Әлем • 06 Қараша, 2017

Атырауда 29 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында биыл құрылыс саласына 25 млрд теңге бөлінді. Қазір тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызды нысандар салынып жатыр.

Атырауда 29 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

«Жоспарланған 37 көпқатарлы тұрғын үйдің 29 құрылысы аяқталды. Қалғандары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.

Келер жылға жүктеліп отырған міндет те аз емес. Қаладағы «Нұрсая», «Береке» ықшамаудандары тағы да 43 тұрғын үймен толығады. Облыс орталығы маңында орналасқан Талғайраң, Ақжар ауылдарында жаңа ықшам аудандар бой көтереді. Қазір осыған байланысты 361,78 га жер телімі игеріліп жатыр.

Облыстың бас құрылысшысы атыраулықтардың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сұранысы жоғары екенін айтады. Бүгінге дейін 68 отбасы ипотекалық қарыздарды субсидиялайтын жаңа бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізген.

«Жыл соңына дейін тағы да жеті отбасы жаңа пәтер кілтін алады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2016 жылдан бері  коммерциялық банктердегі ипотекалық қарызды субсидиялау науқаны басталған еді. Субсидияланатын қарыз  төлемі 10 пайыз, қалған бөлігін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» төлейді. Бағдарламаның тиімді шарттары тұрғындардың көңілдерінен шығуда,» дейді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» Атырау аймақтық бөлімшесінің директоры Əлімжан Дабысов.

Аймақта, сондай-ақ. əлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға несиелік жəне жалға берілетін мың жарым пəтер салу жоспарланған. Мұнайлы аймақтағы құрылыстың қарқыны жоғары екенін құрылысы жүріп жатқан 10 мектеп, 13 балабақша, үш денсаулық сақтау нысаны, 11 мәдениет үйі, төрт спорт кешенінен де байқауға болады. Аудандарда 10 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады.  Сонымен қатар, «Атырау облысы Жайық өзенінің суын молайту және гидрологиялық режимін жақсарту» жобасы бойынша жұмыстар аяқталуда. Жайық және Қиғаш өзендерін суландыру бойынша жоба – сметалық құжаттама жасақталып, жергілікті бюджеттен жұмыстарды бастауға қаржы бөлінді. Ал облыс орталығындағы құрылысы тоқтап қалған концерт залын аквапаркке айналдыру жайлы инвесторлардан ұсыныс түскен. Жүзеге асып кетсе, қабырғалары ғана қаланып, қаңырап тұрған ғимараттың сәні кірер еді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ.