Үкімет • 07 Қараша, 2017

Тегін ТжКБ бағдарламасы аясында Қазақстанда мобильді оқу орталықтары құрылды

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы барысында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов шалғай елді мекендердегі тұлғаларды оқыту үшін мобильді оқу орталықтарын пайдалануға беру бойынша пилоттық жоба туралы айтып берді

Тегін ТжКБ бағдарламасы аясында Қазақстанда мобильді оқу орталықтары құрылды

Аталған мобильді оқу орталықтары 2017 жылы бастау алған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру аясында құрылды.

А. Аймағамбетов айтып өткендей, пилоттық режимде тоғыз осындай орталық еліміздің бес ауданына бағытталды. Бүгінде Ақтөбе, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында алты оқу орталығы пайдалануға берілді. Ақмола мен Маңғыстау облыстарында мобильді оқу орталықтарын сатып алу жүргізіліп жатыр.

А. Аймағамбетовтың айтуынша, мамандары бар жабдықталған көліктер мен автобустар жер-жерлерге барып, адамдарға нақты мамандықтарды, негізінен техникалық мамандықтарды оқытады. Курстар жергілікті колледждердің және жұмыспен қамту орталықтарының жанынан ұйымдастырылады.

«Бір мобильді орталықта оқыту бірден бес біліктілік бойынша жүргізіледі. Әзірге аталған жұмыс пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Соның нәтижесіне сүйене отырып, келесі жылы жұмыс еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасады», — деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі.