Білім • 07 Қараша, 2017

Білім кемесіндегі бүгінгі беталыс

642 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Отандық білім беру мен тәрбиеге қатысты еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» соңғы бір жыл ішінде бар мен жоғымызды түгендеген көптеген мақала жариялап келеді. Әсіресе «Білім» және «Тәлім» беттерінде жарық көрген алуан түрлі ой толғамдар ұстаздар қауымының көңілінен шығып отыр. Қыркүйек айының соңына қарай «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» деген тақырыпта Парламент Сенатында тыңдау өткені мәлім. Сол бойынша жазылған журналист Сүлеймен Мәметтің талдау мақаласы (28 қыркүйек, 2017 ж), онда айтылған көптеген мәселелер бізді де бейжай қалдырмады. Енді соған қатысты өз пікірлерімді ортаға салсам деймін.

Білім кемесіндегі бүгінгі беталыс

Суретті түсірген: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Білім – үнемі қозғалыста, өзгеріп тұ­ратын үдеріс. Осы үдеріс қазір еліміздің орта білім беру саласында қызу жүріп жатыр. Бұл қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Қазіргі оқытудың талабы бойынша оқушы мен мұғалім жаңа әрекеттер мен қарым-қатынас нормаларын меңгеруге тәуелді. Мұнда басты мә­селе білім емес, оны меңгеруге деген қабілеттілік, есте сақтау емес, ойлау дағдысының дамуы маңызды. Осы кездегі тұлғаның бойында болатын бас­ты қасиет оқу үрдісіне белсенді қатысу, өзін-өзі оқыту, өзін де, өзгені де бағалай білуі, қысқасын айтқанда, оқушы өзінің даму траеокториясын бағамдауымен, алға ұмтылумен ерекшеленеді. Орта білім беру мазмұнының жаңаруы аясындағы сабақ үдерісіндегі топтық, жұптық, жеке жұмыстар осы үшін ұйымдастырылады.

Алматы қаласы Алмалы ауданы­ Шона Смаханұлы атындағы №62 гим­на­зиясына біраз жылдардан бері же­текшілік етіп келемін. Гимназия әкім­шілігі де, ұстаздар да орта білім беру мазмұнының жаңаруы аясында біліктілік курстардан өтті. Заман көшінен қалмауға тырысудамыз. 2016-2017 оқу жылында жаңартылған бағ­дарламамен 1-сынып оқытылса, биылғы оқу жылында 1, 2, 5, 7-сыныптар көшті. Осыған орай білімге салынатын инвестиция мен адами ресурстарға мән берілуде. Адами ресурстар деп отырғанымыз – кадрлардың білім реформасына сай сапалы дайындығы. Оқыту мен оқудағы тәсілдер, бағалау жүйесі жаңа арнаға ауысты. Осыны іске асыруда мамандарға жаңаша тә­сіл­дер­мен қарулануға, білім беру­ үде­рісін тың бағытпен іске асыру­ға тура келді. Педагог мамандар­ қайта даярлау жүйесіне ерекше жауап­кершілікпен қарай бастады. Орта бі­лім беру мазмұнын жаңарту аясында курс тыңдаушылары ең алдымен бел­сенді оқыту мен оқу, критерийлі ба­ғалау, оқытудағы саралау, рефлексия бо­йынша теориялық мәліметтерді тре­нерлердің қолдауымен, ресурстар кө­мегімен өз бетінше алады. Содан кейін белгілі бір оқу мақсатын бір са­бақ көлемінде тәжірибе жүзінде дә­лелдеп сынақтан өтті. Мұның өзі адами капиталды дамытудың сапалы бас­тамасы деп білеміз. Дейтұрғанмен де, дәстүрлі жүйемен дағдыланған маманға бірден бұл жүйеге түсе қою оңай емес екені байқалуда. Назарбаев зияткерлік мек­тебі мұғалімдерінің құрастырған үлгі жұмыстары, арнайы дайындаған тапсырмалары тығырықтан шығуға, жүйеге біртіндеп түсуге өз көмегін тигізуде. Алайда мектептердегі материал­дық ба­­заның, ресурстардың жеткіліксіздігі, сыныптағы оқушылар санының көптігі кедергілер мен қиындықтар туындатып отырғанын бүкпесіз айтқанымыз жөн. Барды айта отырып, кемімізді толықтыруды ойластырудың артығы жоқ деп білемін. Тұлғаның дамуын көздеген оқуды сапалы іске асырудың ең тиімді жолы ретінде апталық жүк­темені 14 сағатқа дейін азайту мен мұғалімдердің жаңа жүйе бойынша кәсіби дамуына, сабақ өткізуіне үнемі қолдау көрсетуді ұсынамын. Өйткені оқуды тиімді ұйымдастырмайынша жұмыс жүйелі жүрмейді.

Реформа туралы сөз қозғағанда, жа­ңа жүйенің мәні туралы айта кеткенді жөн көрдім. Себебі жаңа мазмұндағы бағ­дарлама тұлғаның дамуына жұмыс істейді. Бағалау сынақтары тапсырмаларымен арнайы педагогикалық өлшем орталығы айналысады. Ең ұтым­ды жері де осы. Өйткені кез келген мұға­лімнің сапалы сынақ тапсырмасын жа­сауға құзыреті мен біліктілігі жете бермейтіні ақиқат. Ол үшін мұғалім сапалы дайындықтан өтуі керек. Есеп үшін өтті деген ақпарат мұғалімге де, оқушыға да пайда бермейді.

Иә, оқулық мәселесі оңтайлы ше­шімін таппайынша, оқыту ісіндегі жүйелілік, бірізділік қағидаттары орындалмайтыны белгілі. Ол – оқушының басты құралы. Сонымен қатар оқушы сол құрал арқылы қалыптасады. Тіпті мұғалім де оны өмірлік серік етеді. Қазір 5,7-сынып оқулықтары қолданысқа енді. Жеткілікті қамтамасыз етілді. Алайда қазіргі жүйеде ол тек ресурс көзі ғана деген түсініктер пайда болды. Яғни мұғалім оқу мақсатын орындау үшін басқа да материалдар пайдалану құқығына ие. Пайдаланғанына бір айдай уақыт өтпей жатып, оқулықтар маз­мұнының оқу мақсатына сәйкес келмей жатқанын айтып, ұстаздар қауымы шарқ ұрады. Оқушы оны не үшін көтеріп жүр? «Апробациядан өткізіп барып қолданысқа енгізгені дұрыс еді ғой», «Бағдарламада көрсетілген дағдыларға сәйкес, оқушылар таласып орындайтын тапсырмалар болуы керек» деген ойлар көкейге келгені де рас. «Біткен іске сыншы көп» демекші, директор жанындағы кеңесте бұл мәселе қаралып, мұғалімдерге оқулықтар бойынша оқу мақсатына сәйкес тереңірек үңілу мен жоқтың орнын толтыру жайы ескертілді. Дегенмен мұндайда қазақы қалыпқа салып «Көш жүре түзеледіге» бой алдыратынымыз және бар. Бұл кө­ңіл жұбату үшін айтылған сөз. Қалай десек те өскін ұрпақты жан-жақты ой­лас­тырылған оқулықпен қамтамасыз ету шешілмесе, білім сапасы қалай кө­те­ріледі? Төл оқулықтарымыздың жарық көргеніне 20 жыл болды емес пе. Бас басылымдағы сараптамалық мақалада мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы айтыла келіп: «Егер қалалық жерде жас мамандар өзіне-өзі келіп алғанша тұра тұратын жатақхана салынса, ауылда да сондай бір шара іске асса...», деген жанды пікір талқыға салыныпты. Шынында, бұл ауадай қажет нәрсе. Кешегі келмеске кеткен кеңес заманында ондай үрдіс болған. Мыңдаған жас сондай шағын бөлмелерден отбасылы болып шығып жататын. Сол жатақханалар қазір де біраз халықтың қажетін өтеп отырғаны рас.

Тағы бір айта кететін мәселе, ата-аналар университеті жұмысын жандандыруды қолға алғанымыз дұрыс. Жалпы, жаңа жүйеде ата-аналар баға­лау үдерісінен хабардар болып отырады. Жиынтық бағалау кезінде әр ата-анаға баланың тапсырма орындау дең­гейі жазылған рубрика таратылады. Бұл – құптарлық жайт. Баласына мән беріп, жаны ашыған ата-ана оқыту үдерісіне көңіл бөледі. Үйге тапсырма бермеу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Оқушы мектепте жазып, оқып үлгере алмағанын үйде орындаса еш артығы жоқ секілді. Бұл баланың отбасында бос отырмауына, басқа іспен айналыс­пауына септігін тигізері сөзсіз.

Әлемнің озық елдерінің тәжірибесін алатын болсақ, мысалы, Жапонияда баласы ауырып қалса, ата-ана орнына барып оқып, үйіне келіп баласына тапсырманы орындатады. Әйелдер тек балаларын оқытумен айналысады. Сабақтан қалдырмауға тырысады. Мемлекет болып білімге идеология ретінде қараған елдердің ұтары көп болғаны тарихтан белгілі.

Көп тілді, көп мәдениетті тұлға қа­лып­тастыруды жүзеге асырудың жолы – үш тұғырлы тіл саясаты. Осыдан ұта­тын да, ұтылатын да жағымыз бар. Ағылшын тілін ерте жастан бас­тау жас бүлдіршіннің ана тілімен еркін сусындауына едәуір кедергі келтіреді. Мұны ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлы айтып кеткен. Бала ес тоқтатқанша өз тілінде бі­лім алуы қа­жеттігін тайға таңба басқандай баян­даған болатын. Әріп тануды жаңа бастаған оқушы бастапқыда екі тілдегі таңбаларды шатастыруы тәжірибеде дәлелденді. Әрине «Бір тіл білген – бір адам, көп тіл білген – көп адам» деген ой­дың маңыздылығын ешкім де жоққа шы­ғара алмайды.

Қашанда «мектептің жаны – мұға­лім» дейміз. Бұл − Ыбырай Ал­тын­сариннен қалған өсиет. Сол мұға­лімдердің тұрмысы, жалақысы туралы жоға­рыдағы мақалада нақты деректер келтірілген. Бұл ащы да болса, шын­дық. Барлық қиындықты қара нардай қас­қайып көтеріп жүрген мамандарымыз қашан өзіне лайық «шекпенін» киері белгісіз. Бірақ болашақтан үміт­тері зор.

Бүгінгі мектептің тынысы заманауи өзгерістерге толы. Санамыз толығымен сапаға ауған шақта ғана нәтижелі ме­желерді бағындыра аламыз. Сол жолда мектеп қызметкерлерінің бойындағы білім мен біліктілік, шыдамдылық пен адамгершілік қараңғыда адастырмайтын темірқазығына айналса дейміз.

Атығай БИЖАНОВ,
Алматы қаласындағы Шона Смаханұлы атындағы № 62 гимназия директоры, Білім беру ісінің үздігі