Аймақтар • 05 Қараша, 2017

Қостанайда ұстаз Ғазиз Әмірханұлының 90 жылдығы аталып өтті

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлағатты ұстаз, өлкетанушы, діни қайраткер Ғазиз Әмірханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Абыройы асқан асыл азамат» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Алматы мен Астанадан,  Атыраудан және  Қостанай облысының аудандары мен қалаларынан  білім беру саласының қызметкерлері,  ұстаздың белгілі шкірттері, жалпы жұртшылық өкілдері қатысты. 

Қостанайда ұстаз  Ғазиз Әмірханұлының 90 жылдығы аталып өтті

Конференцияны Қостанай облысы білім басқармасының басшысы Бәтима Даумова ашты. Мұнан кейін Су жөніндегі мемлекет аралық су комиссиясы ғылыми орталығының директоры, профессор, Оксфорд академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының бұрынғы Су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбайұлы «Алғашқы ұстаз» атты баяндама жасады. Нариман бастауыш білімді Ғазиз ағайынан алған болатын, «Ғазиз Әмірханұлының алдынан жүздеген шәкірттер білім алды. Оларға ұстазымыздың үлгісі көп еді. Ол тазалықты, қазақи әдет-ғұрыпты қатты сақтайтын, әсіресе, діни істерді қолдап отыратын. Кейінгі кезде өзі де қажылыққа барып келді, жас діни мамандар дайындап, Торғайда имандылықтық салтанат құруына көп еңбек сіңірді. Қазақстан бойынша алғашқы ашылған мешіттің бірі Торғай мешітіне Ғазекеңнің сіңірген еңбегі өте көп» деді Нариман Қыпшақбайұлы.

Мұнан кейін ұстаздың тағы бір шәкірті, экономика ғылымдарының докторы, академик, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Сайлау Байзақов сөз сөйледі. Академик ұстазының мектеп оқушыларын белсенділікке, білімге құштарлыққа, тазалыққа баулыған жұмыс істеу әдістемесіне тоқталды.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогика институтының профессоры Айсәуле Дүйсебекова, Торғайдағы музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева, Жанкелдин аудандық білім бөлімінің маманы Жанат Темірова Ғазиз Әмірханұлының ұстаздық және өлкетанушылық, ұйымдастырушылық істеріне тоқталды. Конференциядан кейін облыстық филармония әртістері Ғазиз Әмірханұлының 90 жылдық мерейлі тойына арнап концерт берді. Ұлағатты ұстазды еске алу шарасының соңында ас беріліп, марқұмның әруағына құран бағышталды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай