ақтоты? Дұрыстап қоштасайық та... оу, Ақтоты!

Қыз тез-тез басып үйіне кіріп, сыр­тқы киімдерін шешті. Терезе жабық тұр­са да, сырттан газын өкірте басқан кө­лік гүрілі естілді. Ақтоты терезе жаны­на барып еді, асфальтқа үйкелген доңғ­алақтан ақ түтек бұрқырата қозға­лып, зымырай жөнелген сүлік қара «Мерседес» көлігін көрді. Әне-міне дегенше ғайып болып үлгерді.

Сосын ауыр бір тыныс алды да, төсегіне келіп жантайды. Жігіттің әтір иісі әлі де білініп тұрған секілді. Бі­легін, қолдарын, тіпті көйлегіне дейін иіс­­кеп көрді. Әтір иісі бәрінен шығып тұр. Осынша жағымсыз иіс болар ма екен, қандай мәнсіз! Басы айналғандай, тіп­ті жүрегі айни бастады.

Орнынан тұрып, барлық киімін ше­шіп, душқа кіріп кетті. Құлын мүсі­нін си­п­алап, ысқылап ұзақ жуынды. Бірде бі­лектерін иіскеп қояды. Хош иісті са­бындар мен әртүрлі гельдерді неше қай­тара жағып, шайынып, асықпай сүртінді.

Ұялы телефонына әлденеше қоңы­рау­лар түсіпті. Бірнеше смс хаттар ке­ліпті, бірін де оқыған жоқ. Әсем, ыр­ғақты джаз музыкаларын қосып, мамық төсекке құлай кетті. Өзі сүйіп тыңдайтын Луи Армстронг, Нэт Кинг Коул, Билли Холидей, Бенни Гудмен, Чарли Паркер, Оскар Питерсон – бірінен кейін бірі сырғи берді. Әсем әуен тербеген шағын бөлмеде ұзақ ойланып жатып, тәтті ұйқыға кетті.

Есбол НҰРАХМЕТ