Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев:  Партия алдында әлі талай шаруа бар ­

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев:  Партия алдында әлі талай шаруа бар ­

Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды

«Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 18 жыл болады. Бұл адам өмірінің өлшеміндегі алғашқы кәмелеттік жас болып саналатынын білесіздер. Осы уақыттың ішінде партиямыз шынығып, шыңдалып, еліміздегі ең үлкен саяси күшке айналғаны белгілі. Құрылған күннен бастап барлық елдік істердің басы-қасында болып келе жатыр», деді бүгін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халқымыздың береке-бірлігінің артуына, еліміздің саяи тұрақтылығының нығайып, экономикалық реформаларды табысты  іске асыруға да «Нұр Отан» партиясы белсенді атсалысып келе жатқанын баса айтты.

«Халықпен тікелей жұмыс істеп, кезек күттірмей шешілуге  тиісті мәселелерді үнемі назарда ұстап, нағыз  елдік партия атанды. Оған  өткен сайлаулардағы елдің зор сенімі айқын дәлел. Сол сайлауларға белсенді қатысқан біздің партия мүшелерінің істеген шаруасы, жергілікті ұйымдардың істеген шаруасы нәтижесінде  халықтың жүргізіп отырған саясатымызға сеніп, бірыңғай дауыс бергенін көріп отырмыз.  Партия болашақта да елмен етене болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастыра береді деп сенемін», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы партия алдында әлі де көп шаруалар бар екендігін атап өтті. «Қажетті бағдарламаның барлығы қабылданды, оны өздеріңіз де білесіздер.  Дегенмен қазіргі жағдайда, дүниедегі ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына  бүкіл әлем түсіп отырған кезде біздің алға қойған мақсаттарымыз аз емес. Сондықтан осының  барлығына партия басшы болып, жергілікті жерлерде  саясатты түсіндіруі қажет», деді Президент.

Қазақстан Президенті бүгінгі жағдайдағы әлемнің дамуы партия алдына да зор мақсаттар жүктейтіндігін баса айтты. «Сөз «Нұр Отан» партиясының өзін жаңғыртумен байланысты болып отыр. Өйткені, ел, экономика жаңғырып, соған сәйкес саяси күштер де соған сай болуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елдегі ахуалдың тұрақтануына, Қазақстанның дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына «Нұр Отан» партиясы зор үлес қосқанын атап өтті. Парламенттік сайлаулардан лайықты деңгейде өтіп, шын мәнінде Қазақстанның басты саяси күші құқығына ие болғанын еске салды. «Дегенмен, бізде тоқтауға болмайды. Өздеріңіз де білесіздер, биыл біз экономиканы, саясатты, біздің қоғамымыздың рухани саласын жаңғыртуға кірістік. Жаңғырту еш уақытта да оңай болмайды. Ол айтарлықтай қарсылықтарды туындатуы мүмкін. «Нұр Отан» партиясының рөлі ең алдымен жаңғырту бағдарын саяси қолдаудың тетіктерін құруда», - деді Президент.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан».