Қазақстан • 06 Қараша, 2017

Әже, ағылшыныңыз қалай?

618 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны» – деп дана халқымыз тілдің маңыздылығын әрқашан ерекше бағалаған. Қай ғасырда, қай кезеңде болсын бірнеше тілді меңгерген халық өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейте отырып, ел іргесінің тыныштығы мен бейбітшілігін басты назарда ұстаған.

Әже, ағылшыныңыз қалай?

Бүгінгі таңда, үшінші мыңжылдықтың есігін ашып, ХХІ ғасыр табалдырығын аттап кірген шағымызда өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін басқа тілдерді де меңгеру міндеті алдымызда тұр. 2007 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын қолға алуды ұсынған болатын. Еліміз үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсеке­ге қабілеттілікке ұмтылудағы бірін­ші қадамы деп айтсақ болады. Себебі бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақ­­стандықтар өз елінде де, шетел­­дерде де бәсекеге қабі­лет­ті тұлғаға айналады. Үш тіл­­ді қатар меңгеру әлемдегі ең да­мы­ған 30 елдің қатарына қо­­сы­луды жеделдете түсетіні сөзсіз.

Осыған орай Семей қала­сын­да тілдерді оқыту орта­лық­тары ашылып, мемлекет­тік тілді және басқа да тілдер­ді оқыту жұмыстары жүр­гізілуде. Соның ішінде қалалық орта­лықтандырылған кітапхана жүйесінде ағымдағы жылдың наурыз айында ағылшын тілін оқыту үйірмесі ашылған болатын. Бір ерекшелігі, аталмыш үйірмеге келушілер 58-80 жас аралығындағы зейнеткерлер. Ашылған күні 5 оқушысы болған үйірменің бүгінгі күні 15 үнемі келетін қатысушысы бар.

Кітапхана директоры Гүлниса Молжігітованың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын зейнеткерлерге компьютер сауаттылығын оқыту үйірмесі ашылып, оған зейнеткерлердің уақытында келу тәртібі, ізде­нім­паз­дықтары, қызығу­шы­лықтары кімді болсын  қайран қалдырады. Сондай-ақ ұжым­мен келісе келе және зейнеткер оқырмандардың ұсынысы бойынша ағылшын тілін оқыту үйірмесі де ашылды.

Үйірмеге қатысушы әйгілі теміржолшы Мойынбаевтар әулетінің өкілі, ұзақ жыл  Семей вокзалының басшысы болған қазіргі зейнеткер, Аналар кеңесінің төрайымы Нағима Абдуайтқызы: «Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сында мына жаһандану заманында ұлтымыз бәсекеге қабілетті болу үшін, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келі­сім» сияқты бағдарламаларды жү­зе­ге асыру қажеттігі айтыл­ған. Біздің ағылшын тілін оқып, үйренгеніміз мына өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі болсын, қай жаста болсын білім алуға кеш емес деген оймен оқып жүрген жайымыз бар. Сондай-ақ олар еліміздің игі­лігі үшін талаптансын, көптің ішінде біреуі емес, бірегейі болуына ұмтылсын», дейді.

Ал, қырық жыл ән-күй пәні­нен сабақ берген Рыскүл Құ­дысова «Қазіргі заманда қайда барсаң да, ағылшынша білу қажет. Қазір не көп, компания көп. Бәріне кіргің келеді, біз де қартайдық демей, табыс тапқымыз келеді. Бала, неме­ре, шөбере бар, соларға көмек­тескіміз келеді. Біз сияқ­ты олар да талаптанып, ниет­тенсін дейміз. Әрине, біз­дің жасымызға келгенде шет тілін үйрену қиын ғой, алайда талаптанып оқып жүрміз. Қазіргі таңда, өмірге ең қажетті осы интернет пен ағылшын тілі болып тұр», дейді.

Тілге тиек етсек, дәрістер тегін жүргізіледі, аптасына екі рет өткізіледі. Оқыту курсы аяқталған соң түлектерге арнайы куәлік салтанатты түрде табысталады. Қазіргі заманда үш тілді білу әркімнің дербес табыс­тылығының міндетті шарты болып отыр. Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасының нысаналық индикаторларына көз жүгіртсек, 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны 95%-ға жетіп, ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20%-ды құрауы тиіс.

Ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына зейнеткер әжелеріміз осылайша өз үлесін қосып, білім өрістерін кеңейтуде.

 

 

 

Анар ҚУАНҒАЛИЕВА,

Семей қаласының мәдениет және

тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Соңғы жаңалықтар