Тарих • 07 Қараша, 2017

Социалистік жүйені әкелген Қазан төңкерісіне жүз жыл толды

1078 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін күллі адамзат тарихында із қалдырған, әлемде бұрын-соңды болмаған жаңа қоғамдық құрылым, тың формация коммунистік идеология арқылы басқаруға негізделіп, социалистік жүйені өмірге әкелген Қазан төңкерісіне жүз жыл толып отыр. 

Социалистік жүйені әкелген Қазан төңкерісіне жүз жыл толды

Осы бір 100 жылдық тарихтың толқынында шайқалған қазақ Қазан төңкерісіне дейін қандай күйде еді? Бұл сұраққа басы ашық жауап: Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы ресейлік отарлау саясатының бұғауында болатын. 1917-нің қызыл қуып, ақ қашқан бұлғақ жылдары ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «қазақ үшін шам қылған жүрек майын» Алаш арыстары тәуелсіздік аңсары үшін жан аямай күресті. Бірақ М.Шоқай жазғандай, «қазақтың мүддесіне келгенде ақ орыс пен қызыл орыс бірігіп кетіп, бұрынғы отаршылық істі жалғастыра берді».

Осы орайда, мынадай сұрақ туындайды: «Қазан төңкерісі қазаққа қандай пайда әкелді?». Бұл мәселе бойынша біршама уақыт зерттеу жүргізген адам ретінде аңғарғанымыз – патшалық Ресей кезінде қазақ халқы үшін жоспарлы түрде жүргізілген отарлау саясатының кейбір тұстарын тежегенін байқадық.

Соның бірі – қазақты жаппай шоқындыру саясаты. Бұл іс патша ағзам заманында жос­парланып, тіпті әскери күш-құрылымдарын пайдалану көзделген-тін. Атап айтқанда, 1868 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясаты қолға алынды. Бұл істі 1892, 1898, 1902, 1916 жылдары кезең-кезеңімен іске асыратын бағдарлама қабылданды. Аталмыш құжатта: «Бұратаналарға бұдан кейін өмір сүретін жол қалмауы керек. Жер бөлісі барысында олардың біразы көрге кіреді, екінші тобы христиан дінін қабылдап, орысқа айналады, көнбегендері тұқымы қалмай құриды...», деп атап көрсеткен.

Сөйтіп патшаның тікелей жарлы­ғымен Түркістан өлкесіндегі мұсылмандарды шоқындыруға арналған архиерей кафедрасы құрылып, оның орталығы Верный (Алматы) қаласына орын теуіп, ондағы кафедралық соборда қазақтарды салтанатты түрде шо­қындыру рәсімі өткізілетін болып жоспарланды. Шоқынудан бас тартқандарды жазалайтын «крест жорығының» әскери-жазалау шаралары да күні бұрын қарастырылып, қаражаты бөлініп, жасақтар дайындалып қойды. Алайда Алланың қалауымен 1905 жылғы орыс-жапон соғысы, 1914 жылғы I дүниежүзілік соғыс, 1917 жылы жеңіске жеткен Қазан төңкерісі бұл жоспарды жүзеге асыртпай тастады.

Бұдан басқа қазақ тарихы үшін тағы бір айтуға тұрарлық мәселе: қазіргі Қазақстан аумағының негізі Қазан төңкерісі нәтижесінде құрылды. Айталық, патшалық Ресей кезінде жүргізілген 1867-1868 жылғы реформаларға сәйкес бүгінгі Қазақстан территориясы үш генерал-губернаторлыққа (Түркістан, Орынбор, Батыс Сібір) бөлініп кеткен болатын.

Одан кейін 1886 жылы маусымда «Түркістан өлкесін басқару туралы» ереже, 1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару жайлы» ереже қабылданды. Нәтижесінде, қазақ даласы Түркістан генерал-губернаторлығы мен Дала генерал-губернаторлығына қақ бөлініп қалды.

Қазан төңкерісінен кейін жаңадан пайда болған Кеңес өкіметі өз құрамындағы одақтас республикалардың аумағын бекітуді қолға алды. Осы тұста патшалық Ресей бұғауында болған халықтар арасында жерге талас туындады. Бұл кезде бұрынғы империялық Ресей құрамында өмір сүріп келген қазақтардың қоныстану, яғни, орналасу территориясы 2960 мың шаршы шақырымға жетіп, құрамында 6 губерния, Адай уезі, Қарақалпақ облысы сыйып жатты. Яғни, қазіргі территориядан (2 724 мың шаршы шақырым) 236 мың шаршы шақырым көп болған. Бұл РКФСР бо­йынша аумағы жөнінен Якутиядан кейінгі екінші орын еді (1928 жылғы КСРО атласы құжаттамасынан).

Жоғарыдағы ұлан-байтақ жерді қазақтарға беруге басқалар қарсылық білдірді. 1920 жылғы 9-10 тамызда Лениннің төрағалық етуі­мен Бүкілресейлік Орталық Атқару Коми­тетінің Төралқасы жанынан Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің шекарасын нақтылау туралы мәселе талқыланды. Жиынға Қазақ АКСР атынан: С.Пестковский, Ә.Жангелдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровский, Қазақстанның облыс орталықтарынан: С.П.Милютин, Д.Темірәлиев, Ә.Ермеков, Оразаев, РКФСР Ұлт істері Халық Комис­сариатының төрағасының көмекшісі, Түр­комис­сияның Орталық Комитеті мү­шелері Г.Сафаров, Т.Рысқұлов, БОАК мен РКФСР ХКК төрағалары, Жер Халық Комиссариатынан, Сібіревком, Омбы, Астрахань, Челябі облыстық атқару коми­тетінің басшылары және басқа да жауапты адамдар қатысты.

Жиынды басқарушы Ленин: «Жер қай халық көп болса, соған берілсін!», деген уәж­ді ұстанады. Сөйтіп Бүкілресейлік ОАК-тің 1920 жылы 22 қыркүйектегі декретімен жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-іне қосымша Орынбор губерниясы мен Орынбор қаласы беріліп, онда 4-12 қазан аралығында Қазақстан Кеңестерінің бірінші құрылтай съезі өтті. Орынбор қаласы (1920 -1925) – Қазақстанның алғашқы астанасы болды. Қазақ азаматтары мен Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін басқаруға тағайындалған өкілдердің табандылық танытуының арқасында, бұларды Ленин қолдау нәтижесінде қазіргі Қазақстан жері сақталып қалды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»