Әлем • 06 Қараша, 2017

Сауд Арабиясының 11 ханзадасы сыбайлас жемқорлық бойынша қамауға алынды

896 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы басқаратын  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет 11 шенеунікті қамауға алды. 

Сауд Арабиясының 11 ханзадасы сыбайлас жемқорлық бойынша қамауға алынды

Қамауға алынғандар қатарында Сауд Арабиясының миллиардері Альвалед бен Талал да бар. Ол 10 млрд доллар тұратын Kingdom Holding инвестициялық компаниясының иесі, әлемдегі ең бай адамдардың бірі. Аталған компания Twitter, Citigroup, Lyft, Four Seasons Hotels және Apple секілді компанияларға инвестиция құяды. CNN-нің хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа айыпталғаннан кейін компания құны бірден 750 млн долларға төмендеп кеткен. 

Сауд Арабиясының ресми агенттігі Аль-Арабияның хабарлауынша, жаңадан құрылған комитет сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген кез келген адамды қамауға алып, тергеп, шетелге шығуға тыйым сала алады. Ал байланыс министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетті Корольдіктің дамуына кедергі келтіретін проблемаларды шешуге арналған реформа бағдарламаларының бірі ретінде атады. БАҚ мәліметтеріне сенсек, Ritz Carlton Riyadh бес жұлдызды қонақ үйінде 11 ханзададан басқа тағы 38 шенеунік пен кәсіпкерден жауап алынып жатыр.  

Мохаммед ибн Салман биліктің жаңғыруын қолға алды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетті ашқан мұрагер ханзада Мохаммед ибн Салман 2015 жылы қорғаныс саласында басшылық қызметте болса, осы жылдың басында ішкі қауіпсіздік министрлігін басқаратын болды. Ол Сауд Арабиясының экономикасының мұнайға тәуелділігін азайту бойынша даму жоспарын енгізген еді. 

Қазан айында Мохаммед ибн Салман Эр-Ряядта өткен экономикалық конферецнияда корольдіктің барлық дінге сыйластықпен қарап, экстремизм қалдығынан құтылу керектігін айтқан болатын. "Біз барлық дінге, дәстүрге, әлемнің барлық адамдарына сыйластықпен қарайтын бұрынғы қалпымызға келу керекпіз. Өміріміздің келесі 30 жылын деструктивті идеяларға жұмсамауымыз керек", деген болатын ол. Ханзада қыркүйекте әйелдерге көлік жүргізуге, спорттық жарыстарды стадионнан тамашалауға рұқсат берген еді. 

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, ханзаданың жаңа бастамалары мен реформаларына қарсы шығушылар да, қолдаушылар да бар. Ал сенбі күні 11 ханзада қамауға алынғаннан кейін кейбірі мұны "тазалау жұмыстары" десе, кейбірі биліктің ойыны деп бағалады. 

Елде билік үшін күрес жүріп жатыр - New York Times

New York Times Сауд Арабиясы ханзадасының бастамалары туралы көлемді мақала жариялады. Онда "Мемлекеттің мұнайға тәуелділігін азайту идеясы да, жаңа даму жоспары да кейбіреулерді қуантса, басқалары тәжірибесі аз әрі өзі жас ханзаданың шала әрекеті деп бағалады. Сонымен қатар жас ханзада бір отбасынан шыққан, өзінен үлкен ағайындылардың да алдын орап кетті", деп жазды басылым.

New York Times корольдік отбасында билік үшін күрестің біршама уақыт бұрын басталып кеткенін айтты. Мақалада айтылғандай, қамауға алынған ханзадалар билік үшін күрес жүргізе бастаған. Ал жас ханзада Мохаммед ибн Салманның әрекеті консервативті топтардың ашуын туғызып, жағдайды ұшықтыруы мүмкін. 

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"