Қазақстан • 07 Қараша, 2017

Көше аттарын өзгерту «Рухани жаңғыру» ма?

597 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады...

Көше аттарын  өзгерту  «Рухани жаңғыру» ма?

Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсеткен болатын.

Елбасы айтқандай, патриотизмнің ең жақсы үлгісі әрбір ауылда есімдері ел есінде сақталған, жүрегінің түбінен орын алатын біртуар перзенттері бар. Біздің айтқалы отырған кейіп­керлеріміз де сол қатардан. Олар – Алғабас ауылының ардагер ұстаз­дары, ұстаздардың «ұстазы» бол­ған Байғабыл Смаилов пен Жалғас Сидағалиев еді. Бұл ұстаздардың ауылымыздың оқу-тәрбие ісін өркендету барысында­ғы қажымас еңбектері еленіп, өздері тұр­ған көшелеріне ауыл тұрғындары­ның ыс­тық ықыласымен есімдері беріл­ген бо­латын. Алғабас орта мектебінің (Ки­ров орта мектебі) директоры бол­ған Бай­ғабыл Смаиловтың есімі, өзінің көзі тірі­сінде 70-жылдардың аяғында ауда­ны­мыздың әйгілі мұражайы­нан орын теп­кен еді. Ал 42 жыл бас­тауыш сынып мұ­ғалімі болған Жалғас Сида­ғалиев­тен ауыл ақсақалдарынан бас­тап, немере­ле­рі­не дейін ауыл тұрғынының 85%-ы білім алды десек, артық айтқандық емес.

Ақжайық ауданы Алғабас ауылының әкімі Темірболат Қайратұлының қол­дауы­мен ауылда «Рухани жаңғыру» бел­гісіз себептермен осы аталған ардагер ұстаздар атындағы көшенің атын өзгертуден бас­талды. Бұл әрекет ауыл тұрғындарына ғана емес, еліміздің түк­пір-түкпірінде қызмет еткен немесе зейнеткерлікке шыққан талай жанға өзіне ой салды. Бір­не­ше ұрпақтың санасына сәуле сепкен ұстаздар аруағының әлдекімдердің алдында не жазығы болғаны бізге түсініксіз. Ауылда олардан басқа да еңбегі мен ерлігі еленген тұлғалардың  көшеге есімдері берілгенін атап кеткіміз келді. Сол ауыл перзенттерінің ішінде етігімен қан кешкен кешегі сұрапыл соғыстағы Кеңес Одағының Батыры Есен Шегрейұлы Орақбаев та бар. Оның да есіміне күмән тудырып, ауданымыздың қайбір шенеуніктері мен ауыл әкім-қараларының Орақбаев есімін біржола жоюға атсалысқаны да көңілімізге қаяу түсіріп, қабырғамызға батты. Бұл ру­хани жаңғыру ма, әлде рухани азғын­далу ма? Ара-жігін облыс басшылары ай­қындап береді деген үміттеміз. «Рухани жаңғыруды» сылтау етіп, көше аттарын өзгертуге бола ма?

Қайсар ЖАЛҒАСҰЛЫ,
Алғабас орта мектебі физика және информатика пәнінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы