Әлем • 06 Қараша, 2017

Бельгия соты Карлес Пучдемонды қамауға алып, қайта босатты

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бельгия соты Каталонияның бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон мен оның өзге төрт әріптесін қамаудан босатты. Бұл туралы bbc.com хабарлады.

Бельгия соты Карлес Пучдемонды қамауға алып, қайта босатты

Шешім бойынша олардың бәрі мемлекеттен шығуына тыйым салынған, сондай-ақ, мекен-жайы туралы хабардар етуі тиіс. Испания соты оларды тұтқынға алу туралы ордер берген болатын. Өз кезегінде Каталонияның бұрынғы үкімет мүшелері жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша 10:00-де Бельгия федералдық полициясына қорғаушыларымен бірге өз еріктерімен келді. Тыңдалым он сағатқа созылды.

Мадрид Каталонияға конституцияның 155-бабын қолданып тікелей билік жүргізу туралы шешім қабылдаған. Осыдан кейін Пучдемон мен өзге төрт министр Бельгияға бас сауғалап барды. Брюссельде өткізген баспасөз жиынында ол әділ сот жүйесіне кепілдік бермейінше Испанияға оралмайтынын мәлімдеді.

Испанияда оларға бүлік жасады, заңсыз қадамдарға барды және мемлекет қаражатын орынсыз жұмсады деген айып тағылды. Дәлелденген жағдайда 30 жылға бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Каталонияның экс-мүшелері 15 күн ішінде сот алдына барады деп күтіліп отыр. Ал Бельгия 60 күн ішінде күдіктілерді Испанияға қайтаруы тиіс.

«Іздеуде жүргендер Брюссель прокуратурасына берген уақытша босату туралы өтініші қанағаттандырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Каталонияның еуропалық демократиялық партиясы (PDeCAT) осы тұста мынадай мәлімдеме жасады: «Олардың бұл әрекеті қылмыстық қудалаудан қашпайтынын, қайта әділ процесс барысында өздерін қорғағысы келетіндігінің белгісі. Бұл Испанияға қарағанда Бельгияда өтуі әбден мүмкін».

1 қазан күні өткен референдум негізінде Каталония тәуелсіздігін жариялаған болатын. Алайда оны Мадрид тарапы мойындамады.

Бұдан бөлек, тәуелсіздік алу референдумын ешбір мемлекет мойындамады. Ал Испания Каталонияның біржақты шешімінен кейін конституцияның 155-бабын жүзеге асырды. Осы заңның негізінде тікелей билік жүргізіп, өңір билігін таратып жіберді. Пучдемон қызметінен босатылды. Ал жаңа сайлау 21 желтоқсанға жоспарланып отыр.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»